Жер тағдырына алаңдаулы халқын соңғы екі күнде Елбасының өзі қуантып отыр. Кеше Үкімет жиынын өткізіп, жер дауына нүкте қоятындай маңызды мәлімдеме жасады. Даулы заңға мораторий енгізді.
Ал, бүгін Ақорда жақтан бірнеше кадрлық ауыс-түйіс туралы хабарлар жетіп жатыр. Екі министр ауысып, жаңадан құрылған министрлік басшысы тағайындалды. Ауысатын креслолар қатары мұнымен шектелмейтін де сияқты.
Осы ретте ауылшаруашылық министрлігі тізгінін елге іскрелігімен танылған Асқар Мырзахметовтың ұстауы тек осы салаға қатысы бар азаматтар үшін ғана емес, бар халыққа қуанышты хабар болды. Асқар Мырзахметовты бүгінде елге таныстырудың, қызмет жолын түсіндіріп жатудың қажеті шамалы. Оны президент ең ауыр, ең жауапты учаскелерге жіберіп отырады.
Үкімет жақтан жеткен енді бір жағымды жаңалық – Ақпарат және коммуникация министрлігінің құрылуы. Әр жылдары түрлі құрылымдық өзгерістерге түсіп, біресе мәдениет, біресе коммуникация саласымен бірігіп келген ақпарат саласы соңғы жылдары Инвестиция және даму министрлігінің құрамындағы Ақпарат, ақпараттандыру және мұрағат комитетіне қарап келген еді. Осылайша ұзақ жыл жетім баланың күйін кешіп келген ақпарат саласының өз алдына отау тігуі, онда да агенттік, комитет емес, тұтастай министрлік болып құрылуы, оған заман талабына сай коммуникация саласының қоса берілуі құптарлық іс болды. Жаңадан құрылған министрлік басшылығына да әдеттегідей әкім-қаралардың, не болмаса әр саланың басын бір ұстап жүрген технократтардың бірі емес ақпарат саласына тікелей қатысы бар, ұзақ жыл түрлі ведомстволардың баспасөз қызметін басқарған, соңғы бес жылға жуық уақытта Президенттің Баспасөз хатшысы қызметін атқарған Дәурен Абаевтың тағайындалуы өз алдына бір қуаныш. Алдағы уақытта Абаев мырза ақпарат саласын тек қана алға сүйреп, бұқара мен билік арасындағы сенімді көпір болады деген үміттеміз.
Пікір қалдыру