«Әдемі-Ай» – ұлттың айнасы

/uploads/thumbnail/20170709222826337_small.jpg

Бір тойда екі жақтың құда-құдағилары «Әдемі-Ай» компаниясының кәдесыйларын бір-біріне сыйлап жиналған жұртты таң қалдырғанына куә болғаным бар еді. Бұл осыдан 6-7 жыл бұрын болған оқиға-тұғын. Содан бастап, Бахаргүл Төлегенқызы негізін қалаған орталыққа көз қырымды салып жүретін болдым. «Дүние жүзі қазақтар қауымдастығы» өткізген мүшәйрадан жүлде  алған досым  толқынысын жасыра алмай «Асығыңыз алшысынан түссін» деген ізгі ниетті қазақтан басқа ешбір ұлт осылай бедерлей алмайды деді ағынан жарылып. Шынында да, солай! Тарихын тасқа қашап жазған ұлт екеніміз өтірік пе? Күлтегін бабамыздың рухты оятар отты жыры тасқа бедерленді емес пе? «Тарихымды оқып жүрмін тастардан» деген бір ақынның өлеңі, сірә, тегін емес...

      Қазақ халқы әр қолданған затына ерекше мән берген. Оның бәрі тұнып тұрған философия. Арнайы зерттеуді қажет етеді. Әжелеріміз киген кимешек, аруларымыз үкілеген сәукелемен қатар басқа да тұтынған қарапайым бұйымдары өз ерекшеліктеріне сай, маңызға ие. Жүзік пен білезік, тіпті, аруларымыздың шаш өрулерінің өзінде терең мән жатыр. Оның бәрін жіпке тізгендей ғып айта берсек таңды таңға жалғап  айтуға тура келеді. Ал, бүгін сол құнды бұйымдарымыздың күнделікті тұрмыста қолдану аясы қандай деген заңды сұрақ туады. Әрине, ұлттық нақышын сақтап, жаңарып шығып жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұндай  бұйымдар жоқтың қасы еді.  «Әдемі-Ай» компаниясы ұмыт бола бастаған жауһар дүниелерімізді жаңғыртып өмірге қайта қанат қақтырды. Бұл Бахаргүл Төлегенқызының жемісті еңбегі екені даусыз. Оған қандай мақтау айтсақ та жарасып тұратыны сондықтан. Елбасының қабылдауында болып, ұлт көшбасшысының ақ батасын алғанын, оның өнерін, еңбегін жоғары бағалағанын жалпақ жұрт теледидар арқылы көріп, білді. Міне, бұл еңбектің жемісі. 

      Адам бақытқа еңбегі арқылы жетеді. Тек бағытын дұрыстап, дұрыс еңбектене білуі керек. Кәсібіне адал, талапшыл, тәртіпшіл адамдар қашан да, көздеген мақсатына жетпей тынбайды. Ондай жандардың бағындырған биік-белестері күндердің-күнінде ұлттың әдет-ғұрпымен, салт-санасымен астасып жатады. Абай атамыздың сөзімен айтсақ «Ақырын жүріп, анық басып» ұлтымыздың өшкенін жағып, ұлы жауһарларын жарқыратып көрсетіп жүрген танымал топтамашы-этнограф, «Әдемі-Ай РІus» компаниясының президенті, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, өнертанушы, коллекционер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бахаргүл Төлегенқызының орны бөлек. Оның  балалық шағы мен жастық шағы Қытай Халық Республикасында  өтті.  Еліміз Тәуелсіздік алған соң, 1994 жылы тарихи отанына оралды. Сол сәттен бастап Бахаргүл өмірін қазақ ұлттық мәдениетін насихаттауға әрі құнды тарихи жәдігерлерді сақтауға арнап келе жатыр.  Бахаргүлдің топтамасы ең алғаш ерекше жүзіктен басталып еді, бүгінгі таңда Қазақстан мен Орта Азия халықтары тұтынған тұрмыстық заттардың, қолданбалы өнердің және зергерлік бұйымдардың мыңнан астам даналары бар. Бахаргүл өзінің топтама жасау принципін  былай  деп түсіндіреді. – Әр заттың өзіндік тарихы бар. Кейде адамдар қандай да бір уақ-түйек әшекейлерді әкеп жатады, бірақ негізінен, оларды  ауыл-ауылда жүріп өзімнің іздеуіме тура келеді.

       Бір есімде қалғаны ... сегіз жыл бұрын 1907 жылғы соғылған монеталар, күміс және басқа да әшекейлер тігілген керемет әйелдер камзолын әкеп берген. Осы бір тамаша киімге 70 доллар сұрады, бірақ ол кезде менің қалтамда ондай ақша болмағандықтан, ол зат көзімнен бұлбұлдай ұшып кетті. Әлі күнге дейін өкінемін, – дейді белгілі өнертанушы. Мақсатымыз көнеден келе жатқан жауһар дүниелерді іздеу, табу болған соң,  қызықты оқиғалар да болып жатады. Бір кездері қарақалпақ халқының әйелдер бас киімін сатып алуды ұсынды. Мен оны ойланбастан сатып алдым. Келесі күні сатушы адам маған келіп, ол затты қайтарып беруімді өтінді, өйткені иесі оны сатудан бас тартыпты. Мен оған көнбедім, келісімнің аты – келісім, бірақ әйел күн сайын келіп, есікті тоздырды. Менің  көнбейтінімді  көріп, бас киімнің орнына  XVIII ғасырдың аяғында жасалған қазақтардың күміс  жүзігін  ұсынды.  Ол жүзікті  бір  көргеннен кейін бас киімді бірден қайтардым, мен өзім қазақтардың күміс әшекейіне қатты қызығамын.   Өйткені, әрбір бұйымның  өзіндік  мәні  болады. Ол бұйымға қарап, адамның қай сословиеге жататындығын,  қай жерде дүниеге келгендігін,  оның  мәртебесін  нақты  айқындауға болады. Мысалы, қыздың құлағында сырға болса, айналасындағылар оның айттырылған қыз екендігін  білетін. Немесе қыз тұрмыс құрмай  жатып, құс тұмсық жүзік тақса, бұл оның құс тәрізді еркін екендігін білдіретін.  Әскери жорыққа кеткен жігіт аман әрі жарақаттанбай келу үшін оған да осы тәрізді жүзік сыйға тартылатын. Екі бастаманың, екі отбасының бірігуін «құдалар сақинасы» деп аталатын батыс қазақстандық  шомбал жүзік  білдіретін.  Құдалар  оны  қалыңдыққа  қамқор  болсын, жақсы  қатынаста  болсын деген ниетпен  енесіне  сыйлайды.  Бірде маған осындай жүзікті мың долларға сатты, екі жылдан кейін маған қайта келіп, жеті мың доллар сұрады. Осындай қызық оқиғалар болып тұрады.  

        Бахаргүл Төлегенқызы басшылық ететін «Әдемі-Ай» компаниясы  «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерейтойын Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында «Зергерлік өнер» атты үлкен көрме ұйымдастырып, мерейтойды  ұлттық өнер бұйымдары арқылы өрнектеп, жұртты таң қалдырды.   Көрмеге Қазақ хандығы дәуірінен сыр шертетін жәдігерлер қойылып, ат әбзелдері, қару-жарақтар, зергерлік бұйымдар, киіз үй жабдықтары, киім-кешектер секілді көненің көзіндей асыл бұйымдар қойылды. Соны­мен қатар, «Әдемі-Ай» компания­сы ұлық мереке қарсаңында арнайы кәдесыйлар жасап шығарды. Шынын айтқанда, бұның бәрі Бахаргүл ханым негізін қалаған орталықтың жұмысы. Осындай үлкен шараны ер-азаматша мойнына алып, нардың жүгін көтеру тек іскер жандардың ғана қолынан келетін болса керек.

