Тозақ қақпасы. Ербент ауылынан 90 шақырым қашықтықтағы отты жалынды осылай атап кеткен. Ол 45 жылдан бойы тоқтаусыз жанып келеді. Кратердің диаметрі 60 метр, тереңдігі 20 метрді құрайды.
Шоғырланған жерасты газын 1971 жылы қазу және бұрғылау жұмыстары кезінде Кеңес геологтары тапқан. Зерттеушілердің бұрғылау мұнарасы мен басқа да құрылғылары пайда болған шұңқырға түсіп кетеді. Аймақ тұрғындары және малға зияны тимеу үшін геологтар газды жағып жіберу туралы шешімге келеді. Өрт бірнеше күннен кейін сөнеді деп болжам жасаған. Алайда, кратерден шыққан газ жалыны 1971 жылдан бері өшкен емес.
Жергілікті халық «қарғыс атқан» деп санап келгенімен, бұл жер – бүгінде туристердің көп келетін Түркіменстандағы ең танымал аймағы. Бірнеше жылдан бері елге әлемнің түрлі мемлекеттерінен келушілер саны артып жатыр.
Оты сөнбес үңгір – кезінде адам қолымен жасалған қателік салдарынан орын алған апаттың нәтижесі. «Тозақ қақпасы» атанып кеткен бұл үңгірдегі жанып жатқан табиғи газдың мөлшері қашан таусылатынын да ешкім дөп басып айта алмай отыр.
Жер астынан шығып шатқан жалынның биіктігі 10-15 метр биіктікке дейін жетеді.
2013 жылдың қараша айында зерттеу жүргізу мақсатында Канаданың танымал саяхатшысы Джордж Коронис кратерге түсіп, түбінен жоғары температурада өмір сүріп жатқан бактерияларды тапқан.
Қызған кратер түбіндегі кішкентай экожүйедегі мұндай бактериялар Жер бетінде кездеспейді.