Оралдық шенеуніктің әйелі мәскеулік дәрігер екпесінен көз жұмды (ВИДЕО, ФОТО)

/uploads/thumbnail/20170708231521865_small.jpg

Орал қаласындағы сұлулық салонында мәскеулік косметолог-дәрігер Эльвира Юсупова салған екпеден көз жұмған келіншек Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының әйелі, ал, сұлулық салонының иесі осы мекеме басшысы орынбасарының зайыбы болып шықты, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы өңірлік БАҚ-тарға сілтеме жасап.

NewTimes.kz басылымының жазуынша, «Шығыс жұлдызы» сән салонының иесі – облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Қайдаровтың әйелі болса, салон қызметін пайдаланамын деп көз жұмған 39 жастағы келіншек Бауыржан Қайдаровтың бастығы Аманжол Жақановтың жұбайы көрінеді.  

Салон иесі Венера Қайдарова

Салон иесі Венера Қайдарова.

Мәскеулік косметолог Эльвира Юсупова.

Сұлулық салонындағылар кісі өліміне себеп болған екпені Мәскеуден келген косметолог-дәрігер Эльвира Юсупова салғанын хабарлаған.

«Мәскеулік дәрігер иньекция жасады. Салмас бұрын алдымен, аллергияға әсері тексерілді. Ешқандай аллергия болмады. Бірақ, екпе салған соң келіншек құрысып қалды, аузынан көбік атқылады. Біз бірден жедел жәрдем шақырдық. Біздің салонда жалпы мұндай екпелер жасалмайды», - деген салон әкімшісі.

Осы орайда, өңір тұрғындары өткен аптада аталған салонда 26-28 наурыз аралығында мәскеулік косметолог Эльвира Юсупова қабылдау жүргізетіні туралы WhatsApp мессенджері арқылы хабарламалар алғанын айтуда. Онда косметологтың қандай қызмет түрлерін көрсететіні тәптіштеп жазылып, кері байланыс үшін телефон нөмірі көрсетілген. Ол нөмір салон иесінің телефоны екені кейін анықталып отыр. Салон қызметкерлері аталған хабарламаны басшыларының бір-екі құрбысына жолдағанын, мәскеулік дәрігердің де осы салон иесіне қонаққа келгенін растап отыр.

Естеріңізге салсақ, кеше сағат 12.25 шамасында Оралдағы «Шығыс жұлдызы» сұлулық салонында 39 жастағы келіншекке екпе жасалып, екпе нәтижесінде келіншек сол жерде жедел жәрдем жеткенше көз жұмған болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар жедел жәрдемнің шақырылған мекен-жайға бес минут ішінде жеткенін, дәрігерлер барғанда екпе салынған келіншектің қайтыс болғанын айтып отыр.

Ақпарат құралдары қайтыс болған келіншектің артында үш баласы қалғанын айтуда.

Қазір Эльвира Юсупова ұсталып, құқыққорғау органдарына түсінік беруде.

Қатысты Мақалалар