Жүрсін Ерманның Шынболат Ділдебаевты ұмытуы мүмкін емес

/uploads/thumbnail/20170708151844619_small.jpg

«Қазақстан айтыс ақындары» деп айқайлатып кітап жазғандарын қайтейін,  ішінде Шынболат Ділдебаев жоқ! Кітапты қолыма алғанда бірден Шынболатты іздедім. Таппадым. Кітапты орнына қоя салдым. Жүрсін ағамыз Шынболатты ұмытуы мүмкін емес еді. Заманында бір-бірімен араласқан адамдар ғой. Кезінде Н.Назарбаевқа арнау жазып, арнауында бар қазақтың мұқтажын жоқтаған Шынболат еді. КСРО қылышын сүйретіп тұрғанда "Шындық" деп жырлаған Шынболат еді. Н.Назарбаев Жезқазғанға келген сайын кездесетін Шынболат еді. Кітаптан таба алмағанымыз өкінішті. Кезінде Шынболаттың «Шындығын» тыңдаған Халық қаһарманы Қасым Қайсенов «Сен шын мәнінде бұл бейбастақ сойқан заманның бүгінгі Бұқар жырауысың. Сен өзіңнің әділетті аңсауыңмен, шыншылдығыңмен, бет қаратпас қайсарлығыңмен, адамгершілік парасаттылығыңмен, жыршылық мәнеріңмен қазақ өнерінің аспандап тұрған жұлдыздарының ең жарқырап, көзге түсерісің! Сенің атыңды қойған адамның тегін адам емес екені де көңілге ризашылық ұялатады» деп жүрекжарды пікірін білдірген екен. Сөйле, Тілім, Алаңдама, тартынба, Найзағайдай шындықты айтып жарқылда! Қалай ғана өмір сүрдім дей алам, Бір ауыз сөз қалмаған соң артымда?!- деп басталатын толғауды естіген қазақтың көзіне жас алмағаны кемде кем. Халықтың ойындағы, көңіліндегі, жан түкпіріндегі шындықты дөп басқан Шынболаттай ақын дәл сол кезде болмады. Ақын бір ғана «Шындықпен» шектеліп қалмады. Жырларын жалғастырып, «Ашыну», «Ұят болды-ау!» атты өлеңдерін өмірге әкелді. Бұл жырларында да қазақтың мұңы, қоғамның дерті, заманның қиындығы ашық көрініс тапты. Ақынның бұл толғауларына басты ортақ тақырып – ұлттың келешегі, қазақтың санасының оянуы арқау болды. Ақын осынысымен ұйықтап жатқан қалың елді дүр сілкіндірді. «Шындықты» жаттап алмаған бала, айтпаған кәрі-жасы қалмады. «Шындық» қазақтың бойына қан болып жүгірді. Ақын Бүркіт Ысқақов «Міржақып Дулатовтың «Оян қазақ» жырынан кейін батыл да ащы жыр ол Шынболаттың «Шындық» толғауы болды. Аз ғана уақыттың ішінде бұл жыр алыс шет елдерге тарап кетті» деп жазады. Расымен де, Шынболаттай шындықты көрсеткен ақындар сирек. Дастархан басындағы лирикалық әндерден басқаны қаламайтын Кеңестік идеология үшін мұндай толғаулар жай отындай еді. Жазушы Шерхан Мұртазаның өзі Шынболатты Махамбет пен Ақтамберді жыраулардың жалғасы деп білетіндігін айтып, ерекше құрметтеуі осыдан болса керек. Бүгінгілер Қасым мен Шерханнан, Бүркіттен артық па екен?! Кітапқа қоспағаны ұят болды!

Нұрсерік Жолбарыс

Қатысты Мақалалар