ЕЛБАСЫ ХАЛЫҚТЫ ЖИНАҚТАРЫН ТЕҢГЕМЕН САҚТАУҒА ШАҚЫРДЫ

/uploads/thumbnail/20170708231433599_small.jpg

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевті қабылдады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Д.Ақышев Мемлекет басшысына Ұлттық банктің қазіргі қызметі, сондай-ақ елдің қаржы нарығындағы ахуал туралы баяндады.

Қазақстан Президенті қаражатты қазіргі уақытта ұлттық валютамен сақтау халық үшін тиімді екенін айтты.

– Теңге бойынша пайыздық мөлшерлеме жоғары, ал шетел валютасындағы салымдарда ол әлдеқайда төмен. Еліміздегі барлық сатып алу, сату операциялары және еңбекақы төлемдері ұлттық валютамен жүзеге асырылады. Негізгі тауарлардың бағасы тұрақты. Сондықтан қаражатты теңгемен сақтау барлық жағынан тиімді. Халықтың ұлттық валютаға көбірек ден қойғаны маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Д.Ақышев наурыз айында валюта нарығындағы ахуал тұрақталғанын атап өтті.

– Мұнай бағасы, сауда серіктестеріміз болып саналатын елдердегі валюта бағамы сияқты пәрменді сыртқы ықпалдар тұрақталды. Осындай жағдайда биылғы ақпан айынан бері теңге нығая бастады, бұл үдеріс осы айда жалғасты. Біз ұлттық валюта бағамындағы ауытқу айтарлықтай төмендегенін және оның 1,6%-ға нығайғанын байқап отырмыз, – дейді Ұлттық банк төрағасы.

Сонымен қатар Д.Ақышев салымдарды долларсыздандыру үрдісі басталғанын айтты.

– Ел тұрғындары мен кәсіпорындар ұлттық валютадағы салымдарын біртіндеп көбейте бастады. Осы айда бұл үрдіс күрт жеделдеді, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. 

Мұнай бағасының аздап болса да өсуіне байланысты еліміздің қаржы нарығында ұлттық валюта бағамының нығаюы байқалады. 25 наурыз күні өткен аптаның соңғы қаржы саудасында доллар бағамы 343,9 теңгені құраған еді. Ал, Қазақстан қор биржасындағы бүгінгі сауда нәтижесінде АҚШ долларының орташа бағамы 340,15 теңгені құрады.

Бұған дейін «Асыл-Инвест» компаниясының талдау департаменті басшысы Айвар Байкенов теңге бағамы бұдан да нығаю мүмкіндіктеріне ие, тек Ұлттық банктің валюта нарығына араласуы теңге бағамының өсуіне кедергі келтіріп отыр деген мәлімдеме жасаған болатын.

«Ұлттық банк әрекеттері түсініксіз болып отыр. Былай қарасақ, былтыр Қазақстан еркін валюта нарығына көшті. Ал, іс жүзінде еркі айналым тек теңгенің құлдырау бағытында ғана жүріп отыр. Ал, теңге нығая бастаса Ұлттық банк араласып, оны тежейді. Бұл меніңше, Үкімет тарапынан жасалған қысым салдарынан болып отырған сияқты. Өйткені, 2016 жылға арналған бюджетте доллар бағамы 300 емес, 360 теңге болады деп жоспарланған. Макроэкономикалық көрсеткіштердің оңалуына байланысты Үкімет бюджетті қайта қарауға құлықсыз. Теңгенің нығаюы керісінше, жағымсыз сценарий ретінде қарастырылуда», - деген пікірде А. Байкенов.

Былтырғы жылы бекітілген республикалық бюджетте доллар бағамы 300 теңге көлемінде болады деп жоспарланып, жаңа жылдан соң Үкімет бұл жоспарды қайта қараған еді. Нәтижесінде ақпан айында республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, онда доллардың орташа бағамы 360 теңге, мұнай баррелінің орташа жылдық бағасы 30 доллар көлемінде белгіленген болатын.

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар