Мыңдаған тұрғын ел астанасы Рейкъявика көшелеріне шығып, есімі жексенбі күні коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (Organised Crime and Corruption Reporting Project - OCCRP) медиа тобы мен Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы (ICIJ) және бірнеше әлем басылымдары жариялаған тізімге енген премьер-министр Сигмюндюр Гюннлейгссонның отставкаға кетуін талап етуде, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы ВВС – ге сілтеме жасап.
Парламент үйінің жанына жиналған халық премьердің отсткавкаға кетуін талап етуде. Полиция әзірге шерушілердің нақты санын атамай отыр. Алайда, ақпарат құралдары ереуілге шыққандардың ұзын саны мыңнан асатынын жазуда.


Премьер-министр Сигмюндюр Гюннлейгссонның кеше Channel телеарнасына сұхбат беріп, «Панама тізіміне» бола қызметтен кету ойы жоқтығын мәлімдеген еді.
Ақпарат құралдары «Панама тізімі» атап кеткен атышулы тізім жексенбі күні пайда болды. Коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (Organised Crime and Corruption Reporting Project - OCCRP) медиа тобы мен Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы (ICIJ) және бірнеше әлем басылымдары панамалық Mossack Fonseca заң компаниясының әшкере болып кеткен құжаттарын жариялады. Онда оффшорлық шоттарға ие әлем елдерінің 20-дан астам қазіргі және бұрынғы президенттерінің, 200 шақты лауазымды тұлғалардың есімдері аталады. Олардың қатарында РФ басшысы В. Путиннің серіктестері, Украина президенті П. Порошенко және Қазақстан Президентінің жиен немересі, Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары, кәсіпкер Нұрәлі Әлиев те бар.