Есенғали Раушан. Дулат пен Төлен

/uploads/thumbnail/20170708150805939_small.png

Классик “Еуропаны елес кезiп жүр” деген. Алматыны елес кезiп жүрген жоқ, “бүкiлқазақстандық зия­лылар съезiн шақыру керек!” деген әңгiме кезiп жүр. Көптен берi. “Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несi бар?!”, зиялылар арасы тыныш, мамыражай болса, бұл әңгiменiң шықпасы анық. Бұл не, үндемей жүре беруден халық жалықты ма, өкпе ме, наразылық па, құдыққа құлан құлатып құлағында құрбақа ойнатып отырған ресми билiктен күдер үзу ме? Обал, ұят, иман, сауап дегендердi, кәдiмгi қарапайым мораль, жанұя, тәлiм-тәрбие мәселелерiн сөз етудi ұмытып бара жатқанымыз ба, жоқ мұның бiрi де емес, әшейiн амбиция ма? Зиялылармен ресми билiк есептеседi деген есек дәме ме, әлде?.. Жақында “Жас Алаш” газетi ақын Темiрхан Медетбектiң   Төлен Әбдi­ков пен Дулат Исабеков туралы екi өлеңiн жариялады. Ия, арнаған емес, туралы. Яки, әдеби портреттер. Менiңше, соңғы кездегi әдеби өмiрiмiздегi елеулi жаңалық осы екi өлең болған секiлдi. Неге? Ендiгi сөз сол туралы. Темiрхан ақынның тамаша өлеңдерi тек бұл екеуi емес десек, әлбетте, ештеңе айтпағанымыз. Ендеше, неге “жылқы iшiнде ала едi”, үйiрден бөлiп осы екi өлеңге тiгiле қалдық? “Қазақтың ұлттық интеллигенциясы қашан қалыптасты?” деген аңқау сұрақтың жауабы-дағы, әрине, аңқау болмақ. Ол кезеңдi Абайдан әрi, Абайдың тұсында немесе Қазан төңкерiсi­нiң маңайы, бұл екеуi де патша көңiлi­ңiзге жақпаса, кемелденген социализм мен кемелденбеген капитализм­нiң тұсы дейсiз бе, жоқ ешқандай ұтылмауды ойласаңыз, Құдай тiлеуiңiздi берсiн, желдей есiп, жекендей толқып ел болып етегiмiздi жауып, Алатаудай асқақтап егемендiк алған жылдарымыз дей салсаңыз, қатып кеткелi тұр. “Тiлде буын жоқ” дегенге “қазақтың тiлiнде ”деген анықтауышты қосып айтқан жөн бе екен осы? Жоқ! Үзiлдi-кесiлдi жоқ! Менiңше, қазақ интеллигенциясының пайда болған және қалыптасқан кезеңi деп қазақ деген ұлттың пайда болған кезiн айтқан жөн. ”Ұлт дегенiң не өзi, үш-төрт кiсi ғана ма?” деген шарасыз ақынның дәрменсiз айқайын дұрыс түсiнiңiздер, ағайын. Ол қасқа өтiрiк жылап тұрған жоқ, шын жылап тұр. Қазақтың тарихын ешкiм де меншiктей алмақ емес. Интеллигенциясыз ел – тобыр, бiр өңкей шобыр мен кертұғырдан құрылған азбанның үйiрi болмақ. Әр кезең өз интеллигенциясын туғызады. Мысалы, Ғабең марқұм (Ғабит Мүсiрепов) Бейiмбет Майлин­дi ерекше атаудан жалыққан емес. Оның алдында Сырым Датов туралы “қарадан шыққан хан едi ” дегенге саятын мақаласы жадымызда. Сыбырлап айтқан әңгiмелерiнiң арасында Әлихан Бөкейхан, Ахаң мен Жақаң, Жүсiпбек Аймауытовтарды, Хамза ағай Есенжанов болса, Халел мен Жанша Досмұхамедовтер туралы толғанған көрiнедi. Ескi әңгiмелердi көп бiлетiн, жақсы бiлетiн көзi тiрi абыздарымыздың арасынан Серiк Қирабаевты ерекше қадiрлеймiн. Серағаңмен жолыққан сайын Мұхаң, Сәбең, Ғабең, Ғабиден ақсақал, Ахмет Жұбанов ағамыз туралы естелiктерiн айтқан үстiне айта түссе екен деп тұрамын. Менiң жалықпай тыңдайтынымды ол кiсi де сезе ме, қашан да жақсы хикаяларын шертуден жалыққан емес. Менiң ең көп естiген әңгiмем және әрқашан да ести бергiм келген әңгiмем, ақын Қуандық Шаңғытбаевтың марқұм Ғалым Ахмедов туралы ”Шын зиялы” дейтұғын, басқаның дастанына не романына бергiсiз цикл әңгiмелерi. Мұқағали Мақатаев Ғабеңе арнаған өлеңiн қалай бастаушы едi: О, Ғабе, анда-санда сiздi көрем, Сiздi көрсем жомарт бiр күздi көрем Елiктеп өзiңiзге есiм кетiп, Мен-дағы ақ қағазға тiздiм өлең... Елiктейтiн, елiктеуге тұратын ағаларымыз көп едi ол кезеңде. Әлбетте, көргiң келмейтiн, естiгiң келмейтiндерi де жетерлiк болатын. Бiр қызығы, жақсылардың көбi кетiп, жамандардың әлi күнге азаймағаны. Әлi күнге әрдеңенi бықсытып, “анау ауыл мен мынау ауылдың дауын” даулап ел “көсемдерi” атанып жүргендерi. Бiрақ бiз қара туралы емес, ақ туралы айталық. Ақ туралы айтсақ, қазақтың басына қандай жаман күндер орнаса да, тiптi елу жыл, жүз жыл бойы ел етiгiмен су кешкен кезеңдер­дi басынан өткiзсе де, үзiлмей келе жатқан бiр алтын арқау бар. Ол – бiз сiзге жеткiзе алмай отырған зиялылық. Темiрхан ақынның сол топтың арасынан Төлен Әбдiков пен Дулат Исабековтi дәл таба бiлгенi қуантады. Өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдары сондай бiр топ өсiп шықты. Бiз соларға елiктедiк. Бiреулер оны Әбiш Кекiлбаевтың маңында қалыптасқан жiгiттер десе,ендi бiреулер Асқар Сүлейменовтiң соңына ергендер дейдi. Екi топтың пiкiрiмен де келiсуге болады. Себебi екеуiнiң де ат байлаған тұсы Адалдықтың ақ кермесi болатын. Төкең мен Дүкең кiмнiң маңында қалыптасты,оны өздерi бiр ретi келгенде айтар, айтпаса өздерi бiлсiн, әйтеуiр: өмiрде ылдым-жылдым пысықайлықтан, ерiм десе болды, елiре шабар ермелiктен, әсiре қызыл тез оңар әсершiлдiк­тен, атақ үшiн атан түйе сояр қызыл­көз­дiктен, екi кiтап жазып,үшiншi кiтап мен туралы жазылса екен дейтұғын керенаулықтан, бес күндiк өмiр үшiн алты күндiк дүние жинайтын тоғышарлықтан, “ағайының едiм” дегендер үшiн жалаңаш барып жауға шабатын жанкештiлiктен ада, “сай сайға құяды”, ”у жесең руыңмен” атты мақалдарды ұстанбай, “саяқтығым – азаттығым” дейтұғын ардалықтың ақ самалына кеудесiн тосып өскенiне ағалары да, қатарлары да, соңынан ерген бiздер де сенетiнбiз. Иншалла, алданған жоқпыз. Көрiп отырсыз ғой, бiз сөзiмiздi ол екеуiнiң шығармашылығына емес, азаматтығына арнап отырмыз. Ол жетпiсiншi жылдар едi. Одан соң сексеннiң сергелдеңi келдi. Қай кезең де Төлен мен Дулатқа оңай соққан жоқ. Тоқсаныншы жылдардың тозғыншылығын да бастан өткердiк, зиялымын дегендер тозбады да азбады, адал жүрегiн, ақиқат жолын сақтап қалды. Бұралаңдамады, бұлтармады, қысқа жiп күрмеуiне келмеген соң ұшына кендiр жалғап жiбере салудың не екенiн түсiнбедi, түсiнуге талпынбады да. Заманың тазы болса, түлкi боп шал Төкеңе де, Дүкеңе жат қылықтар болатын. Орыстың мақалы айтады “Бiреудiң қалтасындағы ақшаны санамас болар” деп. Әлбетте, санамаймыз. Билiк солай деп отыр. Бiрақ бұл үкiмнiң саналатын ақшасы жоқтарға не қатысы бар? Олар кiмдер десеңiз, өз басым сол топтың ең алдында бiреуi Дүкенбай Досжанов, бiреуi Дүйсенбек Қанатбаев туралы анекдоттарын айтып Төкең мен Дүкең бара жатарына   сенемiн. Нарық өнер адамдарының арасында, әсiресе, жазушыларға қиын тидi. Олардың арасында, әсiресе, Төкең мен Дүкеңе қиын тидi. Бизнес жоқ, тамыр-таныс тағы жоқ, қаламақы құрыды, айтқан сөзiң өтпейдi, шенеунiктер шекесiнен тыңдайды... Алла-ай, сонда да арызданбайтын, сұрамсақтанбайтын, үлкенге де, кiшiге де жек көрiнiштi болып тiлемсектенбейтiн ағаларымыздың алдында Төкең мен Дүкең жүредi. Менiң Астанаға барып келгенiмдi бiлсе, Әбең (Әбдiжәмiл Нұрпейiсов) “Анау екi баладан хабар алдың ба, жағдайлары қалай екен?” деп сұрайды. Екi “баласының” бiрi – жасы жетпiстен асып, сексенге қарай асықпай аяңдап бара жатқан Әбiш Кекiлбай, ендi бiрi – жетпiске бүгiн жетiп отырған Төлен Әбдiков. Пұл тапқыш бизнесменге, жақсы саудагерге, керемет шенеунiкке, жаз­ғыш журналиске (бұ да адал-арамы аралас бизнеске айналғалы қай заман), сиқыршы, масқарапаз, әншi, күйшi, бишiге және т.б арнап сыйлықтар, орден, медальдар, төсбел­гi­лер, мақтау-марапаттар берiледi. Болсын. Болғаны жөн. Ендiгi жерде “Ұлт мақтанышы” әлде “ұлттың ұйыт­қысы” немесе “ұлттың рухы”, мен бiлмеймiн, аты табыла жатар, қалай болған күнде де алғаш естiген құлаққа ұлттың ұятындай болған кiсiлер екен ғой дегiзетiн бiр марапат керек. Әйтпесе, қазақ бүгiнде Дулат Исабековтiң шетелде қойылған пьесасын емес, Мұхтар Әбiля­зовтiң шетелде ашқан телеканалын көбiрек бiлетiн боп барады. Қазаққа бүгiн Төлен Әбдiков емес, Жолбарыс Сейфуллин танымал. Бұрынғы шалдар айтады екен ”науқас адамның, қарт адамның және надан адамның үстiнен күлуге болмайды“ деп. Бiздiкi күлу емес, күлмекке жақсы қысыр сөз де емес. Бiздiкi – басқа. Үкiметiмiз бұдан екi-үш жыл бұрын ғайыптан тайып бiздiң баспа саласын (демек, жазушыларымызды да деп түсiнiңiз) Байланыс және коммуникация министрлiгiне қосты. Қызық сонда басталды. Жаңа министрiмiз Асқар Жұмағалиев деген азамат өз саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жаңа саланы қалай, қайтiп, неге, не үшiн, не деп, не мақсатпен басқару керегiн түсiнбеген күйi кеттi. Әңгiме оның қазақшасының нашарлығында емес. Қазақшасы Жұмағалиевтiң қазақшасынан да нашар үкiмет мүшелерi толып жүр емес пе?! Кiм ақыл бердi және қандай ақыл бергенiн кiм бiлсiн, әйтеуiр, бұл жiгiт баспагерлермен жұмысты соттасудан бастады. Айналасы жетi айдың iшiнде жетi баспамен соттасып, жетеуiнен де жеңiлдi. Сегiзiншiге келген кезде министрлiгi тарап,ол бiзден, бiз одан аман-есен құтылған сыңайлымыз. Қожанасыр айтты дейтiн ажуадағы “не әмiр өледi,не есек өледiнiң” керi болды. Сотта жеңiп шыққан баспалар әлi күнге Жұмағалиевтiң соңына шам алып түсiп жүр. Қазақстанның ескi һәм жаңа тарихын қарап отырсақ, Жұмағалиевке дейiн өз басқарушы органымен соттасқан, не қырғиқабақ болған бiрде-бiр баспа жоқ. Оның тұсында баспа саласы қалай болды? Бiрде маған телефон шалған «баспа саласының министрлiктегi жауапты қызметкерiмен» арамыздағы сұх­бат­қа құлақ түресiз бе? Абай атам айтпақшы, “құй сен, құй сенбе”, бұл – болған оқиға. Әлқисса, “Алло, мен министрлiктен Түгеншеевпiн. Бұл ”Жазушы” баспасының директоры ма?” деп сұрайды түйеден түскендей дауыс орысша-қазақшасын қотыстырып. ”Иә“ дегенiмше ”Сiздiң аты-жөнiңiз?” дейдi өктем үн бастырмалатып. Сол күнi марқұм Зейнолла Серiкқалиевтың кiтабын қарап отырғанмын. ”Болмасаң да ұқсап бақ” демеушi ме едi Абай Құнанбай баласы, мен-дағы   жаңағы жауапты қызметкердiң стилiмен (егер бұл стиль болса, әлбетте) орысшаның құйрығына қазақшаны қазық бау шалып байлап, “Мен бе, мен Зейнолла Серiкқалиевпын ғой, әдеби псевдонимiм – Қалтай Мұхамеджанов, бiлетiн боларсыз?” деймiн қайтер екен деп. ”А,Қалекенi бiлемiз ғой, оқығанбыз кiтаптарын” дейдi ол. ”Жоқ, мен Қалеке емеспiн, мен Зейнолла Серiкқали Қалмаханабду­ха­дировичпiн ”деймiн (Қалмахан марқұм қайдан тiлiме қыстырыла кеттi десеңiзшi). “А, это Қалеке, сiздiң тақпақтарыңызды оқығанбыз, сiздiң юбилейiңiзге Министр өзi құттықтау жазады. Ол сiздi оқиды, жақсы көредi ” дейдi ол ендi шаруасына көшiп. “Ойдойт!” деймiн iштей. Шаруасына келсек, кiтап шығарудағы “есептiк баспа табақ” пен ”шарт­ты баспа табақтың” айырмашылығын түсiнгiсi келедi екен. Қазiргi ҚазҰУ-ды бiлмеймiн, бiз оқыған кезде бұл бiрiншi курстың баласы бiлетiн “әлiп”. Миына бiрдеңе жетер ме деген үмiтпен ”оны мен де бiлмеймiн, оны бiр бiлсе, Тәкен Әлiмқұлов бiледi” деймiн. “ Ендеше, маған Тәке­нiң телефонын тауып берiңiзшi, ол қай баспада?” дейдi “отағасымыз”. Ендi мен саса бастадым. ” Тәкең командировкаға кеткелi көп болды ғой ” деймiн күмiлжiп. ”Қашан келедi?”. “Қашан дейсiз бе? Қайдан бiлейiн, қарағым, әзiрге ол жақтан қайтқан ешкiм жоқ едi, сен осыны Әлiбектен бiр сұрасаң қайтер екен?” деп Асқаров Әлiбек­тiң телефонын айта бастап едiм, жаңағы марқұмдардан гөрi Әлiбек­тiң аты қаһарлы естiлдi бiлем, әлгi жым болды. Бiрақ Жұмағалиевтың министрлiгi тарағанша сол жiгiт маған бiрде “Зеке”, бiрде “Қалеке” деп ұзақ уақыт бойы телефон шалып жүрдi. Мен оған Тәкен Әлiмқұловтың телефонын тауып бере алмағаныма әлi күнге өкiнемiн. Баспа, ақпарат, газет-журнал салаларын “телефоншыларға” қосқанына бiздiң Үкiмет өкiне ме екен өзi, әлде мұны да дұрыс болды деп есептей ме? Бiздiң Үкiметпен арақатынасымыз баяғының ертегiлерiнде айтылатын “барған iзi бар, шыққан iзi жоқтың” керi. Ешқандай есеп жоқ, өкiну, кешiрiм сұрау, кiсiлiк таныту, кiшiлiк көрсету дегеннен мақұрым болғалы қашан. “ Бiздiң үкiметтiкi қашан да дұрыс!”. Ал, кесiп ал! Дулат пен Төлендi аяйсың. Зия­лыларды дегенiм ғой. Сол кезде өмiрге келген заңның бiрi – мемлекеттiк тапсырыспен шығатын кiтап иесi министрлiкке мiндеттi түрде Жазушылар одағының кепiлдемесiн тапсыруға мiн­деттi. Оны алу үшiн өзi әрең күн көрiп жүрген автор, не баспа Жазушылар одағына бес мың теңге көлемiнде ақша төлеуге тиiс. Не үшiн төлейдi? Ол қандай жарна? Қайда жұмсалатын жарна? Қандай заңға сүйенiп, кiм ойлап тапқан заң бұл? Жалпы, Жазушылар одағының қаржы және шаруашылық қызмет­терiне бақандай он жетi жылдан берi ешқандай тексерiс жүрмегенi туралы соңғы Пленумда көп айтылды. Бiрақ осы ұйымға келгенде Астана да, басқалар да тым мейiрiмдi. Себептерi бар шығар, мейiрiмдi болсын-ақ. Бiрақ, теңгермешiлдiктi қалай түсiнемiз? Бiз мәселенi әдебиетте аты жоқ, таланты ортадан да төмен Немат Келiмбетов секiлдi­лерге неге ескерткiш-тақта орнатылады, неге мемлекеттiк қаржының есебiнен шетелде кiтабы басылады деп емес, неге Нематты он орап алатын таланттар шетелге насихатталмайды, неге олардың кiтабы шеттiлдерге аударылмайды деп қоюды қалаймыз. Дулат Исабе­ковтiң, Төлен Әбдiковтiң, Оралхан Бөкейдiң қасында Немат кiм? Кiм ол Кемел Тоқай дегенi Мұхтар Шахановтың қасында? Әдебиетте не бiтiрдi, қазаққа не еңбегi сiңiп едi? Әрине, осындай әрекеттерден кейiн Дулат пен Төленнiң халы мүшкiл болмай кiмнiң халi мүшкiл болады: Бипазсың! Содан да сен Осынау лас өмiрден Жиiркенiп тұрасың. Жиiркенiп жатасың. Осынау опасыз Сұрқия тiрлiктiң Отына оранып, Өртенiп жатасың! Бiлем мен Оспадар өмiрдiң Кескiнiн көрiп, Ұлтыңды ойлап Қаншама сен Таусылып шыдамың Өзiңе тығылып Тұншығып жыладың. Мен сенiң Тұншығып құмыққан Сол бiр зарыңды Арқырап жатқан Сарқырамалардан да Бес бетер Есiтiп тұрамын. Басқаша Мүмкiн емес қой, Өйткенi сен Амангелдi мен Кейкiнiң Жерiнде туғансың, Ахмет пен Мiржақыптың Елiнде туғансың. Өйткенi сен Бүкiл қазақтың Қайғы мен Шерiнен туғансың (Темiрхан Медетбек. “Төлен Әбдiк, “Жас Алаш” газетi, 31 шiлде,  2012 жыл). Қазақ интеллигенциясы Мемле­кеттiк хатшы болған Қанат Сауда­баевқа қалай қарағаны жалпыға жасырын емес. Оның орынтақта неге ұзақ отырғаны түсiнiксiз. Сол Саудабаевтың орнына зиялылар жақсы бiлетiн Мұхтар Құл-Мұхамед келгенде қуанбаған жазушы жоқ шығар. Мұхтар Әуезовтен бастап, Зейнолла Қабдолов, Салық Зиманов, Қалтай Мұхамеджанов секiлдi алыптар туралы мақалалар тудырған, туындатқан Мұхтар бiр күнi Президент әкiмшiлiгiнiң алпысқа келген бiр қызметкерi туралы етектей мақала жазып таңғалдырды. Ол өзi қазаққа не еңбегi сiңген адам, несiмен елге қадiрлi, несiмен ерекше – мұның бәрiн сол маңда нәпақа тауып жүрген жiгiттерден басқа кiм бiледi? Республикалық газет-журналдар жапа-тармағай жазатындай ол кiм, мемлекет қайраткерi ме, жазушы ма, ақын ба? Бар болғаны Ақордада жұмыс iстеп, алпысқа толды. Қазақстан Республикасының Мем­ле­кеттiк хатшысына арнайы мақала жазу үшiн осы жеткiлiктi бол­ғаны ма сонда? Жоқ, басқа iстейтiн iс, өзге жазатын мәселе құрып қалды ма? Қансырап Жаңөзен жатыр, бiр адамның бизнесiн қорғаймын деп қара халықты қырып тастап билiк отыр. Жазушылардың ахуалы анадай, интеллигенцияның проблемалары күннен-күнге өршiп ол тұр, ана тiлiмiздiң айқайы басылар емес, ал бiз алпысқа келген шенеунiктi Қазақстан болып тойлаймыз. Кезiнде Сырбай Мәуленов Жазушылар одағының вахтерi болып жұмыс iстеп, алпысқа толған орыс кемпiрi туралы өлең жазды. Өлең болғанда қандай?! Сырағаңды неге ол туралы өлең жазасың деп ешкiм күстаналаған жоқ. Ендеше, Мұхтардың мына қылығына неге өре түрегелдiк? Әңгiме әлгi шенеунiкте ме, Мұхтарда ма? Жоқ, әңгiме зиялылықта болып отыр.Талағында битi бар дегендердiң от басқан тайлақтай ыршып түскенi осыдан. Сөздiң киесi барын басқа басқа, Мұхтар бiлуге тиiс. Сергiмесек, серпiлмесек, не боп барамыз, ағайын?! Бiз Қазақстанның абыройын көтерудi емес, керiсiнше ұятқа қалудың неше түрлi жолдарын ойлап табудамыз. Әрине, осындай бұлталақтардан кейiн Дулат пен Төлендi қалай аямайсың? Көзi тiрiсiнде классик атанбақ түгiлi, жөнi түзу жазушылар санатына да iлiкпей, ”Социалистiк Қазақстанда” журналист боп Балғабек Қыдырбекұлы өттi. Оның атын шығар­ған, сөздiң турасын айталық, жаман атын шығарған “Түп-тұқияннан өзiме шейiн” атты кiтап болды. Бабасы жазып, бiр жерге тығып кеткен екен, егемендiк алған соң Б.Қыдырбекұлы бастаған ұрпақтары мен ұрпағы еместерi қосылып жарыққа шығарыпты. Қазақ интеллигенциясының екiге жарылуы, яки араға жiк түсуi осы кiтаптан басталды. Кейбiреулер қоздырып жүргендей, Қыдырбекұлының бабасына ешкiм қатты сөз айтпайды. Ол жарықтықтардың жатқан жерi жайлы болғай, елдiң бiрлiгiн ойлап өткен кiсiлер деседi және олар өтiрiк, өсек, әсiре мақтаншақтық, ұрыншақтық, надандық, жөнсiз, ретсiз сөз, көргенсiз қылықтармен өмiр-бақи күрескен көрiнедi. Бабаның аты – баба! Гәп бабада емес, балада боп тұр емес пе?.. Әттең, ендi өрши бастаған дауды дер кезiнде ауыздықтап,ел татулығын сақтап қалу үшiн билiк тарапынан еш харекет жасалмады. Халық арасында айтылмай қайнап, пiсiп келе жатқан сөз көп. Ол сөз бүгiн айтылмаса, ертең айтылады! Жазушылар одағының да, оның жиырма жылдан астам уақыттан берi тiстi бақадай жабысып, билiктен айырылмай келе жатқан хатшыларының да дауға төрелiк айтар абырой-беделi мен салмағы жоқ. Оны Ақорда бiлiп отыр. Жалпы, Қазақстандағы қандай ахуалды да Ақорда бiлмейдi дегенге ешкiм сенбейдi. Арада талай жыл өттi, кiтап ара-тұра Үкiмет қаржысына қайта басылады. Зиялы қауым қайта наразылық танытады. Бiрақ онымен есеп­тесiп жатқан ешкiм жоқ. Бiздiң “Бү­кiл­қазақстандық зиялылар съезiн шақыралық!” дейтiн себебiмiз тек бұл емес. Халыққа президент айтар сөз қордаланып, жиналып қалды. президенттiң сөзiн тек президент айтуға тиiс. Есенғали РАУШАНОВ

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар