ҚР СІМ Корея Республикасына баратын қазақстандықтардың депортациялану себептерін түсіндірді

/uploads/thumbnail/20170716220623978_small.jpg

12 шілдеде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде «Қазақстаннан Корея Республикасына заңсыз еңбек миграциясы мәселесі» атты тақырыпта бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев пен Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ким Дэ-сиктің бірлескен баспасөз конференциясы өткізілді, деп хабарлайды Қамшы ақпарат агенттігі.

Баспасөз конференциясында А. Мәдиев 2014 жылғы 29 қарашада күшіне енген 30 күнге дейін визалық талаптарды өзара жою туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы келісімнің негізгі ережелерін баяндап берді. Келісімге сәйкес, жарамды жол жүру құжаттары бар Қазақстанның азаматтары визаны алдын ала алмай тұрып, Корея Республикасына тек туризм, сауығу немесе емделу, жеке істермен немесе іскерлік мақсатпен ғана келе алады және 30 тәуліктен аспайтын мерзімде визасыз бола алатынын ерекше атап өтті. Корея Республикасында еңбек немесе миссионерлік қызметпен айналысуға, оқу мекемелерінде оқуға немесе тұруға ниет білдірген азаматтар тиісті визаларды алуы тиіс.

Сонымен қатар, аталған келісім күшіне енгеннен кейін заңсыз миграция жағдайлары жиіленді – кейбір деректерге сәйкес, 2017 жылғы маусымның соңындағы жағдай бойынша 5 700-ге жуық Қазақстан азаматтары Оңтүстік Корея аумағында заңсыз тұруда (2016 жылы – 3 198). Қазақстан тарапынан заңсыз миграцияның ұлғаюын болдырмау мақсатында ҚР СІМ мүдделі мемлекеттік органдармен өз құзыреттері шеңберінде тиісті шараларды қабылдау мәселесін пысықтауда.

Өз кезегінде, Ким Дэ-сик Қазақстан мен Кореяның 2009 жылдан бері стратегиялық әріптестер екенін атап өтіп, Қазақстан азаматтарын Кореяға кіргізбей кері қайтару фактілерін азайту үшін тиісті шаралар қолдануда, соның ішінде кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, деп мәлімдеді. Сондай-ақ, ол қазақстандықтардың елге кіргізілмеуінің негізгі себептерін нақтылады. Атап айтқанда, корей клиникасына емделуге бара жатқанының расталмауы; туристік мақсатта болса туыстары, таныстары немесе туристік агенттіктердің көрсетілмеуі, Қазақстан азаматтарын Кореяда болған кезде алып жүретіндер туралы деректердің болмауы, іскерлік үшін бара жатқандар үшін Кореядағы шақырушы ұйымдар, әріптестер, жұмыс жобалары туралы деректердің немесе нақты дәлелдердің болмауы және т.б.

Сонымен бірге, Оңтүстік Корея Елшісі депортациялану қатерін барынша азайту үшін Қазақстан азаматтарына ұсыныстар берді. Оның айтуынша, егер сапардың мақсаты емделу болса, елге кіру кезінде аурухана координаторы көмегімен корей ауруханасында кепілдеме арқылы емделу туралы растау құжаттарының болуы қажет. Туризм немесе іскерлік сапар жағдайында, екіжақты билет, қонақ үйдің броны, болатын (көретін) жерлері мен ғимараттардың тізбесі, төлем қабілеттілігін растайтын банк шоты жөніндегі анықтама немесе кредиттік карта бойынша үзінді көшірме қолдарында болуы тиіс. Кореяға бірінші рет баратын немесе бұрын бір немесе бірнеше рет Корея аумағына кіргізілмеген азаматтарға Корея Республикасының Астанадағы Елшілігіне немесе Алматыдағы Бас консулдығына жүгініп, елге кедергісіз кіру үшін тиісті визаны алуға болатынын атап өтті.

Баспасөз конференциясының соңында А. Мәдиев пен Ким Дэ-сик журналисттердің сұрақтарына жауап берді.

Шолушы: Гүлім Жақан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар