Сағаділдә Үсібәлі, «Қазақ елі» анимациялық филь­мі­нің сценарисі, актер: ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ БЕРЕТІН ДҮНИЕ ЖАСАҒЫМЫЗ КЕЛДІ (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170708235041338_small.jpg

Жақында отандық анимациялық туынды «Қазақ елі» мультфильмінің трейлері Кан фестивалінде таныстырылған болатын. Авторлардың айтуынша, фильм Ресей, Германия, АҚШ және БАӘ мамандарының қызығушылығын тудырған. «Қазақ елі» тарихи мультфильмі тұңғыш рет Шымкентте түсіріліп, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған болатын. «Сақ» киностудиясы мультфильмді түсіру үшін 2D және 3D технологиясын пайдаланған. «Қамшы» порталының оқырмандарына сол «Қазақ елі» толықметражды анимациялық филь­мі­нің сценарисі, актер Сағаділдә Үсібәлімен болған сұхбатты ұсынамыз.

-Аға, енді бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған «Қазақ елі» мультфилімін әзірлеу туралы идея қайдан келді?

-Жалпы анимациялық фильм жасау туралы ұсыныс министрліктің өзінен түскен. Атап айтқанда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінен ұсыныс болды. Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы сценарий жазуға бәйге жариялады. Сол бәйгеге ұсынылған сценарийлердің ішінен мені таңдағандарын айтты. Сценарий өте қысқа мерзімде жазылып шыққанын айта кету керек. Өйткені, байқау былтыр ақпан айында жарияланса, сценарий сол жылы Наурыз мерекесіне дейін жазылып бітті.

- Бұл іспен (сценарий жазумен – ред.) қашаннан бері айналысып жүрсіз?

-Енді бұған дейін мынадай сценарийлер жазып едім, олар осындай фестивальдерге қатысты деп айта алмаймын. Жалпы бастағаныма біраз жыл болған. Түсіріп те байқадық. Қаражаттың жетпеуіне байланысты шыға алмай қалды, аяқсыз қалғандары да болды. Біраз сценарийлер жазып, осындай сәттің түсуін күтіп жүргем. Жалпы бұған дейін үлкен экранға жарқ етіп көрінген нәрсе жазған емеспін. Менің театр институтын бітіргеннен кейінгі ең алғашқы жұмысым киностудияда болды. Одан кейін өздеріңіз білесіздер, «Тамаша» ойын-сауық отауында істедім. Бұл жерге бірінші сценарист ретінде бардым. Сосын редактор болдым. Актерлыққа осылай жеттім. Жалпы сценарий жазу арнайы оқымаса да, актерлардың, шығармашылыққа бейім адамдардың қолынан келетін іс.

-Енді анимациялық еңбектің сценарийі туралы айтсаңыз?

-Бұл анимациялық фильмде не көрсеткіміз келеді? Басты ұстанымымыз қазіргі кезде жиі айтылып жүрген бірлік идеясы. Бірлік болғанда ғана мемлекет іргесі мықты болады. Енді әрине, тарихи оқиғаларға шынайы көзқараспен қарайтын болсақ, бұл жерде Алтын Орданың ыдырап бөлінуі. Бұл жерде ол бөлінбесе, бұдан үлкен мемлекет болуымыз мүмкін еді. Қазір ара-жік болып, бөлек ұлт боп саналатын жақын қандастарымыз бір ғана ұлттың атауында жүре берер ме еді. Бұл процесті біз бөліну ретінде көрсеткіміз келмеді. Мұның барлығы сыртқы тылсым күштердің әсерінен болған. Қазір сол кездегі соғыстарды ашатын болсақ, соғыстарда өзімізге белгілі тұлғалар, өзімізге жақын санайтын туыстарымыз бір-біріне қылыш көтерген. Оны айтсақ, қазіргі жас балалардың санасына «мынау бізге жау болған екен ғой» деген ой көкейінде қалмауы керек. Сондықтан мұның бәрі тылсым күштің әсерінен болған мәселе деп көрсеттік. Барлық жағдайдағы ақ пен қара арасындағыны көрсеттік. Балаларға тарихтан тағылым алатындай дүние ұсынғымыз келді. Ақты Қызыр атаның бейнесінде, ал қараны беймәлім, бейтаныс адам ретінде бейнеледік. Осы екеуінің арасындағы қақтығыс жердегі адамдарға әсер етіп, хандықтағы Әбілхайыр мен Керейдің өштесуіне алып келетінін көрсеттік. Тарихи оқиғаларды біз енді ертегі арқылы айтуға тырыстық. Оның үстіне жылында да күмән бар ғой. Бұл оқиғаны кей деректерде 1458 жылы болған деседі, бірақ хандық 1465 жылы болған деп көрсетеді. Кейін арасында дау кетпесін деген оймен біз ол кездегі оқиғаларды сценарийде тылсым күштердің құралы ретінде көрсеттік.

-Бұған дейін «Қазақ елі» киносы түрлі қысқартуларға ұшырап еді. Осы қысқарту мәселесі мультфилімде болмады ма?

-Тарихшы ағамыз Жамбыл Артықбаевтың кеңесі өте жақсы әсер етті. Бетбақдаланың ортасында «Таңбалы тас» және «Таңбалы нұра» деген тас бар. Соны мен қаншалықты дерек ақтарып көрсем де ХХ ғасырдың бергі жағында, ХХІ ғасырдың тұсында, өзіміз ес білетін аралықта оны барып көрген, «міне, оның қазіргі жағдайы мынадай екен» деп толық мағұлмат беретін әлі ешкім жоқ екен. Ғасырдың ортасындағы 30-жылдары барған адамның айтуына қарағанда сол айдаладағы тас жан-жағынан жау түгілі сол жерді мекендейтін адамның өзі келіп-кетуі қиын жерде бүкіл рулардың таңбалары белгіленген. Мұны Әлкей Марғұлан былай түсіндіреді: «Қазақтың арасында сәл бір рудан, я болмаса әрқайсының арасында дау-дамай болып қалған жайдайда, ол мәселе сол жерде таңбалы тасқа барып шешіледі». Демек ол үлкен қасиетті жер. Қазақ бірлікті сол кезден бастап қасиет санаған. Мен осыны сценарийге арқау етіп пайдаландым.

Ал анимация жасаған уақытта айдаладағы Бетбақдаланы, оған бару жолындағы қиындықтар мәселелері режиссерлардың шешіміне байланысты тыс қалып қалды. Өйткені ол уақыт пен қаражатты қажет етті. Сондықтан көп нәрсені төтеден жалғауға тура келді, көп оқиғалар шеттеп қалды. Жалпы Жәнібек пен Керейдің кезіндегі оқиғаларды қамтуға тырыстым.

-Жалпы мемлекет көзқарасы қалай болды? Қаншалықты қолдау болды?

-Бұл жерде көрсету-көрсетпеу процесі қатаң түрде министрдің өзінің қадағалауында тұрды. Сценарийден хабары болды. Ең бірінші көрсетілімін де министр қарады. Тіпті, Елбасының да хабары бар деп естідім.

-Мультфильм толық қашан дайын болады?

-Негізі бұл маған қойылатын сұрақ емес. Бірақ біз бір-бірімізбен байланысып тұрамыз. Шындығында біз уақытында үлгере алмадық. Мұндай жоба бір жылда жасала салатын жоба емес. Дегенмен азаматтар бір жылдың ішінде толық дайындап шықты. Әзірге өзімізде қымбаттау болғандықтан, дыбысталу жағы шетелде реттелу керек болып, әзірге сол ғана қолды байлап тұр. Қазіргі уақытты ұстап тұрғаны сол ғана. Арасында министрліктен қойылған, жасалынған кейбір ескерпелерді, қысқаратын, кемшіліктері мен артықтау кеткен тұстарын түзетіп, 19 мамырда көрерменге ұсынамыз.

