«ҚАРЫЗ АЛУШЫНЫҢ САҒАДИЕВТЕР ӘУЛЕТІНЕ ҚАТЫСЫ ЖОҚ»

/uploads/thumbnail/20170709044334260_small.jpg

Qamshy.kz порталында «Сағадиевтер әулетінен қарызымызды сұраймыз!» тақырыбымен Мақсат Жақау есімді азаматтың хаты жарияланған болатын. Онда хат иесі Ілияс Сағадиев есімді азаматтың бір жылға жуық уақыттан бері Жақауовтар әулетінің бірнеше адамнынан қомақты қаражат алып, қайтармай жүргені баяндалады.

Осы хатқа байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінен жауап хат келді. Онда қарыз алды делінген азаматтың Сағадиевтер отбасына қатысы жоқтығы айтылған. Дәлірек айтсақ, Білім және ғылым министрлігінен келген жауап хатта:

«Qamshy.kz порталының 2016 жылғы 25 шілде күнгі «Сағадиевтер әулетінен қарызымызды сұраймыз!» атты мақаласында Ілияс Рысбекұлы Сағадиев деген азаматты қалың жұртшылыққа белгілі ғылым қайраткері, академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің туысы ретінде атап көрсетті. Мақала жариялана салысымен, бұл ақпараттың дәйексіз екендігі анықталды: Жақауовтар отбасы атынан Фейсбук әлеуметтік желісінде таратылған ақпаратта олардан қомақты сомадағы қаржы алып, түрлі себеп-сылтаулармен бірнеше ай бойы қарызын қайтармай жүр деген айып тағылып отырған Ілияс Сағадиевтің академик Сағадиевтің әулетіне туыстық және басқа ешқандай да қатысы жоқтығы анықталды», - делінген.

Сондай-ақ, М. Жақау хатында «келтірілген ақпарат бірнеше азаматтың, оның ішінде елге танымал ғалым мен мемлекеттік органның лауазымды тұлғасының абыройларына, қадір-қасиеттеріне және іскерлік беделдеріне нұқсан келтіретіндіктен, Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев пен оның әулеті мүшелерінен кешірім өтіне отырып, келтірілген жалған деректерді теріске шығару» сұралған.

Портал редакциясы М. Жақаудың хатын жариялағанда редакцияның ешқандай тараптың мүддесін көздемейтінін, даулы мәселеде бейтараптылық танытатынын, хат авторының пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейтінін ескерткен. Редакцияның ол ұстанымы өзгерген жоқ. Алдағы уақытта даулы мәселенің анық-қанығына жету үшін тараптардың пікірі мен түсініктеріне сайт бетінен орын беруге, туындаған даудың оң шешім табуына ниетті екенін тағы бір ескертеміз. Яғни, Qamshy.kz М. Жақау хатында айтылған жәйттердің мазмұнына жауап бермейді.

Соған қарамастан, портал ұжымы осы даудың ары қарайғы барысын бақылауға алу құқығын өзіне қалдыра отырып, порталдың Сағадиевтер әулетінің абыройы мен жекелеген тұлғалардың іскерлік беделіне нұқсан келтіруді мақсат тұтпайтынының белгісі ретінде М. Жақаудың жоғарыда айтылған хатын сайттан алып тастау туралы ұйғарымға келді. Qamshy.kz порталындағы жарияланымға байланысты қандай да бір қолайсыздықтар туған болса,  танымал әулет мүшелерінен кешірім сұраймыз. Алдағы уақытта осы материалдың жарық көруіне себеп болған хат авторы М. Жақау да өз ойын білдіріп, қалың оқырманға түсінік береді деген сенімдеміз.  

Құрметпен, Qamshy.kz порталының редакциясы

Порталдың әр жарияланымын жіті қадағалап отыратын жанашыр оқырмандар назарына Білім және ғылым министрлігі Баспасөз қызметінен келген хат мәтінін де еш өзгеріссіз ұсынуды жөн көрдік:

«Қамшы.кз» порталының 2016 жылғы 25 шілде күнгі «Сағадиевтер әулетінен қарызымызды сұраймыз!» атты мақаласында Ілияс Рысбекұлы Сағадиев деген азаматты қалың жұртшылыққа белгілі ғылым қайраткері, академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің туысы ретінде атап көрсетті.

Мақала жариялана салысымен, бұл ақпараттың дәйексіз екендігі анықталды: Жақауовтар отбасы атынан Фейсбук әлеуметтік желісінде таратылған ақпаратта олардан қомақты сомадағы қаржы алып, түрлі себеп-сылтаулармен бірнеше ай бойы қарызын қайтармай жүр деген айып тағылып отырған Ілияс Сағадиевтің академик Сағадиевтің әулетіне туыстық және басқа ешқандай да қатысы жоқтығы анықталды.

Заң талаптарына сәйкес, «Қамшы.кз» редакциясына дәйексіз жалған ақпараттың әшкереленуі жөнінде талап қойылып отыр. Осыған байланысты редакция келесіні хабарлайды: «Сағадиевтер әулетінен қарызымызды сұраймыз!» атты мақалада академик Кенжеғали Сағадиев пен оның әулетіне қатысты мәліметтер шындыққа сәйкес келмегендіктен, сондай-ақ онда келтірілген ақпарат бірнеше азаматтың, оның ішінде елге танымал ғалым мен мемлекеттік органның лауазымды тұлғасының абыройларына, қадір-қасиеттеріне және іскерлік беделдеріне нұқсан келтіретіндіктен, Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев пен оның әулеті мүшелерінен кешірім өтіне отырып, келтірілген жалған деректерді теріске шығарады.

Қатысты Мақалалар