Жазушы Әкім Тарази Иакинф әкейдің, яғни Никита Яковлевич Бичуриннің еңбектерін аударғанында көне қытай нұсқаларындағы юечжилерді – жолайыралар деп өз ойынан айтқан екен. Сонымен қатар тарихи деректердегі ұлы юечжилерді – ұлы жүз, кіші юечжиларды – кіші жүз деп, тарихшы Нығмет Мыңжанның айтқандарын қайталайды. Жолайыр дегенді Ұлы жібек жолындағы жол айырған сақтар деп, сақ дегенді «жол сақшысы» деп түсіндірген Әкім Тарази осы юечжиларды қазіргі жалайырлардың аталары дейді. Ескі жазуларда «ашалылар» деген тайпаның аты да кездеседі. Бұларды да жазушы «жалайырлар» дейді. Анығында юечжиларды таңбаларына қарай «ашалылар», жалайырлар дегені дұрыс-ақ. Алай да бұл жалайыр дегендеріміз кең мағынада – казақтарды білдіреді. Сондықтан да, философия ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты болған, профессор Сәбетқазы Ақатай: «Жалайырдың тарихы – жалпы казақтың тарихы» деген еді. «Әл-Фараби және Абай» атты еңбектің авторы профессор А. Машанов: «Қазақ деген ат өте көне замандардан келе жатыр, осыдан 3-4 мың жыл бұрынғы тарихта бар ат. Оның біз тек кейінгі, Шыңғыс ханның айналасынан бері басталған шолақ шежірелік түріне, екінші айтылуына жабысамыз» деген еді. Міне, осы ертедегі қазақтардың, яғни каилардың, қаңлы-қыпшақтардың таңбасы жалды айыр болған.
Біріншіден – юечжи дегеніміз юеджи, аджи, ятий, яда, адай болады. Екіншіден – жалайыр дегеніміз таңбаның атауы. Бұл таңба ма, ту ма ең алғашында арийлердің қолында болған. Кейін біз бұл таңбаны Юечжи-Кушан яғни адай-қыпшақ патшалығының алтын теңгесінен көреміз. Орыс мифологиясындағы үш басты айдаһарымыз да осы үш аша айыр таңбаның бір көрінісі. Кезінде өздерін талай шапқан қаңлы-қыпшақ, пешенегтердің таңбасын жеккөрінішті құбыжық ретінде орыстардың суреттегендері еді. Сондықтан да, қазаққа арғықазақ мифологиясы атты ғылымды енгізіп кеткен адайдың ұлы Серкібол Қондыбай бұл таңбаны «айдаһар» деген еді. Анығында, бұл түбіне аттың жалы байланған, ежелгі грек мифологиясындағы теңіз құдайы Посейдондікі сияқты айыр таңба еді. Кейбір зерттеушілер, атап айтқанда «Тамга казахов» атты кітәптің авторы Искакова Мира Қасымжанова сияқтылар Геродоттың еңбегіне сілтеме жасап, қазақтарға бұл таңбаның осы Посейдоннан келгенін айтады. Геродот бойынша айыр таңбалы Посейданнан Атлант пен Қыдыр туады. Қыдыр дегеніміздің қазақтың атасы, Көк Тәңірлік діннің пайғамбары екені белгілі. Қыдыр ата Посейдонның ұлы болса, онда оның да таңбасының айыр болғаны. Ал енді, бұл айырдың жалды айыр болғаны Юечжи-Кушан патшалығының тұсынан бастау алса керек. Алғашында Посейдонның айырының түбіне аттың жалы желбіреген ту ретінде байланған болса керек. Нығмет Мыңжани қытай деректеріне сілтеме жасап, юечжилердің «жылқы елі» атанғандарын айтқан еді. Сонымен қатар жалды айыр дегеніміз арийлік патшалардың қолдарына ұстайтын скипетр де болған. Бұл таңбаның аттың жалы байланған айыр екенін, ескі жазуларда жалайырлардың «қалайыр» деп жазылып жүргендерінен де байқауға болады. Қалайыр дегеніміз анығында қыл+айыр, яғни, аттың қылы байланған айыр дегенді білдіреді. Ал енді, қазіргі жалайыарлардың, үйсін-дулаттардың, тарақтылардың бұл таңбаны «тарақ» деп жүргендері, Әкім Тарази айтқандай «жабайы ұғымнан» болған. Меніңше, бұлай деп айтқандары - шыққан тегін ұмытқан, не болмаса ұға алмағандардың ойлап тапқандары. Бар ақылдарының жеткендері. «Аттың жалына құсып жібергенде екіге айырған» деген сияқты, тексіздердің ойдан шығарған лақабы да жабайы ұғымнан болған.Алдыңғы мақалаларымызда айтқанымыздай, Шыңғыс хан бұл таңбаны Кай әулетінің (қият) ұрпақтарынан малданып кеткен. Не болмаса, өзінің қаршыға таңбасын тастап, патшалар әулетінің өкіліне саналу үшін қияттардың таңбаларын, атақ-даңқын алған. Менің пайымдауымша, Шыңғыс хан дайсақтардан болса, қияттар хансақтардан болған. Тарих атасы Геродот «царские скифы» атаған бұл хансақтардан ел билеген адамдар шыққан соң, «ханлы» атанып, бұл сөз қазіргі қаңлы деген этнонимнің түпнұсқасы болуы да мүмкін. «Келелі елде қаңлы бар, қаңлыдан хан көтер» деп атам қазақ бекер айтпағандай.
Нұрдан жаралды деген Шыңғыс ханның ата-бабасы Боданжардың әулеті «бергі қият» деп аталғанымен, нағашыдан қоңырат болғанынан нақ қияттарға генеалогиялық та, биологиялық та қатысы жоқ. Сондықтан да генетик ғалымдар «арғы қият» пен «бергі қияттардың» екеуінің екі бөлек генотип екендерін айтады. Шежіре аңызы бойынша Шыңғыс ханның бабасы Боданжар ет-сүйегінен қоңырат екені анық. Мысалы, Иисус Христос жөнінде еврейлер: «Рожденный от святаго духа Иисус - во плоти еврей» деп, нұрдан жаралған Иса пайғамбардың ет-сүйегінен еврей екенін айтады. Расында да, қазақта: «Бұқа кімдікі болса сонікі болсын, бұзау өзіміздікі» деген мәтел бар емес пе? Бұл мәтел қайдан келе жатыр? Алдыңғыда біздер Тамғалыдағы тастардағы Айдың нұрының сиыр малымен жыныстық қатынасқа түсіп жатқан көрініс жөнінде айтқан едік. Осы шағылыстан бұқа, яғни найман атасы деген Өкіреш туады. Тамғалы тастарда бұл жай анық сурттелген. Яғни, сиыр малымен жыныстық қатынасқа түскен Ай сәулесінен Ай емес, ұрғашы сиырдың, арийлердің ұғымындағы қасиетті сиыр ананың төлі туады. Сонда, Ай сәулесімен шағылысқан қоңыраттың қызынан туған Боданжар қоңырат болмай ма? Және де оның шешесі Алан ананың таңбасы сиырдың ноқтасын білдіреді. Сонда «Құпия шежіредегі» Алан хауа дегеніміздегі хауа сөзі – арийлердің ұғымындағы қасиетті сиыр ананы айтып тұрғандай. «Құпия шежіредегі» бұл оқиға Тамғалы тастардағы суреттерге қарағанда, христиан дінінен ұрланған жоқ. «Нұрдан жаралу» ежелден келе жатқан арийлердің, Кай әулетінің, қаңлы-қыпшақ, қияттардың наным сенімі. Көктәңірлік, яғни тенгрианство дін болғанда, бұл діннің пайғамбары Қыдыр ата (Кедар пайғамбар) болғанда, Исаның нұрдан жаралғаны рас болғанда, пайғамбарға теңелген, өзін пайғамбар санаған Шыңғыс ханның ата әулеті де неге нұрдан жаралмасқа?
Біз осы нұсқаны ұстанар едік, егер де адайдағы Мұңалымыз мағол болмаса, олардың (мұңалдардың) қолында Шыңғыс хан иеленген таңба қалмаса. Рашиден мен Әбілғазы «мағол» дегеніміздің мұң+ал (мун+ол), яғни «мұңды, қайғыны ал» деген сөз екенін айтпаса. Әбілғазының «ол» дегені өзбек тілінде «ал», яғни «возьми» дегенді білідреді. («Будьте всегда опечаленными». Рашиден). Ал енді, жалайырдың Шыңғыс ханға қатысы осы таңбадан ғана. Қазіргі жалайырлардың шежіресіндегі Шыңғыс ханның таратылуы не жасанды жалған, не болмаса, Шыңғыс ханды атадан қиятқа санаудан болған. Шыңғыс хан қият та емес, жалайыр да емес, Шыңғыс хан – адай-мұңал.
Енді, ортамызда небір даулар туғызып жүрген шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының айтқандарына шолу жасалық. Қазыбек бек те, оның ұлы да тарихи тұлғалар, батырлар болған. Шежіртанушы үшін оның жазғандары көп нәрсені аңғартарды. Автор бұл еңбегінде Шыңғыс ханды жалайырға жатқызып, төрелерді доңыз жейтін халықтың тұқымы екендерін айтады. Осыдан кейін, бәлкім Қазыбек бектің айтқанынан болар, әлде көрген де болар, Жамбыл атамыз жалайыр жөнінде: «Тоғайдан торай қоймаған» десе, енді бір жерінде «Төрт түлігі тұрғанда, Шошқадан соғым сойғандар» дейді. Сонда доңызға әуес жалайырдың түбі қытай деректеріндегі доңыз жегіш мен-у шивейлер болғаны ғой. Қытайдағы қазақтар бұларды «мәни» дейді екен. Башқұрттарда да осы мәнилер бар. Ал енді, Шыңғыс ханның заманындағы жалайырлардың бұл мәнилерге еш қатыстары жоқ. Олардың құрамында қаңлы-қыпшақ, адайлар, тохарлар болған. Қазіргі жалайырлар кезінде қыпшақ даласына Жошы ханға еріп келген мәнилер болса керек, кейін манақтар атанып кеткен. Грумм-Гржимайлоның зерттеулерінде мағол тілдес халықтардың арасында «миняг», «манак» деген халық аталады. Бұлар мағол тілдес қыйдандардың да құрамында болған деседі. Кейбір зерттеушілер мен-у шивейлерді түнгус тобына жатқызады. Онысы дұрыс болар, өйткені, мәнилер тунгустар сияқты аңшы, балықшы халық еді. Сондықтан да болар, Жамбыл атамыз кейінгі жалайырлар жөнінде: «Іледен балық қоймаған» деген де еді.
П. Пельо бұрынғы мен-у шивейлердің мағол тілдес болғанын айтқан. Ал енді қазақ ғалымдарының айтқандарында «манақ» дегеніміз маңғол тілінде «күзетші», «сақшы», «бағушы» дегенді білдіреді екен. Ежелгі жалайырлардың және де Шыңғыс хан мағолдарының түркі тілдес болғаны қазіргі таңда мойындалған ұстаным. Демек, бұрынғы жалайырлар түркі-қыпшақ тілді болғанда, Жошы ханға еріп Дешті-Қыпшаққа келгендерінде осы тілде сөйлеп жүрген. Сонда қазіргі жалайырлар моңғол-тунгус тіліндегі «манақ» деген атауды қайдан алған? Әрине, бұлар мен-у шивейлердің ұрпақтары болған соң алған. Өздерін өз тілдерінде атаған. Қытай деректері көшпенділерді үшке бөліп, ақ татар, қара татар, жабайы татар деп атаған. Ақ татарлар оңғыттар, яғни уақтардың аталары болса, қара татарлар қияттар, қоңыраттар, бұрынғы жалайырлар т.б. болған. Ал енді орман халықтарын, тунгус текті мен-у шивейлер сияқтыларды қытайлар олардың тұрмыс салттарына, әдет-ғұрыптарына қарай жабайы татар деп атаған. Бұлар жөнінде қытайдың елшісі Чжао Хун өзінің жазбаларында: «Так называемые дикие татары весьма бедны да еще примитивны и не обладают никакими способностями. Они только и знают что скакать на лошадях вслед за всеми» деп анықтама қалтырады. Бұл кешегі жабайы татарлар бүгінгі халха-мағолдар болып келеді. Шыңғыс ханды осылардан шықты деп санап жүрген қазақтардың да түбі осылар болса керек, сондықтан да қанына тартады.
Бұрынғы жалайырлар Құлағуға еріп барып, Иран жерінде билік құрып қалып қалған. Олар жөнінде арнайы еңбек жазылған соң біздер осыны бұл жерде қайталап жатпалық. Зерттеушілер жалайыр тайпасының құрамының 15-16 ғасырларда ауысып кеткенін айтады. Қазіргілердегі қаңлы-қыпшақ арий ұрпақтары (тазалары) - Мырза, Күшік (Қосай), Қайшылы (қыпшақ), Қалпе, Сиыршы аталары дейді. Сиыршы дегеніміз патшалар – қасиетті қара бұқаны қадыр тұтқандар. (кеянидтер). Міне, осылардың Шыңғыс ханға дейінгі ұстанған жалайыр таңбалары күллі манақтардың таңбаларына айналып кеткен болса керек. Бұл таңба жөнінде толығырақ ғаламтордағы «Қазақтар мен Шыңғыс ханның түбі арийлер», «Кай әулеті және Шыңғыс хан» атты мақалаларымызда айтылған. Осымен қатар манақтар бұлардың «ноқта ағасы» деген ақсүйектер әулетіне берілетін атақтарын да алған. Ноқта ағасы дегеніміз Кай әулетінің өкілі дегенді білдіреді. (Кушандардың алтын теңгесі). «Қазақтар таңбаларды малға басу үшін пайдаланған» деген кешегі коммунистік дәуірдегі идеологтардың айтқандарын қайталаған қаламгер Марал Ысқақбай «ноқта ағасы» дегенді Шыңғыс ханның құдірет-күшінің арқасы деген екен. Ноқта таңба мен «ноқта ағасы» деген атақ пайда болған кезде Шыңғыс ханның аты да заты да болмаған. Осының дәлелін біздер тағы да, Тамғалыдағы арийлердің дәуірінде салынған суреттерден, және де Кушандардың (хуша-қыпшақ) алтын теңгесінен табамыз. Қасиетті бұқаның ноқтасын қолына Кай әулетінен шыққан патша ұстаған. Яғни «ноқта ағасы» дегеніміз де – патша. Ноқта таңбасы осы Кай әулетінің өкілдерін білдірген. Мәселен, наймандардың басты таңбасы осы ноқта таңба. «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы келтірген орыс деректерінде Зайсан уезінің шежірешілерінің ауызынан жазып алынған мәліметтерден біздер Найман тайпасының Кай әулетінен бастап таратылғанын көреміз. Осы таратылуда мифологиялық қасиетті бұқа Өкіреш те аталған. Наймандардың енді бір басты таңбасының осы Өкірештің мүйізі екені белгілі. Найман бірлестігі мен хандығын құрғандардың түбінің қаңлы-қият, адай екендері айтылды.
Сонымен, қазіргі жалайыр дегендеріміз қазіргі мағолдардың біздің атауымызды жамылып жүргендері сияқты, бұрынғылардың атағын жамылып жүргендер болуы мүмкін. Не болмаса, кезінде дулаттарға қосылып Асқақ Темірге қарсы шыққан жалайырлар қаһарлы әмірдің жасаған зұлматына ұшырағанда өздерінің құлдары болған манақтардың атын жамылып аман қалулары да мүмкін. Қайткенде де, қазіргі жалайырлардың ДНК белгілері Шыңғыс ханның ұрпақтарының ДНК белгісіне маңайламайды да. Бірақ, обалы не керек, қазіргі жалайырлардың ДНК белгісі қыпшақтардікіне ұқсас.
Бұрынғы жалайырлар қаңлы-қыпшақтардан құралғанда (хансақтардан), қияттарға сіңген бөржігінжерден (дайсақтардан) туған Шыңғыс ханның оларға еш қатыстары жоқ. Бұрынғы жалайырдағы джад руының джадай, яғни адай екендері де айтылды. Ал енді, Боданжар нұрдан жаралған болса онда ол қоңырат, адам баласының ұрығынан жаралған болса, (баяут-мұңалдықтан) онда адай болады. Джадтардың бөржігіндермен етене жақын араласып жүргендерін талай тарихи деректер мен зерттеушілердің еңбектерінде айтылады. Бөржігіндер адайлар болғанда, олардың өздерінің бір туысқан адайларымен (джад) етене жақын араласып жүргендерінің еш таңырқағы жоқ. Джадтардан кейінгі бұрынғы жалайырдың құрамындағы тоқыраут - тохарлар, қаңғқаут - қаңлылар, құмсаут - қыпшақтар, Оят – тохарлар, саңғыут – қазіргі қоңыраттағы саңғылдар. Шежіре аңыздарында бұл саңғылдардың қоңыратттарға кейінірек келіп қосалғандары айтылады. Осымен қатар бұрынғы жалайырдың құрамындағы қырқындар да қаңлылар болады. Олардың таңбалары найманның мүйіз таңбасы мен қаңлының таңбасы. Қатарынан басылған бұл таңбалардан біздер қырқындардың қасиетті бұқа Өкірешті қадір тұтқан арийлердің ұрпақтары екендерін түсінеміз. Қырқын дегеніміз қытай деректеріндегі кият-юркин, джуркин, жырхын болуы мүмкін. Найман хандары осы қият-жырхындардан шыққан. Таңбалары бұқаның мүйізі болған. Яғни найман хандарының таңбасы мүйіз де, тайпаның жалпы таңбасы ноқта таңба. Сондықтан да, наймандардың «төре найман» деген атақтары бар. Яғни, шежіресінде Кай әулетінен тарап тұрған наймандардың тегі патшалық әулет болғандықтан «төре» атанған.
Шыңғыс хан жалайыр болса, онда ол бұл тайпаға «унаган боол», яғни атадан құл деген атақ бермес еді. Адай болмаса, баяуыттарға (байұлына) «утэку» яғни «ата ру» деген атақ бермес еді. Шыңғыс ханды өзіне тартудың амалын көрсеткендердің енді бірі Әкім Тарази болады. Ол кісі тіпті, дулаттарды сонау Ергене қоңнан шыққандар дегенді айтады. Дулаттар Ергене қоңда 460 жыл жүрген дейді. Ашинаны Дулат дейді. Негізінде Ашина мен қияттардың атасы Бөрте шененің бір кейіпкер екенін Әлкей Марғұлан айтқан еді. Жалғыз қақпасы болған Ергене қоң қазіргі Ферғана аңғары болғанда, ал енді Ашинаның Алтай тауларынан шыққанында, бұл пікір сын көтермейді.
Дулаттардың бастапқы атаулары «дулыға» еді. Ал енді, дулыға дегеніміз бастапқыда Иакинф әкей айтқан «шлем» болмаған, дулыға дегеніміз қасқырдың басы болған. Сондықтан да қазақ-совет зерттеушілері дулаттардың тудың басындағы құрыққа қасқырдың басын іліп алып жүргендіктерінен «дулы», яғни тулы деп аталған дейді. Найманның ғұлама шежіресі болған Ғұлам Қадыр ақсақал, баяғыда қасқырдың маскасын киіп жүретін халықтың болғанын айтқан еді. Олар кеш батқанда қасқырдың кейпіне еніп (маска киіп) елдерді тонайтын болған екен. Орыс мифологиясындағы «оборотень», яғни күндіз адам, түнде бөрі болып кететіндер шынайы өмірде болған осылар сыңайлы. Ғұлама шежіре айтқан бұл халық, әрине, қасқырды төтем тұтқан дулаттар болса керек. Шежіренің айтқандарының дәлелін біздер тағы да, Тамағалыдағы тастардан көреміз. Бұл тастарда қасқырдың маскасын, тіпті, терісі мен майтабанына дейін киіп алған адамның бейнесі салынған екен. Осымен қатар Геродот та сақтардың арасында бөрінің терісін жамылған адамдардың болғанын айтқан.
Әкім Тарази Ашина дегенді алашона, алашонаны алаш дейді. Сол баяғы, ақырында Түркеш алачу қағанатын алғашқы алаш дегендері сияқты, қазақтың атасын дулатқа апарады. Бұл жердегі «алачу» дегені аласа, төмен, пәс деген мағынада. Осымен қатар ол кісі «ала» мен «ақ» дегендердің сол заманда бір сөз болғанын айтады. Анығында алаш дегеніміз арийлердің заманынан бері айтылып келе жатқан ақбас бала Зал болады. Сондықтан да, арғықазақ мифологиясы Алаш пен Наурыз ағайын дейді. «Наурыз өліп, Алаш қалды» дегендері, арийлердің орнына қазақтар келді дегенді білдіріп тұр. Қаңлының да, қыпшақтың да, адай мен сақтардың да түбінің ғұн-түрік, дулаттарға қатыстары жоқ екендерін талай-талай тарихи деректер айтып тұр. Ал енді қазақтың түбінің қаңлы-қыпшақ, адай, яғни дулаттар сияқты шығыс сақтары (ғұн) емес, батыс сақтары екендері ешбір дау туғызбайды. Ғұндардың бөрі төтемі қазаққа жат төтем. Әкім Тарази Мөдені Бота хан деп еркелетіп, оның юечжилерді, яғни өзі айтқан жалайырлады, біз айтқан қазақтарды қырғандарын айтады. Ашина атауының түбірі ешқандай да алашона емес – Шун, яғни ғұндардың шежірелік қытай атасы Шун Вейдің есімі болады. Қытай дәстүрі бойынша Шунның алдына құрмет белгісі ретінде «а» дыбысы қосылып айтылғанда – ашун, ашын, ашина болады. Ашинаның өзі де қытай жерінен келген. (Гаочань тауы). Әрине, қытайдың қашқын ханзадасы Шун Вей дегеніміз ғұн-түріктердің биологиялық аталары емес. Монголоидтық бет-әлпетті ғұндар мен түріктердің қытайлармен сүйек-шатысының бар екенін білдіретін, шежіре дәстүріне сай айтылған символдық тұлға. Бастапқы бет-әлпеттері европеоидтық болған қазіргі қазақтардың тең жартысының бет-әлпетінің моноголоидтық болып кеткені, Мөденің заманынан бастап біздердің бабаларымыздың енді ғұн-түріктермен сүйек-шатысқа түсіп, мидай араласқандарынан болған. Нағыз қазақ – сары қазақ. Шыңғыс ханның да бет-әлпетінің ақсары, жасыл сұр мысық көзді болғаны айтылады. Орыс зерттеушілері Ашинаның әкеісінің ұйғыр (гаогюй) болғанын айтады. Сонда, көктұрік, көк бөрі, Ашина идеологиясы қазақтікі ме, әлде, ұйғырдікі ме? Қазақтың түбі түрік емес, әлем ғалымдары мойындаған қаңлы-қыпшақ.
Қазақтың төтемі жеті қазынаға енген, арий аталарынан келе жатқан ит жануары болады. Сақ дегеніміз парсыша ит елі дегенді білдіреді. Алай да бұл төтем Түрік қағанаттарының заманында, және де ислам дінінің ықпалымен ұмытылған болса керек. «Құпия шежіредегі» «бөржігін», «бөрітегін» дегеніміздің бөрі жігі, бөрі тегі болуы мүмкін емес, Шыңғыс хан қиятқа сіңген халықтан шыққан болса. Тілеуберді Әбенай бұл шежіренің бұрмаланғанын айтып, небір қисынсыз ойларын келтіреді. Меніңше, «Құпия шежіре» екі-ақ жерінен бұрмаланған. Және де, бұл бұрмалауларға қазіргі мағолдардың ақылдары жете қоймаған. Бұны қазақтың түбін жақсы білген қытайлар жасаған. Бұлар «хасағ мағол» дегенді «хамағ мағол» деп жазып жіберген болса керек. Алай да, «хасағ тергенді», яғни қазақ арбасын қалтырған. Екінші жерінде киіз үйдің төбесінен түскен иттің орнына бөріні жазып жіберген. Не болмаса, бөржігін дегеніміз анығында наймандар айтқан «бөрі жеген», бөрібасар деген мағынада. Бұлар кейін, яғни өткен ғасырда «Алтын дәптердің» табылып, өтіріктерінің шығып қалатындарын ойламаған. Осы сияқты, күндердің бір күндерінде «хамағ мағол» дегеннің «хасағ мағол» екенінің де дәлелі табылып қалар. Алдыңғыда айтқанымыздай, біздер Шыңғыс ханның тегін тек қана осы «Құпия шежіреден» ғана анықтай аламыз. Бұл шежіреде Шыңғыс ханның жалайыр емес екені нақты айтылған. Ал енді, «Құпия шежіредегі» барлық шежірелерге тән жасырын мағыналық амал-әдіс Шыңғыс ханның тегінің адай екенін меңзеп тұр.
Жоғарғы шивейлерді – шибөріш-шапырашты, қытайлардың тілі келмегендіктерінен шивей атап кеткен дейтіндер де бар. Сол баяғы, Шыңғыс ханды шапыраштыға тартудың амалы. Шапыраштының да түбі қаңлы-қият, нағашыдан қоңырат. Сондықтан да шежіреде бесшам (бесут) шапырашты Кай әулетінің (қияттың) атасы Бөртеден тарайды. Бұл солтүстіктік доңыз жегіш мен-у шивейлерді мағолдардың атасы деп қытай мен орыс тарихшылары кезінде әдейі айтқан. Көпті көрген, көп оқыған Қазыбек бек Тауасарұлы олардың доңыз жейтін халық екендерін қытай деректерінен білген болса керек. «Құпия шежірені» оқыған әрбір есі дұрыс адам, Шыңғыс ханның қият та емес, Дубун Баянның ұрпағы да емес екенін оңай ұға алады. Яғни, ол жалайыр да емес.
Шыңғыс ханды жалайырға жатқызып жүрген Тілеуберді Әбенайұлы Боданжардың бесінші ұрпағы Қайдуды жалайыр деп, жалайырдың құрамында Төре руы болған деп, бұл Төрені Шыңғыс ханның руы деп адасады. Анығында Төре, төре найман, жалайыр төре дегендеріміз ариилердің ежелгі мифологиялық патшалық Кай әулетінің ұрпақтарын білдіріп тұр. Міне, нағыз төрелер осылар. Ал енді, Боданжар да, Шыңғыс хан да, оның ұрпақтары да осы төрелердің атын жамылғандар болып келеді. Шыңғыс хан төре болу үшін қияттан, яғни, Кай әулетінен тууы керек еді. Тілеубердінің Қайдуды жалайыр деп, шежірені бұрмалағаны бірінші емес. «Құпия шежірені» аударғанында да, көптеген жаңсақтықтарды өз атынан айтып жіберген. Ал енді, оның Шыңғыс ханның Жетісуда жүргенін айтқаны күлкіні келтіреді. Қытайдың көптеген деректерінде Шыңғыс хан мағолдарының солтүстікте екендері айтылған. Мәселен, найман Таян ханның оңғыттардың көсемі Алакүш тегінге: «Егер де сен маған оң қолым болып қосылсаң, солтүстікті (оқы Шыңғыс ханды) тыныштандырамыз!» деген сөздері тасқа қашалып жазылып қалған. Осы сөздер «Юань-ши» дерегінде де айтылады. Наймандар Тарбағатайдан Хангайға дейінгі аралықтарды, яғни, солтүстік батысты қоныстанған болған. Сонда Таян хан солтүстік деп, қазіргі Маңғол үстіртін айтып отыр. Қайдағы Жетісу?
Ал енді, Жетісудағы жер атауларын, соның ішніде солтүстіктегі Бұрқан тау мен Керөлең өзенінің атауларын манақтар өздерімен бірге алып келген. Мәселен, Алтай тауларындна, Катон-қарағай ауданында Тарбағатай деген жер атауы бар. Сонда біздер осы жер атауына қатысты, Қабанбайды қаратай деуіміз керек пе? Оралхан Бөкейдің руы қаратайлар бұрында қаракерей Қабанбайдың тайпасында болып, байжігтіттермен сыйыспай қара тайдың ізімен Алтайға кетіп қалған еді. Сондықтан да, жаңа қоныстарына өздерінің бұрынғы қоныстарындағы таудың атын берген. Манақтардікі де осы.
Қазақтардың Шыңғыс ханға таласып жатқандары жөнінде, ұлы ханды найманға жатқызып жүрген Қайрат Закирянов айтқан еді. Анығында, қазақтар оған таласып жатқан жоқ, өздерінің руларының шежірелерінде не бір себептермен айтылып қалған соң, осыған сеніп, Шыңғыс ханды жалайыр, керей, найман, уйсін, дулат, адай деп айтып жүр. Ал енді, «Құпия шежіре» мен «Алтын дәптер» табылмай тұрған кездерде, біздің бабаларымыз Шыңғыс ханның қазақ болғанын айтып жүрген. Міне, осы себептен болар, әркім өз шежіресіне Шыңғыс ханды кіргізе берген. Бұл жайға қазіргі қазақтардың сеніп жүргендері, әрине, надандықтан болған. Өйткені, біздің түбімізді жақсы білген отаршылдар, қазақ халқынан шежірені аулақ ұстаған. Сондықтан да, қазіргі таңдағы оқырмандар дала ауыз тарихының дерек беруіндегі шежірелік тәсілді түсінбейді. Шежірені жақсы білген адамдар қудалуға түсіп, атылып, жәншілген соң, Кеңес дәуірінде шежірені айтудың оқыс болғаны хақ. Алай да, орыс империясы мен Кеңес дәуірінде адай халқы мен оның ақын-жыраулары зұлматқа ұшырап жатса да, Шыңғыс ханның адай болғанынан бір танбаған. Өйткені, бөржігін әулетінің атасы сонау баяут-мағалықтың (байұлы-мұңал), Шыңғыс ханды тайшыуттардан аман алып қалған Сорқан баяуттың (байұлы Сорқан шал) замандарынан бері Шыңғыс ханның адай екені айтылып келген. Кешегі Шыңғыс ханды жауыз деген коммунистердің заманында, оны өзіне тартқан, адайдан басқа бірде-бір қазақты көрген емеспін. Енді келіп, бәрінің батыр бола қалғаны. Ерте замандағы бабаларымыздың айтқандарында, қазақтың ханының қызына Ай сәулесі келіп жүкті қылған соң, шешесі қыздай тапқан баланың атын Шын+қыз қойған екен-мыс. Шынқыз дегеніміз ақиқи қыз, нақ қыз, яғни, орысша айтқанда «непорочная дева», «девственница» деген мағынада. Яғни, бұл аңыз Шыңғыс ханды пайғамбарға теңеп тұр, өйткені, қазақтар Шыңғыс ханды машайық көрген. Сондықтан да, шамандық жөнінде жазған Шоқан, қазақтардың Шыңғыс ханды құдайдай көргенін айтқан еді.
Қайрат Зарыпхан. Шежіретанушы. Өскемен.