Солтүстік Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар қызметкерлері орманға саңырауқұлақ жинауға кетіп, қайтып оралмаған 61 жастағы Петропавл тұрғынын 24 шілдеден бері іздеп жатыр, деп хабарлайды Qamshy.kz BNews.kz - ке сілтеме жасап.
ТЖД, Соколов орман шаруашылығы, Қызылжар ауданының жергілікті полиция қызметкерлерінен, еріктілерден құралған топ іздеу жұмыстарын күн сайын жүргізуде.
Құтқарушылар шілденің 24-і мен 28-і аралығында ондаған шақырым аумақты сүзіп өтіп, Ресейдің Түмен облысының шекарасына дейін жетті.
«Күн сайын таңертең жеке құрамға техникалық қауіпсіздікті сақтау туралы нұсқаулық өткізіліп, іздеу жүргізілетін жерлер анықталады. Отряд топтарға бөлінген, әрқайсының жетекшісі бар. Тұрақты түрде хабар алмасу мақсатында топтарға радиостанция берілді. Іздеу жұмыстарына 148 адам, 9 техника жұмылдырылып отыр. Сондай-ақ еріктілер, жоғалған адамның туыстары да атсалысып жатыр», – деді СҚО ТЖД кезекшілік-диспетчерлік қызметінің басшысы Рүстем Жұмағалиев.
Құтқарушылар мен еріктілер күн сайын 27 шаршы шақырым жерді сүзіп шығады. Отрядпен тұрақты түрде телефон байланысы жасалады.
Айта кетейік, Петропавл тұрғыны Николай Александрович Дитюк шілденің 23-і күні сағат 14.00 шамасында көршісімен бірге саңырауқұлақ жинауға кетіп, қайтып оралмаған.