Жансұлуды соттау - ұлттың жанын, болашағын соттау

/uploads/thumbnail/20250612095250598_big.webp

Қазіргі Қазақстан үшін ең құнсыз, ең жеккөрінішті дүние - қазақ тілі, қазақ намысы, қазақ мүддесі, Алаштың ары болып отыр. Иә, санымыз өсіп, бұл мәселелер өздігінен шешілер күн алыс емес. Бірақ сол күнді барынша алыстатып, бас көтергенді басып-жаншып, ауызын ашқанды абақтыға қамап, ел тілегін елемеуге, аяқасты қылуға бар күш-қайратын жұмсап отырған қолында билігі, қоңында байлығы бар топтың дәурені жүріп тұр. Олар үшін 77 атасынан осы жерді мекендеп, осы топырақты қорғаған қазақтың құны кеше келген келімсектің жанында жетім лақтың құрбандығынан да арзан. 

Тәуелсіздіктен бері жүргізілген қитұрқы саясат бар қазақты еті өліп кеткен езге айналдырды. Байдың қарыны тоқ, көйлегі көк, ақшасынан басқа бас ауыртары жоқ. Кедейдің қожайыны - кредит, тірлігі - жан бағу, күнкөріс. Ашуы асып бара жатса кредитін жауып бер, жәрдемақысын көбейт, тіпті баспана сыйлай сал. Болды! Ары қарай білгеніңді істе! Ата-бабасынан қалған мұхиттай байлығынан тамшы тамызсаң болды. Тірі жүргені олжа. 

Сөз ұғады-ау деген кейбіреуіне “не сұмдық мынау, не болып жатыр?” десең сұқ саусағын астыңғы ерніне тақайды. “Үшшш, Үндеме!!!”. Сосын әлгі сұқ саусақ аспанды меңзеп, Ақорданы көрсетеді. “Мына жоба қазаққа керек! Кешіктірмей қолға алайық” десең “жақсы, келесі апта кездесіп ақылдасайық” деп шығарып салады. Ол “келесі аптаның” соңы жоқ!!! Байшыкешке барсаң 10 қазаққа жұмыс бергенін, 20 қазаққа қайырымдылық жасағанын айтып, ұлт мүддесіне осындай Ұлы қызмет атқарғанына риза. “Әр қазақ өзі мықты болсын” дейді әлгі дәнішпан. Кәсіпкер, меценат, бәленбай, түгенбай деп жүргеніміз Алаш дейтін алып кеме суға батып бара жатса, соның жыртығын жамауға емес, әркімнің жеке қайығы болсын деп ақыл айтудан аспай жүр. 

Кеше ғана Солтүстік Қазақстанда Жансұлу есімді қазақ әйелі соттап жатыр. Ұлттың тілін, намысын, мүддесін қорғаған кез келген қазақты түрмеге тоғыта салу - әдеттегі жағдайға айналды. Ал ай-күні толып, әне-міне босанады деп отырған ананы соттау - бұл қазақ намысының қаншалықты тірі екенін сынап көрудің соңғы шегі болса керек. Оғанда мыңқ етіп, күңк етіп қана үн қатуға жарамай отырмыз. Елімді кім таптамай, жерімді кім қорламай жатыр?! Оларға сот жоқ! Тайраңдай берсін! Тек қазақтар Путинге, Ресейге, орысқа тіл тигізбесін! Бүгінгі шындық - осы!!! “Өлдің, қазақ, қор болдың!”. 

Ет өлу, енжарлық, немкеттілік, көмпістік, құл шүкір, күң тәубе болмыс - бүгінгі қазақтың сүйегіне өтті. Жансұлуды емес ұлттың жанын соттауы, іштегі нәрестесімен болашағыңды, үзілмес үмітіңді соттап жатқаны - соның айғағы!!! 

Қазақтың тіліне, ар-намысына, ұлттық мүддесіне жасап жатқан Биліктің бүгінгі қиянаты - қазақ тарихында қарабет, қара дақ, кер заман кезең болып мәңгіге жазылары сөзсіз! Қанында титтей тектілігі бар шенеунік ұлтты сатар, ұрпақ алдында ұятқа қалар әр қиянатта өзінің де қолтаңбасы барын ұмытпасын! 

Біләл Қуаныш, “Қамшы” ақпарат агенттігінің жетекшісі

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар