Жалғыздықтан жырақ кетіп жоғалсам,
Көңіліме бақыт құсы қонар сан.
Болмасам да өміріңе бір бөлшек,
Өлеңіңнің бір шумағы бола алсам.
Көңілімде күдік болып күн кешсем,
Ұға алатын, үміт берер үндес-сен.
Ерініңнің татпасам да дәмінен,
Жанарыңа қарап тұрып тілдессем.
Тұла бойда бұлыңғырлау бір тұман,
Бөліп алшы бақытсыздық бұлтынан.
Сұлулықтың жасыратын жартысын,
Орамалдың иіскесем сыртынан.
Сезім, шіркін, санама кеп сыя алсаң,
Көңілімде қиыр асқан қиял сан.
Маңдайыма жазылмаған періштем,
Маңдайыңнан үнсіз ғана сүйе алсам...
(Арманым болмас па еді!?)
Елнұр НҰРҚАСЫМ
Пікір қалдыру