Оралдағы блогер жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылмақ

/uploads/thumbnail/20170716220715502_small.jpg

Оралда блогер Айболат Бөкеновке қатысты ҚР ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігіне сәйкес (көрінеу жалған ақпарат тарату) қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды  Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.

Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Жасұлан-флора» ЖШС басшысы Айдар Нұрғожаевтың арызы негізінде Орал қалалық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімі қылмыстық іс қозғап, қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 24-бабы талаптары негізінде істің мән-жайын толық анықтау мақсатында А.Бөкеновтің ұялы телефонын алу жөнінде шешім қабылданды. Қажетті тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін ұялы телефон иесіне қайтарылды.

Осыған қатысты А.Бөкенов өз пікірін білдірді. «BNews.kz пен 24.kz сайттарынан «В Уральске появится первая цветочная пирамида» деген ақпаратты көрдім. Онда бұл мақсатқа 25 млн теңге жұмсалмақ делінген. Соған таңғалып, әлеуметтік желідегі парақшама «Миллиондарды жылтыраққа шашып, жұртты алдағанша, осы қаражатқа қаламыздың бір көшесін жөндегені дұрыс болар ма еді» деген пікір жазып едім. Сол үшін маған жалған ақпарат тараттың деген айып тағылып отыр. Ендеше, сол ақпаратты берген «Хабар» телеарнасы мен BNews.kz сайтын неге жауапқа тартпайды? Осыған байланысты Орал қалалық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Ержан Жақсығалиев қаулы шығарып, ұялы телефонымды алып, кейін қайтарып берді», - деді А.Бөкенов. Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Мирас Мүлкәйдің сөзіне қарағанда, гүлді пирамиданы салуға бюджеттен қаражат жұмсалған жоқ. Ол тараздық кәсіпкер Айдар Нұрғожаевтың өзінің ұсынысымен салынды. Яғни қалаға жасаған тартуы деуге болады.

Шолушы: Әсел Болатқызы

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар