Наурыз.Колбинді көндірген кім еді?

/uploads/thumbnail/20170708151444075_small.jpg

Қазақтың мемлекетінде қазақтың жаңа жылы – наурыз мүлдем елеусіз қалуда. Тіпті Алматы қаласында наурыз мерекесі болмайтын сияқты. 1 қаңтарды жаңа жыл деп жалаулатып, ай бұрын шырша жағып, миллиондаған қаржы төккен шенеуніктер енді үнсіз отыр. Совет өкіметінде қалай болды. Қазірде сондай. Ата-бабадан жалғасып келген бұл Наурызға 1926 жылы Совет өкіметі ресми тыйым салған. Тек араға 62 жыл салып, 1988 жылы Мұхтар Шаханов бастаған бір топ ұлт зиялыларының арқасында Наурыз қазаққа қайта оралып еді. Содан бері 22 жыл өтіпті. Сол кезеңде уақыттың тығыздығын сылтау еткен Колбинге «Наурызды 22 сәуірде тойлайық» деген уәж де айтылғанын бұл күнде біреу білсе, біреу білмес. Жалпы, Наурыз мейрамының халыққа қалай қайтып оралғанын ел әркез есінде ұстағаны жөн. Өйткені ол – ұлт тарихындағы жеңісті сәттердің жарқын белесі.

1988 жылы 4 ақпан күні «Лениншіл жас» газетінде жа­рияланған «Тамырыңды терең жібер» атты Мұхтар Шахановтың сұхбаты наурыздың алғашқы қарлығашындай болды. Олай дейтініміз, осы сұхбаттан соң Мұхаң арнайы хат әзірлеп, Кол­биннің өзіне кірген. Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­те­ті­нің бірінші хатшысы мен қазақ ақынының арасындағы текетірес ұзаққа созылады. – Екеуміз көңілсіз қоштас­тық. Колбиннен шыққаннан ке­йін Қазақ КСР Министрлер Кеңе­сінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев­қа жолығып, Колбинге «Наурызды» тірілту туралы арнайы хат тастағанымды айттым. – Өте дұрыс жасағансың, – деді Нұрекең. – Енді сенің ол хатыңды Колбин Бюро мүшелері­не жіберуі тиіс. Көбісі көлеңкесі­нен үріккендер ғой. Жәнібеков екеумізден басқалары қолдай қояды деп ойламаймын. Дегенмен өзім бар күшімді саламын. Ал сен Колбиннің соңынан қалма. Басқа жазушыларды да, өнер қай­раткерлерін де қосып, бірлесіп қимылдаңдар. Мерекені нақ осы биылдан бастап жіберелік. Уақыт тым аз қалды. Колбин келісімін бере қалған жағдайда «Наурызға» қаржы бөлу мәселесі Министрлер Кеңесіне келіп тіреледі ғой. Ол жағынан қам жеме. Батыл кірісе бер. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сөзі Мұхтар Шахановты тіп­ті де қанаттандырады. Айтса айтқандай, 1988 жылдың 11 нау­рызы күні «Лениншіл жас» газетінде «Жазылған жай, пікір, тілек, ұсыныс: «Тамырыңды те­рең жібер» деген тақырыппен белгілі ақын жазушылар Сырбай Мәуленов, Сафуан Шаймерденов, Сұлтанәлі Балғабаев, Смағұл Елубаев, Құрманғазы Қа­раманұлы, Серік Асылбеков, Ұлықбек Есдәулетовтердің Мұхтар Шахановтың пікірін қуаттаған «Орынды ұсыныс» атты бірлескен хаты жарияланады. Жер-жерден қолдау білдіріп, хат жазған оқырмандар да көп болды. Наурыздың Ислам дініне қа­тысын анықтау міндетін алған Министрлер Кеңесі жанындағы діни мәселелермен айналысатын бөлімнің меңгерушісі Тельман Сау­ранбеков те Мұхтар Шаханов­тың өзімен сөйлесіп, Колбинді көндіруге тиісті ақыл-кеңесін айтады. Себебі Наурыз бюро мү­ше­лерінің талқысына салынып, оны тойлауға Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекәлі Жәнібеков­тен басқасы түгелдей қарсы шы­ғыпты. Келесі кездесуінде Колбин Мұхтар Шахановқа: «Бюро мү­шелерiнiң көбi қарсы. Наурызды Ислам дiнiнiң қалдығы деп жатыр, сондықтан ренжіме», – деп ашығын айтады. Сол кездегі жағдайды Мұхаң былай деп еске алды. «Кешiрiңiз, Геннадий Васильевич, – дедiм өршеленiп. – Бюро мүшелерiнiң көпшiлiгi тарих­ты бiлмейдi. Мәселен, Ислам дiнi бұл өлкеге сегiзiншi ғасырдан ене бастаған. Ал, Наурыз қазақ даласында одан бұрын тойланған. Бюро мүшелерiнiң көпшiлiгi ең әрiсi қазақтың нөмiрi бiрiншi ақыны Абайды да оқымаған… Абайдың орыс тiлiне аударыл­ған кiтабын әдейi ала барған едiм. Атыңнан айналып кетейiн ұлы атамыздың қысылған шақта мұншалықты пайдасы тиедi деп кiм ойлаған. Ұлы ұстаздың «Бiраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралы» қарасөзiн Колбиннiң алдына жайдым. Ол жалма-жан асты қызыл сиямен сызылған жолдарды қарап шықты да, ойланып қалды. – Ендi, Геннадий Васильевич, мынаған назар аударыңыз, – деп «шабуылға» қайта шықтым. – Қа­зақ жерiне Ислам дiнi келместен бұрын Наурыз мейрамын армяндар «Навосарди», чуваштар «Нарас ойахе» деп атаған. Ал армяндар мен чуваштардың мұсылман емес екенiн өзiңiз бiлесiз. Бұл тiптi Қазақ Совет Энциклопедиясында жазылған. Шындығы солай болғанымен, бiрақ ол кiтапта «Ислам дiнi келместен бұрын» деген сөз жоқ едi. Әдейi белiнен басып жiбердiм. – Сiз жеңдiңiз! – Колбин ор­нынан тұрып келiп, қолымды алды». Осылайша Наурызды тойлау мәселесіне Колбиннің беті бері қарайды. Бірақ оны өткізу мер­зіміне келгенде ол тағы өзгереді. Өйткені наурызға бірнеше-ақ күн қалған еді. «Биыл мерекені нау­рыздың 22-сінде емес, тіпті 22 сәуірде өткізелік» деп табандап тұрып алады Мұхтар Шаханов. Ақыры Наурыз қазақтың ен­шісіне бұйырды. 1988 жылы 30 наурыз күнi Алматыдағы Максим Горький атындағы демалыс паркiнде Наурыз мейрамы тойланды. Мерекеге мөлшермен 100 мыңдай адам жиналды. Өшкенi жанып, өлгенi тiрiлгендей болған халық жиылмағанда қайтсін?! Наурыз мейрамын көне салт-дәстүр арнасына бұруда сол кездегі Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Жібек Әмірханова ерекше еңбек сіңіреді. Наурыз күнгі Республика сарайының алдында сап түзеген «Шеберлер ауылы», адамдардың бір-бірімен төс қағыстырып амандасуы, «Наурыз тілек», «Наурыз бата» рәсімдері, Алматы көшелерінде сап түзеген қазақ ертегілеріндегі «Алдар көсе», «Тазша бала», «Батырлар шеруі» және оған қажетті түйе­лер табу, Горький паркіне Нау­рызбай, Наурызгүл есімді адамдарды жинау, «Алтыбақан», «Балтамтап», «Тең көтеру», «Бағана өрмелеу», «Арқантартыс», «Жаяу жарыс», т.б. толып жатқан, бү­гінде ұмытылуға айналған рә­сімдерді тірілту – түгелдей осы Жібек Әмірханованың жасаған жұмыстары. Наурыздың қазаққа қайтып оралуын қазіргі Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың, ұлт­тың біртуар ұлы, марқұм Өзбекәлі Жәнібековтің, қазақтың қайсар қызы Жібек Әмірханованың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Мұхтар Шахановтың ұсынысын қолдауының жемісі десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен тәуелсіздік туының ас­тында бүгін Наурызды сол 1988 жылы тойлаған деңгейге жеткізе алмай отырғанымыз ұят. Бұл не­ліктен? Жоқ, жоғарыдағыдай ұлт зиялыларының бүгінгі билікте аз болғаны ма, әлде ұлттың рухы пәс тартып бар ма? Әйтпесе, Елбасы әр жылы Наурызды қазақ елінің Жаңа жылы етіп тойлайық деп айтып келеді емес пе?! Колбинді көндірген қазақ қайраткерлерінің еңбегін еш кетірмегеніміз жөн еді?!

Қатысты Мақалалар