Қытай: «Димашқа бас жүлдені бермесе, біздің елдің әділетсіз екенін айшықтайды»

/uploads/thumbnail/20170709201922471_small.jpg

Ұлтымыздың заңғар ақыны Мұхтар Шаханов  сонау жылы халқымыздың рухани көкжиегіндегі атақ құмарлыққа қынжыла отырып, Барселона қаласының әуежайындағы «Сұңқарлар» деген керемет өлеңін жазған еді:

«Шығып жатыр, шығып жатыр құлшынып, 

Бойсыз, ойсыз тек ұшуға құштарлар, 

Құштарлықтан тұра ма әлде тіршілік?  

Жеке күйттеп әдеттенген бас қамын 

Бір-біріне ұқсас, ұсақ құстардан 

Тазартамыз қалай өнер аспанын?  

Деген сұрақ алдымызды кес-кестеп, 

Кешегіден келіп жетті бүгінге. 

Қиын, қиын 

Ойланбасақ түбінде. 

Құр далбақтап ұшуды нысап тұтқан 

Ұқсастық пен ұсақтықтан 

Біз әрдайым тиістіміз қорқуға!», – деп сол кезде өнер өлкесіндегі даңғаза атақ құмарлықтан сақтануға дабыл қағып, нағыз өнер дара таланттыларға тиісті бағасын беріп қадірлеуді, сол арқылы нағыз өнер майталмандарына жол ашу керектігін, өнер көкжиегін тазалаудың маңызын атап өткен-ді! Алайда, ол кез нарықтық негізге құрылған қоғам нағыз өнер иелеріне мойнын бұра қоймады. Біраз талапты өнер иелері тұрмыстың тұтқынына түсіп, өз талантын жеп жойды! Жұтап тұрған халықтың жан дүниесіне қалтасы қалың бір шоғыр жарнаманың жұлдыздарын сыйлады, олар күшті жарнамалық қолдаушыларына сүйене отырып, қара ормандай халықтың көзін көлегейлеп, фонограммамен фанаттарын тауып жатты, концерттер берді. Халықтың алдында жұлдызы жарқырап, шолпан болып бір дәуір алшаң басты. Тіпті «жұлдыз науқасына» шалдығып, сәлем беруге жарамай қалған әншілерді де көз көрді. Міне осылар нағыз дарабоз ақын М.Шаханов айтқан бөдене таланттар...

 

... Ары қарай абыз ақынымыз әңгімесін былай өрбітеді, дүниеге бұқа сайысымен әйгілі Испанияның Барселонада болған тосын оқиғаны баяндайды: 

«Болды бірде ғажап жағдай таң қалар, 

Кілең ұсақ, майда құстар-шымшық, торғай, қарғалар 

Билеп алып аспанды реактивті ұшақтардың 

Самғауына қиын кезең басталды. 

– Бізді мұнша әлек еткен 

Бұл күтпеген пәлекеттен құтылатын жол қайда 

Ғалымдардан, сірә, көмек болмай ма?  

Дүлей үрей құшағында азап шектік күнделік, 

Майда құстар турбинаға жойқын ауа толқынмен бірге еніп, 

Бес нән ұшақ істен шықты соңғы айда, 

Деп өтінді ұшқыштардың бастығы, 

Ғалымдардың басшысы-үлкен қасқа маңдайға. 

"ғылым үшін, міне, жаңа тақырып "

Қасқа маңдай аз ойланып отырып, 

Табстады істі басқа маңдайға. 

Басқа маңдай ертіп басқа маңдайды, 

Жете зерттеп, түсінгенмен мән-жайды, 

Құпияның құлпы ашылмай қасарды, 

Түрлі-түрлі тәжірибе де жасалды. 

Айлар өтті натижесіз күйбеңмен, 

Ұшақтардың гүріліне әбден еті үйренген 

Қу құстардың әуежәйді басынғаны соншалық,

Бірін-бірі шұрқыраса қарсы алып,  

Бірін-біріне қоштау айтып тамсанып, 

Таңнан таңға Масайрады ән салып. 

 

Тым бейхабар мынадай "ғаламаттан "

Мадридте оқитын ұлын көріп қайтуға бара жатқан, 

Тарпаң тағдыр сарқа алмаған қуатын, 

Құзар таудың бауырайында тұратын, 

Орманшы қарт үлкен қасқа маңдайдың 

Еді жақын туысы 

О, сәттілік десеңізші қандай бұл, 

Күллі өмірін орман бұрған 

Туысымен қасқа маңдай шәй ішті. 

Сонсоң өзін толғандырған 

Әрі қатты арландырған оқиғаға ойысты. 

– Әй, балам-ай, балам-ай!  

Ғалымсыңдар дүниені нұрландырған талғамы, 

Қолдарыңда ғасырлардың толғағы. 

Кейде ұстаз табиғатқа шәкіріт көзбен қарамай 

Шалыс басып қаласыңдар, мынау соның салдары, 

Деді орманшы күлімдеп, 

Қиын салдар сауал туындатты десе де 

Бұл-оп-оңай шешілетін мәселе. 

Әуежәйға төрт-бес сұңқар табыңдар. 

Парасаты көз арбайтын, 

Ұсақ құсты көргенде төзе алмайтын 

Сұңқар деген тіршілікке нағыз іңкәр дарындар. 

Еркін ұшып шығу үшін биігіне қалаған, 

Оларға сол арадан жайлы ұя салыңдар, 

Және ерекше жағдай жасап бағыңдар, 

Сонда майда құстардың сұсы қашып, 

Еңсесін сұңқарлардың мысы басып. 

Іздеу үшін жанға жайлы басқа орын 

Тастай қашар сол әуежай аспанын. . 

