Астана-Бурабай тас жолында қайтыс болған Құмарбек Жәкетай мейірімді, көңілді адам болған. Оның әрекеті көп адамның жүрегінде өшпес із қалдырды деп хабарлайды tengrinews.kz
Ұлы Нұрбол әкесімен соңғы рет телефонмен сөйлесіп үлгерген екен. Құмарбек Жәкетай апатқа 2 минут қалғанда баласына телефон шалған. Ол жолда келе жатқан ұлын уайымдап, қал жағдайын білейін деп хабарласқан.
Баласы көлік апатын көргенін, алайда олардың арасында әкесі бар деп мүлде ойламағанын айтады.
«Демеу беретін туған-туыс бар. Көмекке мұқтажбыз деп айта алмаймын. Өзім Астанада жұмыс істеймін. Тек бір ғана өтінішім бар. Әкемнің ерлігі елеусіз қалмаса екен. Бұл тағы бір өліммен аяқталмауы үшін керек» дейді ұлы Нұрбол.
Құмарбек Жәкетаевтың әйелі жұбайын өте мейірімді, көмекке зәру адамдарға үнемі қол ұшын беретін адам еді деп еске алды.
Құмарбек Жәкетай ендігі жылдың 3 ақпанында 51 жасқа толуы керек еді. Әйелі екеуі 1992 жылы Моңғолиядан көшіп келген. Содан бері Жаңа жол ауылында тұрады. 6 желтоқсанда Құмарбек Жәкетайды жерледі. Құтқарылған Nissan Cefiro көлігінің жүргізушісі Ерлан Оспанов та келді. Құмарбек Жәкетай өмірін сақтап қалған адамдардың арасында ол да бар.
4 желтоқсанда Астана-Бурабай тас жолында ірі көлік апаты болғанын еске саламыз. Бірнеше көлік соғысып, 4 адам қайтыс болды.
Сағат 14.10 шамасында Атамекен ауылының жанында Бурабайдан Астанаға келе жатқан автобус Nissan Cefiro көлігімен соқтығысқан. Автобустың ішінде 49 адам болды. Көлікте отыған үш адам сол жерде тіл тартпастан көз жұмды. ВАЗ-2106 көлігінің жүргізушісі де қайтыс болды. Ер адам машинасынан не болғанын білу үшін шыққан. Бірақ, автобус тиіп кетіп, ол да оқиға орнында қайтыс болды. Көлікті Көкшетаудың тұрғыны тізгіндеген. Ақмола облысының ІІД мәліметінше ол Ресейде есепте тұрған екен.
Әлеуметтік желілерде апат болған жерде үш жасар бала болғаны туралы ақпарат тарады.
Куәгерлердің айтуынша көлікке автобус ұшып түспес бүрын оны майысқан көліктен шығарып алған. Бала Макинск қаласындағы жақын ауруханаға жеткізілді. Тірі қалған баланың туыстары ауруханаға жетті.