Редакциямызға Тоқай Бірлік есімді азамат хабарласты. Ол 2014 жылы Алматы қаласында үй сатып алған. Екі жыл өткеннен кейін Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының иелігіндегі кәріз құбыр желісінде ҚР заңына қарама-қайшылықты тапқанын айтып, бірнеше мәрте жөндеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде кәріз жүйесінің жаман иісі шығып, балалары ауырып қалған. Сондықтан Тоқай Бірлік жөндеу жұмыстарын тоқтатуды талап етіп отыр.
Алайда, «Тоспа су» кәсіпорны жұмыстарына кедергі келтіргені үшін Тоқай Бірлікті сотқа берген.
«Қалалық кәріз жүйесінің Д=150мм үстіне тұрғын үй тұрғызылған. Қауіп-қатер төнген жағдайда оның алдын алу, қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарын жүргізуге еш мүмкіндік жоқ. Бұл жайлы жауапкерге ескерту жасалған болатын. Кәріз үстіне салынған құрылыстың рұқсат құжаттары болса, бізге әкеліп көрсетуін сұрадық. Егер, құжаты жоқ болған жағдайда, құрылыс астындағы кәрізді басқа жаққа шығаруды ұсындық» деп арыз жазған.
Аталмыш арыз бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, бүгін сот болуы тиіс еді.
Тоқай Бірліктің айтуынша сот орыс тілінде өтетіндігін айтқан. Алайда, Тоқай Бірлік орыс тілін түсінбейтінін айтып, соттың мемлекеттік тілде өтуін талап етіп отыр.
«Бұл менің ана тілімді аяқ асты етіп, мемлекеттік тілді қорлау, мемлекетті сыйламау» дейді Тоқай Бірлік.
Сонымен қатар, ол Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының шаруашылық жүргізу құқындағы «Тоспа Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын, отбасына 2 жылдан астам уақыт бойы адамдық құқығын аяққа таптады деп айыптап, жала жапқанын айтып моральдық шығын ретінде Тоқай Бірліктің есебіне 100 000 000 (жүз миллион) теңге моралдық шығын төлетіп беруін сұрайды.