ЕНДІГІ ҮМІТ САҒЫНТАЕВТА

/uploads/thumbnail/20170709010040957_small.jpg

Кеше Үкімет құрамымен жиын өткізген Елбасы көпті алаңдатқан жер дауына қатысты маңызды шешім шығарды. Ақорданың баспасөз қызметі  Президенттің жерге қатысты заңнамаларға былтыр енген өзгерістерді жүзеге асыруға осы жылдың аяғына дейін мораторий жариялау туралы Жарлығын таратты. Жарлықта Мемлекет басшысы жер реформасымен айналысатын арнайы комиссия құруды тапсырып отыр. Ол комиссияны Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев басқаратынын Елбасы кешегі жиында-ақ айтқан болатын.

Президент ұсынған комиссия атауы айтып тұрғандай заң нормаларын түсіндіру жұмыстарымен ғана шектелмейді, тұтастай жер реформасына қатысты мәселелерді салмақтап, елдің ұсыныс-пікірлерін қорытатын шешуші механизм болмақ. Сол себепті де жер тағдырына алаңдаушылық білдірген бұқара халық та, заңгерлер мен саясаткерлер де, жермен тікелей жұмыс істейтін ауылшаруашылық саласының мамандары да ендігі кезекте осы комиссия жұмысына ат салысуы қажет.

Өйткені, уақыт аз. Өте аз. Мораторий мерзімі жыл соңына дейін ғана. Сол себепті де осы уақытқа дейін баспасөзде, түрлі басқосуларда айтылған, жазылған ұсыныс, тілектер Бақытжан Сағынтаев басқаратын комиссияға жетуі керек. Комиссияны құрудағы мақса та жер мәселесін халықтың көңілінен шығатындай етіп шешу. Күні кешегі Президент айтқан «Халыққа ұнамайтын заңның бізге қажеті жоқ» деген сөз осының дәлелі.

Сағынтаев мырза саясат сахнасында бір қарағанда салмақты саясаткер көрібегенімен Елбасы командасындағы сенімді кадрлардың бірі. Президенттің Үкіметтік деңгейдегі тапсырмаларды премьерге емес, Бақытжан Сағынтаевқа тікелей жүктеп жататынына қарап айтып отырмыз мұны. Республикалық масштабтағы, өңірлік деңгейдегі болсын даулы мәселелердің басы қасында Бақытжан жүретін. 2013 жылы құрылған Өңірлік даму министрлігіне де Президент басқаны емес бірінші вице-премьер болып жүрген осы Бақытжан Сағынтаевты тағайындап, аймақтардағы күрделі әлеуметтік кикілжіңдер мен моно қалалардың мәселелерін сеніп тапсырды. Түсті металлургия алыбы «Қазақмыс» корпорациясы мен жұмысшылар, Қарағанды облысындағы бірқатар моно қала тұрғындары арасында туған әлеуметтік шиеленістің де жігін жатқызуда осы Бақытжан Сағынтаевтың рөлі ерекше болды. Мұның барлығын біз шенеунікке жарнама жасау үшін емес, жер мәселесіндегі мүдделі топтарды мәселені тиімді шешуге күш салуға, келіссөздер жолымен жер реформасын жүзеге асыруға шақыру үшін айтып отырмыз.

Сонымен, алдағы мерекелік демалыстар өтісімен-ақ, уақыт өткізбей жер реформасы жөніндегі комиссияға ел болып, жұрт болып өзекті деген ұсыныстар мен өтініштерді жеткізу керек.

Жомарт Абдоллаұлы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар