Төлеген Айбергеновтың 80 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді

/uploads/thumbnail/20170709222829437_small.jpg

30-ақ жыл ғұмыр кешіп, отты жырларымен Қазақ әдебиетіне өр із қалдырған Төлеген Айбергенов еді. Әдебиет әлемінде Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Жарасқан Әбдірашев, Есенғали Раушанов, Тынышбай Рахым сияқты адуынды ақындардың өзі ұстаз тұтқан Төлеген Айбергеновті 80 жылдығында әдебиет сүйер қауым еске алып конференция өткізеді. Бұл туралы ұйымдастыру комитеті хабарлады.

«Құрметті Алаш жұрты!

Сіздерді ақын Төлеген Айбергеновтың 80 жылдығына арналған «Төлеген Айбергенов поэзиясы және қазіргі заман» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның қадірлі қонағы болуға шақырамыз!

Өтетін орны: Алматы қаласы, Абылай хан даңғылы 105 үй, Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты 
Өтетін уақыты: 2017 жыл, 10 наурыз, сағат: 10.00

Байланыс телефоны: 87754787229», - делінген хабарламада.

Дүниеге өзінің аппақ, тап-таза пейілімен келіп, сол көңілмен кеткен сағыныштың ақыны Төлеген Айбергенов 1937 жылы Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында туды. 1959 жылы Ташкент педагогикалық институтын бітірген соң, 1965 жылға дейін мектеп мұғалімі, мектеп директоры болды.

Төлеген Айбергенов алғашқы жазған өлеңдерінен-ақ қазақ поэзиясына тың серпіліс, жаңа бір екпін әкелді. Оның туған жерге деген сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы өлеңдері 1961 жылы шыққан жас ақын.жазушылардың «Жас дәурен» жинағына кірді.

Бұдан кейінгі "Арман сапары", "Өмірге саяхат" (екеуі де 1963 жыл), "Құмдағы мұнаралар" (1974 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алды), "Мен саған ғашық едім" (1970), "Бір тойым бар" (1981, 1989) жинақтарында замандастарының бейнесі, ол аралаған қазақтың өлкесінің сыры мен кені, даладағы ұлы тіршілік ақынның бір жапырақ жүрегінің сүйіспеншілігіне бөленген.

1987 жылы Т.Айбергеновтің "Мир созвездий" атты таңдамалы жырлары орыс тілінде жарық көрді.

Арқалы ақын, адалдық пен арды ту қып көтерген азамат 1967 жылы Нүкіс қаласында қайтыс болды. Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының жастарға арналған поэзия саласындағы әдеби сыйлығы Төлеген Айбергенов атында.

Қатысты Мақалалар