Матаевтар ісі: Куәгер «ҚазТАГ»-пен заңсыз шарт жасалғанын айтты

/uploads/thumbnail/20170709065809519_small.jpg

Алты жыл бойы «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігі мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру бойынша лоттарды заңсыз алып келген,- деп мәлімдеді «Матаевтар ісі» бойынша сот отырысында куәгер Шыңғыс Есжанов. Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитетінің маманы Ш. Есжанов сотқа берген жауабында Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті мен «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігінің арасындағы шарттар заңсыз жасалғаны туралы әңгімеледі. 

«2010 жылы мемлекеттік ақпараттық саясатты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы іске асыру жөнінде мемлекеттік сатып алуды өткізуге конкурс жарияланды. Конкурстың нәтижесінде кейбір лоттар бойынша ол өткізілмеген болып есептелді. Өйткені аталған лоттар бойынша конкурсқа қатысуға ешкім жіберілген жоқ. Одан кейін ұйымдастырушылар конкурсқа мүлдем қатыспаған «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС-мен «бір көзден» қаржыландыру тәсілімен конкурс өткізуге заңсыз шешім қабылдайды. Осылайша «ҚазТАГ»-пен заңсыз шарт жасалады»,- деді куәгер соттағы сөзінде. 

Шыңғыс Есжанов 2011 жылы да осыған ұқсас жағдай қайталанғанын айтты. «2011 жылы мемлекеттік ақпараттық саясатты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы іске асыру жөнінде мемлекеттік сатып алуды өткізуге конкурс жарияланды. Ол конкурс та өткізілмеген болып саналды. Одан әріде мемлекеттік сатып алуды «бір көзден» қаржыландыру туралы шешім қабылданады. Сөйтіп тағы да «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігіне конкурсқа қатысуға шақыру жіберіледі»,- деп әңгімеледі куәгер. Оның айтуынша, тендерлерді заңсыз бөлу 2015 жылға дейін қайталанып отырған. Онда да артықшылық тек «ҚазТАГ»-қа ғана беріліп келген. 

Бұған дейін сотта сөйлеген куәгерлер Сейітқазы Матаевтың иелігіндегі «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігінің шартта көрсетілген талаптарды орындамағанын хабарлады. Мәселен, агенттік Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетімен жасалған шарттарда көрсетілгендей, күн сайын мемлекет өмірі мен елімізде іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі ақпараттарды ашық жариялап отыруға міндетті болған. Бірақ осы талап орындалмай келген. Мұны Қаржылық бақылау комитетінің маманы Дәриға Әлпейісова растады. Ол материалдардың қазақ және орыс тілдерінде жариялануы тиістігін, бірақ ондай талаптың да бұзылғанын хабарлады. «Агенттіктің берген есебі мен атқарылған жұмыстар туралы актілерін алып қарасақ, барлығы 199 материал жарияланған. Әрине бұл аз.

Мысалы, күн сайын кем дегенде 5-7 сараптамалық материалдар шығуы тиіс болған. Бірақ ондай материалдар мүлдем шықпаған. Ай сайын кем дегенде 12 сұхбат жарық көруі керек болатын, қарап отырсақ бар-жоғы 5 сұхбат жарияланған. Айтарлығы, материалдар қазақ және орыс тілдерінде жариялануы тиіс болған, бірақ бұл талап та орындалмай келген»,- деп түсіндірді мән-жайды Дәриға Әлпейісова. Аудиттік тексеру барысында анықталған тағы бір жайт, 2011 жылғы сәуір айында шарт бойынша 300-450 жаңалық жариялануы тиіс болған. Іс жүзінде бар-жоғы 150 жаңалық жарияланған. Мамыр айындағы жағдай да осыған ұқсас.

Айта кетелік, сотқа дейінгі тергеуден анықталғандай, 2010-2015 жылдар аралығында Сейітқазы Матаев өз ұлы – «ҚазТАГ халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС-інің бас директоры Әсет Матаевпен бірге алдын-ала бір топ адамдармен сөз байласып, алдау мен сенімді теріс мақсатқа пайдалану жолымен мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталуда. Ұрланған ақшаның көлемі 169 млн. теңгені құрайды.
    
Әмірлан Әлімжан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар