Бүгін «Nur.kz» интернет порталы» ЖШС Бас директоры Қуат Бахридинов ақпарат құралына тағылған айыптармен келіспейтіндіктерін мәлімдеді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Сайтқа тағылған айыптарға қатысты Қ. Бахридинов сот процесінің басталуын күту керектігін айтқан. «Шағымда көрсетілгендей заң бұзушылықтар орын алды ма?» деген сұраққа Қ. Бахридинов:
«Біз тағылған айыптармен келіссек мұндай мақала болмас еді. Барлығы өзара шешілер еді (...) Біз қазір сот отырысын күтіп отырмыз, онда барлық тараптардың дәйектері айтылады. Сосын біз де осы фарсқа тапсырыс берушілерге қарсы талаптар қоя бастаймыз», - деген.
Сондай-ақ, ол defacto.kz сайтын тікелей өзі шағым түсірмей, ортаға шағымданушы ретінде Авторлық құқықты қорғау жөніндегі Солтүстік Қазақстан қоғамын қосу арқылы миллиондаған мемлекеттік баж төлеуден жалтармақ деп айыптады.
Қуат Бахридинов бүгін «Nur.kz» интернет порталы» ЖШС Бас директоры болып тағайындалды. Ол сонымен қатар, «7-арнаны» басқарушы «ЭРА» телекомпаниясы» ЖШС-ның да Бас директоры қызметін атқарады. «Nur.kz» интернет порталы» ЖШС-ның 80 пайыз үлесі де осы Қ. Бахридиновқа тиесілі екендігі айтылады. Ашық дереккөздерінде сайттың қалған 20 пайыз үлесі Calidus Investment Limited деген компанияға тиесілі екендігі хабарланған. Бұған дейін де аталған интернет-ресурстың меншік иелері туралы ақпарат құралдарында шулы мақалалар жарық көрген болатын.