         Бахаргүлдің қолданбалы ұлттық өнерге деген қызығушылығы кесте тігумен, киіз жасаумен айналысқан анасының арқасында пайда болды. Орта мектепті тәмамдаған Бахаргүл ҚХР астанасына барып, Пекин Мемлекеттік университетінің биология факультетіне оқуға түседі. Оқу жылдары  тарих пен этнографияға үлкен қызығушылық танытады, әсемдігі жағынан ерекше қытайлық сирек кездесетін бұйымдар сақталған мұражайларға барады. Осы салаға қызығушылық танытудың салдарынан Бахаргүл қоладан жасалған қытай мүсіндерін жинай бастайды.  1994 жылы университетті тәмамдағаны туралы  диплом ала салысымен Бахаргүл бірінше рет Қазақстанға келіп, өз пәні бойынша кандидаттық диссертациясын зерттеу жұмысына кіріседі, сонымен қатар қолданбалы өнерді және ежелгі жәдігерлерді жинауды зерттейді.  Содан  бастап Бахаргүл  қазақ қолданбалы өнеріне толығымен беріледі, жергілікті топтамашылармен танысады. Адамдардың бұндай жабық «қоғамдық топтарымен» ортақ тіл табысуға оның Қытайдан әкелген «қазынасы» - қола және мыс мүсіндері көмектеседі.  Бахаргүл осындай сирек кездесетін заттарға деген сұранысты қанағаттандырады, тапсырыстар алады, ал топтамашылар, өз кезегінде, Бахаргүлге күмістен жасалған ұлттық зергерлік әшекейлер әлемін ашады. Біртіндеп, қазақ қолданбалы өнерінің және күміс әшекейлердің заттар топтамасы қалыптасады. Ол кезеңде сирек кездесетін 10-нан астам ғана бұйым болатын.  Осылай кішкентайдан бастаған жұмысы бүгінгі таңда ұлттың ұлы мұраты жолында еңбек етуге дейін алып келді.  Екінің бірі қызығушылық танытатын «Ұлт жауһарлары» көрмесі жыл сайын Астана, Алматы қалаларында тұрақты түрде өтіп келеді. Былтырғы  жылы Қазақ хандығы туын тіккен Жамбыл облысында салтанатпен өтті. Жыл ­сайын Өскеменде, Атырауда, Ақтауда көрме ұйымдастырып келеді.  Әр облыс қызығып шақыртып жатқаны құптарлық іс. Көрме ұлттық құндылықтарды насихаттау болғандықтан,  облыстарды айтпағанда шетелдерді аралап шықса ұлтымыз үшін үлкен насихат құралы болар еді.  Ол да ретіне қалай шешіліп қалар.

        Кәдесыйларды тек қана бизнестің көзі деп емес, ұлттың тарихын зерделеу деп те ой­лаған жөн. Облыстарымызда, шалғай аудан, ауылдарда жиі болып тұрса  жас­тарды отаншылдық рухқа тәр­бие­леудің таптырмас үлгісіне айналған болар еді.

          «Асық ату», «Тоғызқұмалақ» ­сынды ұлттық салт-дәстүрлерімізді, ойын­дарымызды да кеңінен дәріптеп келеді. Мемлекеттік іс-шаралардың көбі «Әдемі-Ай»-дің қатысуынсыз өтпейді.  Мысалы, Қазақстанда өткен Азия ойындарының демеушісі, ресми кәдесый таратушысы «Әдемі-Ай» компаниясы болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қарап отырсаңыз, бұл дегеніңіз спортшыларға үлкен қолдау ғой. Келген қонақтар кәдесыйларға қызығушылықпен қарағанын, біздің елімізге, ұлтымызға деген үлкен құрмет деп білуіміз керек.
     2017 жылы, Алматыда өтетін қысқы универсиаданың лицензиясын еншіледі. Осы айтулы шараға да кәде-сыйларын дайындауға кірісіп кеткен.  Ал «Әдемі-Ай» деген жеке мұра­жай өз алдына бөлек әлем. Мұра­жай­дағы заттардың көбі сатылмайды. Мұражайда ескі І-ІІІ ғасырдағы, яғни қола дәуіріндегі қару-жарақтар, ІІІ-V ғасырдағы тиындар, ХІ және ХVIII-XIX ғасырдағы зер­герлік бұйымдар орын тепкен. Ұлттық кәдесыйлардың саны мыңнан асты. Асық, шаңырақ, торсық, қамшы, асатаяқ секілді кәдесыйлар көздің жауын алады. Оның үстіне меке­мелердің де тапсырыстарын өз уақытында орындауға тырысып келеді.

