Астана шаһарының іргесіндегі Ақмол (Малиновка) мекенінде 30-шы жылдарғы зұлмат оқиғалардың, қуғын-сүргіндердің белгісіндей ескерткіш орнатылып, сол нәубет кезеңнің шежіресіндей болып мұражай орын тепкен. Жыл сайын осынау қайғы-мұңның ортасы болған жерге жан-жақтан, бұрынғы КСРО, қазіргі ТМД елдерінен жұрт ағылып келіп, осында қорлық, зорлық көріп өлген, ауру атанған әкелері мен шешелерінің, аталары мен әжелерінің рұхтарына бас иіп, тағзым етеді, гүл шоқтарын қояды, құран бағыштайды.
Жалпы 1938-ші жылға дейін Сталин лениншіл большевтиктердің түгел дерлік көзін жойған. Енді жұбайларына, туған-туыстарына, ет жақындарына қол салады. Ол үшін өзінің серігі, жендеті Л. Бериядан «ең сұмдық азап шегетін аймақты тауып бер» деп қолқа салады ғой. Жендет сақадай сай әманда. Қазақ жерінің ит байласа тұрмайтын жері Ақмола мен Қарағандының арасындағы жерді діттейді. Сөйтіп, қазақтың Сарыарқа сауырында Степлаг, Карлаг, Алжир атанған лагеьлер салынып, әкелеріміз бен аналарымызға зорлық-зомбылық көрсетеді.
Мұнда кімдер қорлық көрмеді дейсіз! Осында революционер Н.Бухариннің әйелі, қолбасшы М. Тухачевскийдің екі қарындасы, әскербасы Я. Гамарниктің қос әпкесі, ақын Б. Окуджавның анасы, Қазақ елінің аса көрнекті қайраткерлері І. Қабыловтың, А. Қалменовтың, Н. Сырғабековтың, А. Қаспақбаевтың, Ұ. Құлымбетовтың, С. Сейфуллиннің, Б. Майлиннің, Ж. Шаниннің, Т. Рысқұловтың, Т. Жүргеновтың, С. Асфендияровтың, С. Мендешевтің, С. Қожановтың, Қ. Таштитовтың, Н. Манавтың асыл жарлары азап шеккен. Солардың ішінде менің апам Шәкітай – алғашық наркомдардың бірі Мұхаметкали Тәтімовтың (С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романының бір кейіпкері) жұбайы да 10 жыл «Алжирдің» тозақ отына күйіп отырып келген жан. Шығарма сол кісіге, жалпы азап көрген аналарымызға арналады.
Қазағым-ай, көрді-ау небір нәубетті,
Азабын-ай, қырған мыңдап әулетті.
Сүйектері арқылы ғазиздердің
Салғандай ма совет-өмір «сәулетті».
Астананың түбіндегі Ақмолда
Ескірткішті орнатыпты тас жолда.
Сегіз мыңдай күнәсіз жан мүбәрак
Ұшыраған зұлматқа зор, қас қолға.
Сарыарқаның жері қырлы, ойпаңды,
Көрді жұртым алапатты, сойқанды.
Ойраны көп отызыншы жылдардың,
Құтырттырған жәдігөй қырт, қойтанды.
Осы кешен туындысы ғажап қой,
Шығарғандай шығармадан азатты ой.
Азаптанған осы жерде әйелдер
Сан жүз ұлттың, ішіндегі қазақ қой.
Жүректері біразының жарылып
өлген дейді, олардың сен зарын ұқ.
Апаларды мәңгі еске қалдырар
Кешен салған Сәкен атты Нарынов.
Көпшілік жүр іздеп туыс, жақынын,
Қабырғада тізім ұзын, аты мың.
Русланова, Серебрякова суретін,
көрдік сонда Тухачевский қатынын.
Жендеттер-ай тұрғызған ғой мың қамал,
Қашып шығар таппайтындай бір амал.
Зорлық пенен қорлық тартқан осында
Бейімбеттің аяулысы Гүлжамал.
Құдайдың айтсаңшы бұл құдыретін,
Таптым мен де Шәкітайдың суретін.
Тәтімовтың жары болған аяулы,
Тағдыр-талай көрсеткендей бір ретін.
Нарком еді аузы оның дуалы,
Көңілде кір айтылғанда жуады.
«Тар жол, тайғақ кешу» романының геройы,
Осындайдан қалың тарих туады.
Тәтімовтер тұқымының тұяғы
Мақаш аға бір әулет қой ұялы.
Шашыраған тарыдай қазағымды
Көбейтсем деп шарықтады қиялы.
Шәкітай қыз әулетінен Құрманның,
Сіңілісі Құмайрадай үр жанның.
Бауырлары Кәміл, Шәміл, Қаратай,
Бесеуі де беделіндей бір қанның.
Кәміл үлкен ғалым еді тұрпатты,
Аялайтын, баяндайтын сыр-хатты.
Кемел істе дес бермеген ол сабаз,
Сүрлеу жолын ұстаздықпен бір тапты.
Шәміл еді Алашорда мүшесі,
Шешендікпен тандырардай кісі есі.
Қуғын-сүргін көрген, талай айдауды,
Совет-жүйе батырғанда тізесі.
Шәке деген абыройлы аты екен,
Асып сөйлеу оған мүлдем жат екен.
Асқақтатқан нұр келбетін шандоздың
Еңбегінде Бегалин бек Сапекең.
Ал, Қаратай досы болған Қасымның,
Жарқылдаған көкдауылдай жасынның.
Мэр кезінде пәтер берген ақынға,
Мерейіне бөленіп бір асылдың.
-----------------------------------------------------------------
Жақсы адам жарық жол, ізден басты,
Құмайра апай абыздай жүзден асты.
Алматының Тұздыбастау кентінде
Бөлуші еді жарықтық бізбен асты.
Әңгімемен өткенге аттанатын,
Әрбір сөзі көкейде жатталатын.
Мұхамедқали Тәтімов Сәкенмен дос,
Айтушы еді Ақынның салтанатын.
Жылдар-ай, сол кездегі арай молдан,
Сән-Сәкеннің үйінде талай қонған.
Ауладағы жозыда қымыз құйған,
Түсінбейді нәубетті қалай болған.
Сұм заман-ай, төнді ғой өте лаңды,
Қос қыраным жазықсыз кете барды.
Сал Сәкеннің артынан Аян ұлы,
Мұқаңнан да төрт бала тете қалды.
Ұлы көште, дүрмекте нар құлады,
Гүлбаһрам мен Шәкітай зар жылады.
Ойларына келді ғой екеуінің
Қос арыстың соңынан барғылары.
Бірақ бұған тажалдар дендетпеді,
Советтің жебірейген жендеттері.
Атты, асты аяусыз арландарды,
Мүлт кетпеді қанішер селт етпеді.
Сол жылы салды олар әбігерге,
Әйелдерін таратты лагерлерге.
Неге солай қатыгез болды уақыт,
Неге дейміз әлі де, тәңір, неге?
Гүлбаһрам жайынан баяндалық,
Көкшетауға тартты ол Аянды алып.
Екі жасар нәресте не біледі,
Оның-дағы тағдыры таяуланып.
Ағайын жұрт айтты қал астанада,
Жылы жақ қой қатерсіз жас балаға.
Ата-анасын иектеп Көкше жерін,
Көнбеген барқадарлы бастамаға.
Ол кезгі заман қандай - жаман қандай,
Қол қысқа, әттең деген амал барма-ай.
«Халық жауы» отбасын кіргізбеген,
Пәлесінен аулақ деп қамалдардай.
Қыс-боранда көлік жоқ, жаяулады,
Қыршынынан қиылды Аяндары.
Осыны айтқан еді Құмайра әжей,
Дәл осылай Рымжан* да баяндады.
Ал, Шәкітай Мұхаңмен некеде екен,
Оның да соры қалың, екі елі екен.
Оларды айдап лагерьге айдауылдар,
Сормаңдайдың азабы жетеді екен.
Айдап келген «Алжирге», Қараөткелге,
Астанадан көрінер ары өткенде.
Гуілдейді жел мұнда аласұрып,
Аналардың армандай зары өткен бе.
Құлағымда әжейдің Шәкітайлап,
Айтқан сөзі еске алған атын айлап.
Сүйегі қалған деген «АЛЖИРДЕ»,
Ал мұндағы үн-түнсіз жатыр аймақ.
Осылайша апаммен табыстым мен,
Аңыраған желменен алыстым мен.
...Ортада оқшау дара тұр меңірейіп
Мәңгілікке ескерткіш қалыс күннен.
Бақытжан Тобаяқов
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР Мәдениет саласының үздігі,
Ә. Бөкейхан атындағы сыйлықтың лауреаты,
Алматы облысының құрметті азаматы
«АЛЖИР» (поэмадан үзінді)
Рымжан* - Сәкеннің інісі Мәжиттің қызы