-Мультфилім толық дайын болған соң көрерменге қалай жол тартпақ? Сатып алатын телеарналар бар ма?

-«Қазақ елі» анимациялық филімі 19 мамырда Қазақстанның барлық кинотеатрларында прокатқа шығады. Мен тікелей қатысқан бірінші түпнұсқасын қазақша жасадық қой.  Енді орысша да дыбысталып жатыр. Екі тілде көрсетіледі. Қалған жұмыстарын продюссер Сәбит Әбдіхалықов білуі керек. Тағы Ресейден, басқа да бірнеше мемлекеттерден ұсыныс жасалған көрінеді. Реті келіп жатса бұл муьтфильмді шетелде де көрсетеміз деген жоспар жоқ емес.

-Осы мультфильм үшін жасалған барлық еңбек, күш, қаржы ақталады деп ойлайсыз ба?

-Менің жеке азаматтық көзқарасым ретінде айтсам, егер оның жарнамасы, барлығы жақсы жүрсе, ақтауы мүмкін. Бірақ бұл мемлекеттің идеологиясын, жас балаларға мемлекеттік іргетасын қалаудағы тарихты көрсету мақсатында жасалған дүние ғой. Сондықтан мемлекет бұл анимациялық фильмнің прокатынан шығынды өтеп беруін талап ете қоймас деп ойлаймын.

Мұнда екінші мәселе бар, бізде кинопрокаттан қаржы толық қайтарып аламыз деу қиын мәселе. Мұнда Қазақстанның өзіне де бағынбайтын бір жерлері бар. Қазақ тілі нұсқасындағы фильмдер жақсы көрсетілмейді. Мысалы, «Джунгли кітабы» фильмінің премьерасынан кейін балаларымды алып барсам, мүмкіндігінше оны қазақшасы барын айтпайды. Қай жерде, қай залда, сағат қаншада екенін өзің шұқшиып іздеп тауып аласың. Сол жерде біраз адамға жолығып қалып айтсам, «Біз қазақшасын естіген жоқпыз. Білмедік. Амалсыз орысша нұсқасына кірдік» дегенді айтады.

-Жалпы қанша қаржы жұмсалуда?

-Мен қаламақымды алдым. Өзім қанағаттанамын (күледі). Ал, жалпы жұмсалған қаржыны білмеймін, қуанышқа орай. Білсем де ақпаратты бөлісе алмауым мүмкін еді. Бірақ теңгемен бөлінген ақша жетпей, кей мәселелер доллармен шешіліп, «Сақ» студиясына қаржылай қиындықтар әкелгенін атап өту керек.

-«Қазақ елі» мультфильмін әзірлеуге еңбегі сіңген азаматтар туралы қысқаша айтсаңыз.

-Бұл жерде ең бірінші «Сақ» студиясын айтып өту керек. Бұл студияның «Қошқар мен теке», «Мұңлық пен зарлық», «Момын мен қарақшылар» атты мультфильмдері қазақ анимациясының классикалық туындысы қатарына қосылып, шет ел мамандарының да жоғары бағасына ие болғанын білесіздер. Одан соң мультфильмнің бас режиссері Батырхан Дәуренбеков, студия директоры Нұриддин Паттев, продюссері Сәбит Әбдіхалықов сынды азаматтарды ерекше атауға болады. Жар құлағы жастыққа тимей жүріп еңбек еткен осы кісілер.

-Ірі жобалардың сценарийлеріне қадам бастадыңыз. Алда осы деңгейдегі басқа да жоспарларыңыз бар ма?

-Менің идеяларым көп. Қағазға түсіріліп қойғандары да бар. Қазір «Жібек жолы» деген жеке студиямызда біраз азаматтармен жұмыс істеп жатырмыз. Бұйыртса, үлкен бір сценариймен айналысудамыз. Бәрі алдағы уақыттың еншісінде.

-Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз жана берсін!

Сұхбаттасқан: Ақбота Мұсабекқызы

Қатысты Мақалалар