       Келер жылы бүкіл әлем назар аударатын «ЭКСПО – 2017» көрмесіне Жиырма бір түрлі кәдесый жасап, «ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясына ұсынып жатырмыз.  Осындай кең көлемдегі, мем­лекеттік, дүниежүзілік дәрежедегі іс-шара болғандықтан біз де қалыс қалмаймыз. Тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Қазір сол көрмеге қойылатын арнайы киім-кешектер, үстел үстіне қойылатын түрлі заттар, кітаптар, т.б. дүниелерді әзірлеу жұмысына кірісіп кеткен.  

        «Әдемі-Ай»  ұжымына қызығатындар көп.  Алтын, күміс жалатылып, хрусталь, фарфор, металл, бағалы тастар және т.б.  материалдарды пайдалану арқылы жасалған бірнеше топтамадағы кәдесыйлар көздің жауын алады. Компанияның ерекше жаңалықтарының бірі – қазақтың ұлттық саз аспаптары мен батырлардың қару-жарақтары – қобыз, домбыра, жетіген, қанжар, тұрмыстық бұйымдар – торсық, білезік бейнеленген флеш карталар болып табылады. Әсіресе, салт-дәстүр топтамасындағы  бұйымдарға  назар аударалық. Мәселен, «Сүйінші» кәдесыйында қуанышты хабардың белгісі ретінде қолына желбірете ақ шүберек ұстап, екпіндете шауып келе жатқан ер кісі бейнеленген. Сондай-ақ «Ұлы дала ұландары», «Тәуелсіздік  нышандары» топтамаларындағы  кәдесыйлар да тартымды.  Көне дәуірдегі мәдениет, өнер, мифология және басқа да салалардан мол хабар беретін «Алтын адам», «Таутеке», «Қанатты барыс», қос бұғының мүйіздері  өріле  келе ғаламның негізгі  кіндігі  саналатын  әлемдік  бәйтеректің  діңіне айналғандығын білдіретін  хрустальдан  жасалған  кәдесыйлар да көпшіліктің  көңілінен  шығып келеді. Сондай-ақ «Нау­рыз», «Қыз өссе – елдің көркі», «Жас жұбайлар», «Шаңырағың биік болсын» секілді картиналарды үйіңіздің қабырғасына ілсеңіз де, сыйға тартсаңыз да жарасады.

       Бахаргүл үш ұлдан кейінгі жалғыз қыз  болғандықтан  ата-анасы бетінен қақпай, ерке болды.  Бірақ қанда бар тектілік оны,  алға қойған мақсатына жетуге итермелейтін де тұратын.  Әкесі Төлеген – банк қызметкері, анасы Зұлғиза – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды.  Ол кішкентайынан кітап оқуға, әсіресе, тарихи, этнографиялық кітаптарды  ерекше  құмартып  оқыды.  Сол қызығушылық пен ізденудің арқасында атамекенге оралған соң, ел-жұртты аралап, ұлтының осыдан бес ғасыр бұрынғы әдемі бұйымдарын жинап,  көпке  ортақ  өнер мұражайын  ашты.  «Әдемі-Ай» деп, алаштың Ақселеуі қойған екен. Шынында да, айналамызға «Әдемі-Ай»  әдемілік  нұрын  шашып келеді.     Айналасы 13-14 жыл ішіндегі ұлт жауһарларын жинақтауға айрықша талпыныс жасады.  Бұл күнде «Әдемі-Ай» үлкен отауға айналып отыр. Астана мен Алматыда жұмыс жасайды. Қырықтан астам адамды жұмыспен қамтып, өз кәсібі арқылы өзгелердің де еңбек етуіне ықпал етіп келеді. Ендеше, осындай ұжымды басқарып қана қоймай, ұлттың рухына қызмет етіп  отырған Бахаргүл Төлегенқызына қандай мақтау айтсақ та жарасады. Жасай бер,  жайнай бер, «Әдемі-Ай»!

Е. Тұрсынбаев

Қатысты Мақалалар