ЕРЛАН ЫДЫРЫСОВ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫН ҚЫРЫМҒА БАРМАУҒА ҮГІТТЕДІ

/uploads/thumbnail/20170709001924061_small.jpg

Еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанада өтіп жатқан Еуразиялық медиа форум жұмысы барысында Қазақстан халқын Қырымдағы демалыс орындарына баруды қоя тұруға шақырды. Министр осындай мәлімдеме жасай отырып, «Бір-бірін аямаған бауырлас екі ел қазақты қайтсін!» дегенді астарлап болса да жеткізіп отыр. Түсінген адамға, әрине.

«Біздің азаматтар бір-біріне қарама-қайшы бауырлас екі елдің бірін жақтайтын шешім қабылдауға мәжбүр болады. Жаз айларында олар демалу үшін басқа жағрапиялық нүктелерді таңдағаны дұрыс сияқты. Егер кімде-кім Қырымға барам деп табандап тұрып алса, ол жерге жетудің бағытын бұл маңызды мәселедегі екі тараптың да позициясын ескере отырып таңдауы қажет. Бұған салмақты түрде, жан-жақты ойланып қарау керек. Қырым аумағына барғанда ешқандай қиындық тумауын ойластыру қажет», - дейді Ерлан Ыдырысов мырза.

Министр медиа форумдағы баяндамасында Қазақстанның екі бауырлас ел Ресей мен Украина арасындағы ақпараттық қақтығыстың нысанына айналғанын атап өтті.

«Біздің қоғам түсініксіз жағдайда қалды және не істеу керектігін білмейді. Бір жағынан Ресей барлық қажетті жағдайлар жасалғанын айтып отыр. Екінші жағынан Украина Қырым аумағына Ресей жақтан кіру мемлекеттің саясатына қарсы деп мәлімдеуде. Біз еліміздің аумағы бауырлас екі халық пен мемлекеттің арасындағы ақпараттық бәсекелестіңтің нысанына айналғанын өкінішпен мәлімдейміз. Бұл мәселеде қандай да бір кеңес беру қиын. Қырым мәселесі халықаралық тұрғыда қарапайым мәселе емес, оның халықаралық құқыққа қатысты астары бар. Ол мәселені және Қазақстан шешпеуі керек. Бұл тығырықтан шығудың басқа да форматтары бар. Біз осыған байланысты ресейлік ұстанымды да білеміз, Украинаның да не айтып жатқанын естіп отырмыз. Біз осы екі ел халықаралық құқық аясында осы тарихи және саяси күрделі мәселені шешуі керек деп санаймыз», - деген министр Қазақстанның бұл мәселеде бейтараптылық танытатынын аңғартты.

Бұған дейін Украина тарапы Ресей арқылы Қырымға кіретіндерді заңсыз шекара бұзды деп айыптап, жауапқа тартатындарын хабарлаған еді. Осы мақсатта елдегі туристік фирмаларға Қырымға жолдама сатуды доғару туралы талап та қойды.

Ресейлік дипломаттар украиндық әріптестерінің бұл талаптарын ақпараттық шабуыл деп бағаласа, туристік фирмалардың басшылығы Қырымға кімге тиесілі екені өздерін қатты қызықтырмайтынын бір-ақ айтты. Пайда табуды көздейтін туристік фирмалар үшін мұндай тарихи, саяси сипаты бар мәселелер маңызды емес, әрине. Алайда, жаз шыға сала теңіз жағалап кететін халықтың қауіпсіздігі мен елдің халықаралық қауымдастықтағы беделі сыртқы істер ведомство басшысын бей-жай қалдырмайтыны анық. Ерлан Ыдырысов мырзаның бұғып жатып алмай, осы даулы мәселеге қандай болса да пікір білдіргені, оның үстіне, ел азаматтарын сақтандырғаны құптарлық іс екені даусыз.

Қатысты Мақалалар