 

Көкірегін көрікті ойға бөлеген 

Орманшы қарт шынында да болып шықты көреген. 

Ұсақ құстан күрт тазарып күллі әуежәй аспаны, 

Ұшақ біткен еркін самғай бастады. 

 

Жеңіл соқпас осы қайсар заңдылықты меңгеру 

Саған қашан келер екен кемел кез. 

Міне, аға, сұңқарларға жол беру, 

Майдаларға күрес ашу деген сөз», – деп жырлай келген данышпан ұлтымыздың рухани дүниесіне дәл осылай тазару керек екенін баяғыда-ақ анық көре білген!  Майда-шүйделердің ұлтымыздың рухани көкжиегін жаулап алып талғамысыз ұсақшылдықтың кеңінен қанат жаятынын, рухани әлемнің лайланып кететінін, әрі бір ұлттың таразы-талғам, танымына кері әсер көрсететінін, жас буынның атақ қуған майда- шүйделерге жұлдыз деген осы екен деп көзсіз еліктеуінен бір халықтың жас буынның да өсіп-өркендеу басқышындағы талғам-танымына әсері болатынын ерте байқаған. Ал, бүгінгі геройымыз миллиардтарды өзінің ғажайып дауысымен тәнті еткен – Димаш. Қазақтың кең даласын өзінің көкірек қуысына сыйдырған Димашты қытайлар тілін түсінбесекте французша түсінетін адамдай тыңдадық. Дауысы әрбір клеткасынан шығып жатыр, Тәңірдің тартуы деп тамсанып жатыр! «Ол тек бұл сайыстың ғана емес, бұдан да биік сахнаның иесі, егер бұл жарыс Димашқа бас жүлдені бермесе, біздің елдің, бағалаушылардың нағыз әділетсіз екенін айшықтайды», – деп жарыса жазып жатыр қытай сайттарының оқырмандары пікір қалдырып.  Міне, бұл нағыз саф таза, асыл өнерге деген адамдардың шын тебіренген жүрегінен шыққан баға, «Тұңшин хабар» сайтында Димашқа жазылған 800 ден аса бағаларды оқи отырып, біз танымай, бағаламай жүрген Димашқа миллиардтар елінің осыншама тәнті болғаны жүрегімді елжіретті. Асқақ қуаныш кернеді. «Әмірені туған қазаққа араға ғасыр салып, Димаштай ұл туса айып боп па?», – деп іштей жұбандым. Баға, пікірлерді оқып отырмын, Табығаштың белгілі бір композиторы: «Дәл осындай ғажап дауыс иесін көрмегелі 20 жылдан асты», – деп таңданысын білдірді. Тағы бір Қытай әншісі: «Мен өзімнің әнші екеніме күмәндана бастадым. Димаш менің әнге, музыкаға деген көзқарасымды бір саты жоғары өреге көтерді», – деп жазыпты. Ал оның дауысына ғашық болдым, таңғалдым, жандым, күйдім дегендерден аяқ алып жүргісіз.

Ал Димаштың бұрын айтқан «Дәйди-дау» «Қараторғай» әндері қандай ғажап! Қазақ халқының әуендерін басқа қырынан көрсетіп, тамылжытып орындаған. Ұлттың жан дүниесіне мүлде сәйкес келмейтін, саны бар сапасы жоқ әндер интернет әлемін жаулап алған мына заманда Димаштың жарқырап өз биігіне көтерілуі – әділеттілік. Менің ойымша бұл нағыз Барселона әуежайында қоя берілген Сұңқар құс! Қазақ өнерінің көкжиегіне, тіпті әлем әуенінің аспанында самғап жүр. Ұлтымыздың музыка өнеріне саналық сілкініс алып келер, дәл уақытында атылған жебе деп үміттемін.  Осыдан кейін қазақ өнері жаңа бір сатыға, жаңа бір белеске көтеріледі деп сенеміз әрі ұлтымыздың ән өнеріне деген таным түсінігі тың белеске көтеріледі, соңғы жас буынға үлгі, өнеге болар. «Болса Димаш бол, әйтпесе өзге техниканың тілін біл» деп ата-ана баласына тәрбие берер мүмкін. Жапонда 700мың ғалым, қазақта 700мың әнші бар деген сықақтан да құтылатын шығармыз, ал біздің әншілер де жаңағы табғаштың әншісіндей өз даусымен,  өз өнерін таразыға салып ойланар, рухы жақтан жаңарар, бөдене таланттылар фонограммамен халықты алдап жүргенінен ұялар.

Қазақтың әр өнерінің биігіне сұңқарларын қоя бергенде ғана әр өнерде өз биігі, өз тазалығы сақталар, кейінгі жас буын да соларға еліктеп тек одан биікке ұмтылар.  Бағытынан жазбас, алдынан биік бағдар шам жағылар. Ғарыштан келген адам кең сахарада қас тұлпарға мініп, еркін самғап барады, тұлпары оның тамылжыған дауысымен бірге қалықтап қанатын кең жайып көк аспанға, кең байтақ сахараға самғап барады, ол қазақ өнерінің көкжиегіне қарай самғап барады, оның қанаты талмасын, ең жоғары биіктерден берсін! қазақтың Рухани жадына жаңаша күш сыйласын, қазақ өнер аспанын  Барселона әуежайындағы сұңқарларша өнер аспанымызды тазартсын, сұңқарларымыз қалықтай берсін, біз бақытты халықпыз!

 Алға Димаш, алға қазақтың Сұңқары!

 

Құр далбақтап ұшуды нысап тұтқан, 

Ұқсастық пен ұсақтықтан 

Біз әрдайым тиістіміз қорқуға! 

Сұңқарына жағдай жасамаған ел 

Майдалардың мазағына қалады...

 

Азамат Тұрсын 

Қатысты Мақалалар