Біздің редакциямызға Гүлжан Өмірзақова есімді оқырман хабарласып, Ата заңымызға педофилдерге қатысты қатаң жаза қолдануды, «өлім жазасын» енгізуді сұрады:
«Мен Рудный қаласында тұрамын. Екі кішкентай қызым бар. Кіші қызым бір жарым жаста, үлкені төрт жаста. Шыны керек, қыздарым үшін қатты алаңдаймын. Тіпті, есік алдына ойнауға жібермейміз. Өйткені елімізде, қаламызда, азғындық әрекеттер өршіп тұр. Еш жазығы жоқ балаларға тиісуге дәті барған педофилдерді аямау керек. Мен өлім жазасын сұраймын! Ата Заңымызға осы жаза түрі енгізілсе екен. Ондай адамдарға ешқандай кешірім болмау керек! Тіпті, оларды тамақтандырып, түрмеде ұзақ жылдар бойы ұстап отырудың өзі артық. Шын кінәлі екендігі дәлелденсе, өлім жазасына кесу керек. Мен қазір қызметімді тастап, үйде отырмын. Балалардың басы-қасында өзім жүрмесем, қоғамның азғын адамдарынан үлкен қауіп төніп тұр. Мен – анамын және жауыңа да тілемейтін жағдайға тап болған аналардың халін жақсы түсінемін. Сондықтан жазықсыз балалар жапа шекпесін деп, Ата Заңымызда осы мәселе қаралса екен деп, сіздердің редакцияларыңызға хабарласып отырмын. Бұл өтінішім Президенттің құлағына жетсе екен!» – деді кішкентай балалардың тағдырына алаңдаған ана.
Еліміздегі деректерге сүйенсек, Маңғыстаудың бір ғана түрмесінде 28 педофил жазасын өтеп жатыр. Олар 16-40 жас аралығындағы ер азаматтар. Жазаларының мерзімі әртүрлі, қылмысының ауырлығына байланысты, яғни 10-15 жыл аралығында", - дейді арнайы есеп бөлімінің басшысы Айдар Денеев.
Соңғы бес жылда Қазақстанда кәмелетке толмағандарға зорлық жасалған 5 мыңнан астам оқиға тіркелген. Тек былтырғы жылдың өзінде ғана мыңнан аса бала педофилдердің құрбаны болыпты.
Балаларға қатысты мұндай қылмыстың түрі жыл санап өсіп келеді. Соңғы 5 жылда Қазақстанда педофилдер жасаған қылмыс саны екі есеге артып отыр. Елімізде педофилдерді піштіріп тастауға заңмен рұқсат етілген болатын. Тиісті құжатқа президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды. Мемлекет басшысы қол қойып берген құжат педофилдерді аямайды. Енді ұл-қызды зорлаған азғындар ұзақ мерзімге түрмеге қамалып қоймай, жан азабын шегеді. Яғни, абақтыда оларға дәрі егіліп, бір айға еркектік қуатынан айырып тастайды. Бірақ, химиялық кастрация сот үкімі бойынша жасалуы тиіс. Және еркектік қуатынан айыратын дәрі бір-ақ рет салынбақшы.
Ал, Қытайда қылмысы дәлелденсе, педофилді бірден өлім жазасына кеседі. Ал, Германия мен Чехияда қылмыскердің еркек безін ота жасап алып тастайды. Баланың қауіпсіздігін қадағаламайтын ата-аналар да бұл келеңсіздіктің өршуіне себеп болып отырғанын айтады тәртіп сақшылары. Оған перзентінің қайда, немен айналысып жүргенінен мүлде бейхабар отбасыны қосыңыз. Қоғамның бала зорлағандарға ең ауыр жаза енгізуді талап ете бастағанына талай уақыт болды. Алайда, қылмыстық атқару жүйесін іштен жақсы білгендіктен ондай қылмыскерлердің түрмедегі халі өлімнен де азапты боларына сенетін болғаны ма, әзірге бізде педофилдерді ату жазасы енгізілмесе де, соттау мерзімі ұзартылды. Енді, 2018 жылдан бастап оларды химиялық жолмен піштіретін болды. Бұл шара жүйкесінде ақауы бар қылмыскерлерге қатысты қолданылады. Өйткені мұндай қылмысты алдын алу бойынша батыста жүргізілген зерттеулер педофилияның емделмейтінін көрсетіпті.
Марал Шайхы
Пікір қалдыру