Құрбан айт халқымызды біріктіретін мейрам болуы керек. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Әзірет Cұлтан» мешітінде барша мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен құттықтауында осылай деді.«Мұсылмандар тілімен де, ісімен де ешкімге жамандық жасамайды» деген сөз бар. Сондықтан да, бүгінгі құрбан шалу тек қан ағызу ғана емес, өзінің шын жүрегімен сүйетін Алланың, Құранның сөзіне жығылуды, сендіруді білдіреді. Сонымен қатар, бұл мереке бір‑бірімен келіспеген ағайындарды табыстырып, кедейлерге, жетім‑жесірге көмектесіп, құрбандыққа шалған малдың етін соларға таратып, жақсылық жасауға үндейді. Жұрттың шапағат көрсетіп, байлар мен кедейдің, елдің арасын бір‑біріне жақындататын ұлық мейрам. Дәл осындай қағидамен мерекені тойлайтын болсақ, ол үлкен ғанибет», ‑ деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Президент тәуелсіздіктің арқасында Құрбан айт күні мереке саналғанын да айтты. «Бұл мейрам жұмыс істемейтін, елдер шүйіркелесіп, бір-бірін құттықтайтын күн, ағайын-туғанды төңірегіне жинап, халқымызды біріктіретін күн. Біз еңселі ел боламыз деген халықпыз. Тәуелсіздігімізді нығайтып, Қазақстанның тұғырын берік етіп жатқан халықпыз. Сондықтан біздің халыққа ұлы бірлік, бірлескен тірлік керек. Отанымызды сүю керек. Ұрпағымызды отансүйгіштікке үйрету керек. Барлығымыздың міндетіміз сол. Сондықтан баршаларыңызды осы мерекемен құттықтаймын. Айттан айтқа аман жетіп, Алланың алдындағы тілек‑ниеттеріміз қабыл болсын. Екі дүниеде Алла бетімізді жарқын қылсын. Жұртымыз үшін жасап жатқан барлық тілегіміз орындалса екен», ‑ деп аяқтады сөзін Елбасы Н. Назарбаев.
Пікір қалдыру