Қазақстан Елшісі Эстония Президентіне сенім грамотасын тапсырды

/uploads/thumbnail/20170716220714489_small.jpg

11 шілдеде Таллинде Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы және Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарып отырған Мұрат Нұртілеуов Эстония Республикасының Президенті Керсти Кальюлайдқа сенім грамотасын тапсырды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Салтанатты рәсімнен кейін Эстония Президенті қазақстандық дипломатиялық өкілдік басшысын Кадриорг сарайында қабылдап, Қазақстан-Эстония іс-қимылының өзекті мәселелері мен оның перспективаларын талқылады.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екіжақты дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына (1992 жылғы 27 мамыр), сондай-ақ Эстонияның Еуропалық одақтағы төрағалығына орай К. Кальюлайдқа жолдаған ең ізгі ниет-тілектері мен құттықтауларын жеткізіп, Елші елдеріміздің екіжақты және көпжақты форматтардағы өзара тиімді ынтымақтастық аясын Астана әрі қарай кеңейте түсуге мүдделі екенін растады.

Өз кезегінде, Эстония Президенті жеткізілген құттықтаулар үшін шынайы алғысын білдіріп, Қазақстан Президентінің екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтудағы ерекше рөлі мен орасан зор үлесін атап өтті. Оның пікірінше, ширек ғасыр ішінде екі ел бірлескен жұмыс арқылы бірізді саяси диалог пен сауда-экономикалық кооперацияны дамытуда қомақты жетістіктерге қол жеткізді. Осы орайда, экономикалық тректің әлеуетін арттыру тұрғысынан көлік және транзит, ақпараттық технологиялар, білім және ғылым, денсаулық сақтау, сондай-ақ агроөнеркәсіп салаларындағы ортақ жобаларды жүзеге асыру маңызды болып табылады.

М. Нұртілеуов Эстония басшысына Президент Н. Назарбаевтың еліміздегі кешенді демократиялық реформаларды тереңдетуге, экономика мен қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бастамаларын имплементациялау барысы жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Бұл тұрғыда, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жол» ЖЭС, ИИДМБ мен «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласынан туындап отырған биік мақсаттарға үлкен қызығушылық танытылды.

Тараптар аталған стратегиялық құжаттар екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге тың мүмкіндіктер тудыратынына сенімді.

Өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі проблемалар бойынша пікір алмасу барысында Елші Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етуді көздейтін бастамалары мен нақты үлесі жайлы сөз қозғады. Соның ішінде, Астананың Украина және Сирия дағдарыстарын реттеудегі бітімгершілік миссиямызға назар аударылды.

Сонымен қатар, М. Нұртілеуов Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі басымдықтарына, Астанада маусым айында өткен ШЫҰ саммитінің қорытындыларына, сондай-ақ «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің қызметіне толыққанды тоқталды.

Одан басқа, қазақстандық дипломат эстондық тарапқа Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау процесін тездету туралы өтініш білдірді.

К. Кальюлайд Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық модернизациялаудағы толағай табыстарын жоғары бағалап, еліміздің халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан қомақты үлесі дүниежүзілік қоғамдастық мүшелері тарапынан кеңінен қолдау тапқаны мен мойындалғанын мәлімдеді.

Эстонияның мемлекет басшысы Астанамен дәстүрлі тығыз әрі сындарлы қарым-қатынастарды өрістетуге Таллин дайын екенін, Еуропалық одақ Кеңесіне төрағалық ететін ел Президенті ретінде Еуроодақ шеңберіндегі етене жұмысты жалғастыруға бейілділігін растады.

Сұхбат соңында К. Кальюлайд Қазақстан Президенті Н. Назарбаевқа және барша Қазақстан халқына сәттілік, гүлдену және мол игіліктер тіледі.

Шолушы: Гүлім Жақан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар