«Астана су арнасы» МКК сынақ зертханасы 19 литрлік бөтелкедегі ауыз суға химиялық сараптама жасады. Тексерудің нәтижесінде сарапшылар елордадағы бірқатар ауыз су өндірушісі краннан құйылған суды сатылымға шығарып жүргендігін анықтады, деп хабарлайды Baq.kz
«Астана су арнасы» қаладағы сауда орталықтарында сатылып жатқан ауыз судың иондық құрамын анықтау мақсатында 57 түрлі минералды суды арнайы тексеруден өткізіпті.
Сараптама қорытындысы 19 литрлік үлкен бөтелкедегі ауыз суды өндірушілер су құбырларының суын сүзгіден өткізетінін анықтады. Яғни, химиялық анализ бұл судың құрамында микроэлементтер мен минералдардың жоқ екендігін көрсетті. Ал мұндай су тірі ағзаның қалыпты жұмыс істеу теңгерімін бұзады.
«Өлі суды» тұрақты түрде тұтынушылар біршама уақыттан кейін бауыр, бүйрек және тағы да басқа ауруларға шалдығады. Сондықтан да, «Астана су арнасы» МКК сарапшылары мұндай суды тұтынушылар тамаққа қосымша ретінде міндетті түрде минералды қоспалар, дәрумендер ішулері қажет дейді. Мәселен, сараптамадан өткізілген судың құрамында кальций мен магний белгіленген стандарттардан төмен екендігі анықталса, фтор мүлдем жоқ деуге болады. Ал ағзаға фтор жетіспеушілігі тісжегінің пайда болуына, кальций тұздарының жетіспеушілігі сүйек ұлпасы дамуының бұзылуына әкеп соқтырады, ал магнийдің жеткіліксіздігі онкологиялық ауруларға шалдығу қаупін арттырады.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, адамдардың денсаулығы негізінен осы сапасыз судың салдарынан нашарлайды. Ағзаға минералды тұздар мен дәрумендерді жеткізуші де, оны лас заттардан тазартушы да дәл осы су болғандықтан, оның сапасына аса көңіл бөлген жөн. Микробиологиялық және химиялық көрсеткіштерге сай келмейтін ауыз суды тұтыну оба, тырысқақ, гепатит және гастроэнтерит секілді жаман ауруларға шалдықтыратыны тағы белгілі.
Ал, елордалықтар ол ауыз суды дүкеннен 300-600 теңге көлемінде сатып алып жүр.
Мемлекеттік стандарттарға сай, кез келген судың түрі, дәмі, иісі, санитарлы-токсикологиялық көрсеткіші сынды құрамының барлығы қатаң талаптарға сай болуы тиіс.
«Астана су арнасының» мамандарының айтуынша, ауыз су өндірушілердің көбісі заттаңбада оның қайдан алынатындығын, химиялық және минералдық құрамын көрсетпейді. Кейбір судың сапасы заттаңбада көрсетілген белгілермен сәйкес келмейтіндігі де белгілі болған.
«Астана су арнасы» МКК баспасөз қызметінің мәліметінше, елордадағы ауыз судың құрамы 86,8 мг/дм3 хлоридтен тұрады, кермектігі - 4,0 мг экв/дм3, ауыр металдар, мұнай өнімдері, фенол, пестицидтер жоқ. Қазіргі уақытта елордада 27 кәсіпорын су шығарумен айналысады. Оның 11-і бөтелкеге құйылатын су шығарса, 16-сы суды автоматты түрде тазалайтын құрылғыларды үйлерге орналастырумен айналысады.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Астана Су арнасы» елорданың суы сапалы әрі сүзгіден өткізбей-ақ ішуге жарамды деген болатын.