Елімізде әр 100 адамға 15 бейнебақылау камерасы орнатылмақ

/uploads/thumbnail/20250623115813527_big.webp

Қазақстанда орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен 5 мың қылмыстық іс пен 317 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Үкімет басшысының айтуынша, Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында цифрлық технологияларды кеңінен қолданып келеді. Атап айтқанда, «Жедел басқару орталықтарына шығара отырып елді мекендерді жаппай бейнебақылау жүйелерімен қамту» жобасы аясында 100 тұрғынға шаққанда 15 бейнекамера орнату көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш бойынша елімізде шамамен 3 миллион камера қажет болады.

Қазіргі таңда қоғамдық орындар мен көшелерде 1,4 миллион бейнекамера жұмыс істеп тұр, оның ішінде 386 мыңы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына және кезекші бөлімдерге қосылған.

Сонымен қатар, бет-әлпетті тану функциясы бар 19 мың камера сынақтан өткізілуде. Осы жүйенің көмегімен 569 күдікті анықталып, ұсталған. Халық көп жиналатын орындарда бейнекамералармен қатар, дауыс зорайтқыш, микрофон және полицияға тікелей байланыс орнатуға арналған «SOS» түймелері де орнатылуда.

Премьер-министрдің сөзінше, бейнебақылау инфрақұрылымын дамыту және камера санын арттыру жұмыстары тұрақты бақылауда.

Айта кетейік, бұған дейін Сенатор Геннадий Шиповских елдегі бұзақылық фактілерінің, әсіресе мектептер мен көшелерде, көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған еді. Осыған байланысты, Үкімет басшысы 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ұсақ бұзақылық үшін жаза күшейтілетінін хабарлады.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар