Қандастарды қаңғыртқан – алаяқтар алған азаматтық

/uploads/thumbnail/20170708150742790_small.jpg

Сыбайлас жемқорлыққа байланысты «ішіп-жеп қойды» деген көп әңгіменің бір мүйізінде оралмандардың ілулі жүргенін біраз жұрт біледі. Бұл төңіректе қылмысы әшкереленіп, тиісті жазасын алып жатқан мекеме қызметкерлері де жетерлік. Ондайлар көшіп келген ағайындар арасында да жоқ емес. Біз осылардың ақ-қарасын анықтай қояйық деп отырған жоқпыз.  Айтпағымыз,  «ақша алып, кетіп қалды» деген жаманатқа қалып жүрген кей қандастарымыздың дәл осы сөйлемнің керісінше «ақшасынан айырылып, келе алмай отырған» қазақтар екендігі жайында.

 Осы жағдайды өткен жазда Баян-Өлгейге барған сапарымызда естіп жағамызды ұстап едік. Аймақ мешітінің қызметкері Сәттіжан Сәрсенбай деген азаматтың айтуынша, өткен жылы Монғолия мемлекеті Қытайға жер асты байлығын сатып, одан түскен ақшаны халыққа таратыпты. Бала-шаға демей әр адам басына 20 мың тогректен астам (біздің ақшамен 2 мың тендеген асады) ақша үлестіріпті. Сонымен үкімет берген тегін ақшаны алып қайтуға тайлы-таяғымен келмей ме, ақша алуға әрине құжат керек, жеке куәліктерін беріп ақша күтіп тұрған тұрғындардың көздері алақандай болады бір кезде. «Сіздер Моңғолия мемлекетінің азаматтығынан шығып кеткенсіздер, мына куәлік күшін жойған» депті, ақша таратып отырған қызметкерлер. Жә, бұл қалай болғаны? Сөйтсе, оларды Моңғолиядан Қазақстанға келіп алған алаяқтар алдап соққан екен. «Қазақстанға көшіреміз» деп құжаттарын алып, көшірме жасап, сол арқылы паспорт әзірлеп, оны Қазақстанға алып келіп көші-қон мекемесіндегі сыбайластарымен бірлесе отырып әлгі қазақтардың квотасын алған ғой. Қазақстан Республикасының заңында квота алған адам әрине Қазақстан азаматтығын алған болуы тиіс. Бұл азаматтықты алған адам сөзсіз келген елінің азаматтығынан шығады.

 Ал, заңда өзі келмеген адамға ақша берілмейді. Беру үшін заң бұзылуы керек. Заң бұзылу үшін оның атқарылуын қадағалап отырған адам көзін жұма тұруға тиіс. Ол көзін тегіннен-тегін жұма қоймайтыны әммеге аян. Қыруар ақшамен көлегейлеу керек. Шіркін, осы кісілер соқыртеке ойнамай, көзін ашып отырса әлгі бейбақтар азаматтықтарынан айырылмай, жәрдемақыларын алып өмір сүре берер еді-ау деп қоясың өз-өзіңе. Көші-қонның сейфін шағып ешкім де «ақша алып кетпес» еді ғой.

 Сөйтіп үш-төрт алаяқ, арсыздардың кесірінен өмірі Қазақстанға аяқ баспаған қазақтар «ақша алып кеткен» атанып отыр екен. Іс жүзінде ақша алмақ түгілі өздеріне берілетін ақшадан қағылыпты. «Олар әрине байлар емес, шетінен хәлі орта, ортадан төмен кедей тұрғындар. Әсіресе ондай адамдар Өлгейдің маңындағы 9-бақ деп аталатын өңірде көп. Олар «Қазақстанға көшпек ойымыз адыра қалды, Моңғолдағы азаматтығымызды қалпына келтіріп берсе де шүкір» деп отыр» -дейді Сәттіжан ағамыз.

Бек ҒАЛЫМ

Дереккөз: Baq.kz

тақырып өзгертіліп алынды 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар