Ақтөбелік кәсіпкер Хайролла Смағұлов 9 жастағы қызымен 40 жастағы әйелін өлтіруге тапсырыс берген, - деп хабарлайды Qamshy.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Белгілі болғанындай, Ақтөбе қалалық соты кәсіпкердің әйелімен ажырасуына байланысты кәмілет жасына толмаған қызына алимент төлеуді міндеттеген. Ал алименттен жалтарған кәсіпкер А.Төлегенов есімді танысына кісі өлтіруді тапсырған.
Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық соты Х.Смағұловты ҚР Қылмыстық кодекстің 28 баптың 3 бөлімі, 24 баптың 3 бөлімі, 99 баптың 2 бөлімі және 1, 7, 8, 14 тармақшалары бойынша (кісі өлтіруді ұйымдастыру, екі тұлға арасында жасалған келісіммен кісі өлтіруге оқталу, ұйымдасқан қылмыстық топ және кәмілет жасқа толмаған тұлға қатысты) кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылып, қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуге сот үкімі шықты.
Ал А.Төлегенов 28 баптың 5 бөлімі, 24 баптың 3 бөлімі, 99 баптың 2 бөлімі және 1, 7, 8, 14 тармақшалары бойынша (қасақана кісі өлтіруге оқталу) кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Тапсырыс орындаушыға жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеуге сот үкімі шықты. ҚР Қылмыстық кодекстің 14 бабы 2 бөлімі бойынша А.Төлегеновтың іс-әрекеті қайталану қауіпі бар деп танылған.
БҚО апелляциялық соты жәбірленуші мен адвокаттардың шағымы қанағаттандырусыз деп танылып, бірінші соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.