Астана әуежайына алдыңғы дөңгелексіз ұшақ қондырған ұшқыштың ерлігі көркем суретке арқау болды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Семейдегі әскери оркестрлердің бірінде кларнетист болып қызмет ететін Мұхтар Сапаров бос уақытын қылқаламмен өткізеді. Мұхтар салатын көркемсуреттеріне қоғамда болып жататын елеулі оқиғалар мен өзекті тақырыптарды негіз етеді. Бұған дейін ол бағаның қымбаттауы, жылу жүйесіндегі олқылықтар сынды мәселелерге қалам тербеген екен.
Кейде Мұхтар ақпарат құралдарынан оқыған жаңалықтарын да көркем сурет етіп, қағазға түсіріп жатады. Кеше Астана әуежайына апатты жағдайда қонған ұшақ та әуесқой суретшіні бейжай қалдырмаған. Мұхтар дөңгелегінде ақауы бар ұшақты әуежайға дін аман қондырған ұшқыштардың шебер әрекетін ерлікке бағалаған. Сөйтіп, алдыңғы дөңгелексіз әуежайға қонған ұшақ суретін түрлі-түсті қарындаш, фломастер және қалам көмегімен көркем суретке айналдырған.