Белгілі тележурналист Дана Нұржігіт халық арасында көп сыналып келе жатқан "91" тобына қатысты пікірін білдіріп, топ жетекшісі Ерболат Беделханның еңбегін бағалайтынын айтқан, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Baistars.kz – ке сілтеме жасап.
«Ерболат Беделxанға айтарым: Он жылдан астам таңдаған жолынан жаңылады, табанды еңбек етіп, бір күн-көл, бір күн-шөл болатын нәсібін бүкіл тобына жұмсап жүрген Ерболатқа орнымнан тұрып қол соғам. Оған да кезінде қанша адам лап беріп, «мына істеп жүргенің қате» деген еді, ол өзінің мақсатынан бас тартқан жоқ. Біржақты қыңырлық, стереотиптік сана-дамудың жолы емес. Әсіресе өнерде!» - деп жазды Дана Нұржігіт Инстаграмдағы жеке парақшасында.
Тележүргізуші осыған дейін қарша бораған сынға ерекше сабырлық танытқан Ерболатты қолдайтынын жеткізді.
«Зайытовтың «91» тобының сырт келбетін сынап, тіл тигізіп, «жиіркенемін» деген ауыр сөзін сабырлықпен тыңдап, жұдырық ала жүгірмей (оны істесе де түсінер едім) миығынан ғана күліп қойып эмоцияға, ашуға жол бермей жауап беріп отырған Ерболат мен үшін оппонентінен әлдеқайда жоғары, мәдениетті" - дей келе, осы сын арқылы продюсер тобын шыңдап алды дегенді айтады. "Ол қол астындағы топты осылайша спарингке шығарып алды. Мұздай душтың астына тұрғызды. Сынады. «...Шыдайсың ба менімен достасуға, Жалаң аяқ су кешіп, тас тасуға», - деп Мұқағали ақынша серіктестеріне сұрақты төтесінен қойды. Шаш өсер, бояуы жуылар, трико шалбар боп өзгерер. Бірақ, арақ ішіп, есірткі тартып есірмеген, өнерде өз жолын іздеп, өсіп келе жатқан жастарды осыншама талап, мүсіркетіп «Мен сияқты костюм шалбар кимейсің бе, шашты дұрыстап қысқартпайсың ба?» - деп жер шұқытып қою, қаз-қаз тұрып келе жатқан балаға, «Неге жүгіріп кетпейсің?» дегенмен тең» - дейді тележүргізуші.
Сондай-ақ Дана Нұржігіт «91» тобы сияқты көрермен бір кездері «А-студионы» да түсінбегенін айтты. «Конформистер қашан да болған, бола да береді. Оларды тыңдасақ, елден ерек, алыстан асау мінезін білдіретін ұзын шаш қойған әнші, ақындарымыз - Батырxан, Жарасқандар, Қадірлар қайда бізге? Конформистерді тыңдасақ, сыған қызы Карменді операның бас кейіпкері етіп, көрерменнің ызасын тудырған Бизе тумас еді. «Жалаң аяқ сығанның сайқалын операға арқау еткен дарынсыз» деген жаман атқа қалған Бизе бүгін ел ауызындағы классик. «Арайдан» кетіп, "Алма-Ата студио" болған Серкебаев Байғалидің өзі мұндайды бастан өткерген. АХБК сарайының концерт залындағы алғашқы премьерасынан xалық тұрып-тұрып кетіп қалған. Түсінбеген. Шашы жалбыраған жігіттер, майкішең тұрып ән салған Батырxанды біреу еске алса, сол біздер. Біздің ұрпақ. Айта берсе көп қой».
Беделханның беделін қорғаған Нұржігіт жұртшылықты сынаса намысқа тиіп емес, мәдениетті сынауға шақырды.
«Өнерде ұқсастықтан жаманы жоқ! Сынасақ "жиіркенемін" деген адами намысқа тиетін, көшедегі бетжыртыстың лексиконына сүйеніп емес, конструктивті, мәдениеттану деген ғылымға жүгініп отырып дәйекті дәлел келтіріп отырып сынайық!» - дейді Д. Нұржігіт.
Бұған дейін айтыскер ақын Ринат Зайытов бастаған бірқатар азаматтар «91» тобын сынға алып, олардың киген киімінен, жүріс-тұрысына дейін ұлтты масқаралайтын қылық деп мәлімдеген болатын.