ШЕЖІРЕЛІ ШЕРТПЕ КҮЙ ЖӘНЕ КҮЙШІ

/uploads/thumbnail/20170716220837857_small.jpg

Кезінде тағдыр тауқыметімен шетел асқан қазақ қандастарымыз ұлтымыздың ұлы тәуелсіздігінің арқасында атамекенге ат басын бұрып, тұғырлы туған жерге оралып жатыр. Елге оралған қандастарымыз құр алақан келіп жатқан жоқ. Олар өздерімен бірге қаншама құнды жәдігерлер мен асыл қазыналар ала келді. Мен солардың бірі деп Мұқаш Таңғытұлын айтар едім. Мұқаш атамекеніне өзі туған Алтын Алтай, Тарбағатай, Іле өңірлерінің аса құнды күй қазынасын ала келді.

Еуропаның даңғаза музыкасы жақынды жайлап, өз уытын кең жайып, ұрпақ санасын улап, дағдылы, дәстүрлі халықтық өнеріміздің даңғыл жолынан аздыруға шақ қалдырып түрған бүгінгі күнде ұлттық құндьлығымызды сақтап, күйшілік өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңып, атадан қалған қасиетті күй өнерінің қаймағын қалыңдатуға тер төгіп жүрген азаматтар саусақпен санарлық. Солардың бірі - күйші Мұқаш  Таңғытұлы. Оған дәлел, қолдарыңыздағы күйшінің өзі шығарған күйлерінің топтамасы осы «Жайсаң» атты күй кітабы. Бұл кітапқа күйшінің өзі шығарған күйлері мен әндері енгізілген.

Сөзді басынан бастар болсам, мен Мұқаш  жайлы ең алғаш Қытай радиосы және Германиядан тарқатылатын «Азаттық» радиосынан естіп, шерткен күйлерін тыңдаушы едім. Бұл күнде көзбен көріп, көзайым болдым. Алтын Алтай, Тарбағатай, Іле өңірлерінің дәні мен дәмі бөлек, тұлғалы, тұғырлы күйлерінің тұнығын лайламай, тұмадан шыққан қалпымен қапысыз тартатын Мұқаш  екеніне өз басым сенімдімін.

Еліміз тәуелсіздік алған соң 20 ғасырдың 90 жылдарынан бері қарай шетелдегі қандастарымыздан біраз күйшілер елімізге келді. Олар ұлттығымызды танытатын күйлер де ала келді. Көбін тындадым, біреуі үзіп шертті, біреуі бұзып шертті. Ал Мұқаш  маржандай тізіп шертті. Менің риза болатыным, Мұқаш сол қоңыр күйлерді жүрегімен, өзінің қоңырқай мінезімен қоңырлата тартады. Міне, бұл күй мен күйші мінезінің үйлесім табуы. Мұқаш  алып келген шертпе күйлер ғасырлық шежіреден сыр шертеді. Ол күйлерде сол дәуірдің тұтас бітім-болмысы бейнеленген атамекеннен алыста жүрген ағайынның елге, жерге деген сағынышы өрнектелген. Осындай күйлерді қалпымен нарқын сақтап, елге жеткізген Мұқаш  Таңғытұлына айтар алғысымыз аз емес.

Мұқаш күй зерттеуші, шебер орындаушы бола жүріп, өз жанынан көптеген күйлер мен әндер шығарған композитор. Мұқаш  шығарған күйлер мен әндер сол өзі туып-өскен ортаның қоңыр сарынынан алыстап кетпейді. Десек те Мұқаш күйлерінің өзіне тән бөлекше иірімдері мен құрылымдары, қағыстары басқадан даралап тұрады. Оған дәлел, күйшінің «Мұқаштың шалқымасы», «Жайсаң», «Ел-тұтқа» күйлері. Мұқаш  өз күйлерін даланың дарқандығын, тұлпардың тарпаңдығын, қазақтың елдігін, батырларының ерлігін, қазақ даласының кеңдігін арқау етсем деп талпынады. Міне, бұл  нағыз ізденіс талпыныс. Талпынған жетер мұратқа дейді халық. Мұқаш  үшін талпынып тауға, қүлшынып қүзға шығар өнер сапарының жолы әлі алыс. Алыс жолда арманның арғымағын арықтатпау күйшіге сын.

Менің пайымдауымша, Мұқаш  жат топырақта жасаған өткен ғасырдағы күйшілердің күйлерін халыққа насихаттаумен қатар өзінің шығармашылық жолын тең ұстанып келеді. Өнер сапарындағы осы екі сара жол - тұлпардың қос тізгіні сияқты. Біреуі сәл босаса, түлпар жүрісінен жаңылады. Міне, бұл  өнер жолында жүрген өнер адамының адымды аңдап басатын тұстары. Бұл менің өнер адамы ретінде бір Мұқашқа ғана емес, өнерде соңымыздан ілесіп келе жатқан барлық бауыр-қарындастарға айтар ағалық ақылым.

Елге келгелі аз жылдар болғанына қарамастан Мұқаш өнер адамдарымен араласа, сыйласа білді. Өзінің күйшілік өнерін Қазақстан халқына кеңінен насихаттай алды. Ол бұл күнде танымал күйшіге айналды. Күйшілік атағы Жетісуға, Арқаға, Атырау мен Маңғыстауға, Есіл, Тобыл, Нарынға дейін жетті. Күйлері бағдарламалы оқыту құралдарына енді. Шәкірттері көбейді. Алды Мұқаш  күйлерін орындап, Республикалық конкурстарда жүлделі болды. Мен мұны біріншіден күйшінің дарындылығы десем, екіншіден, еңбекқорлығы дер едім. Мұқаш  Қазақстандағы танымал күйшілермен бірге бірнеше рет Республикалық фестивалдарға қатынасып, күй тартып, халықтың үлкен аңысын қозғады. Мұқашты тек халқы ғана қолдап қоймай үлтжанды, өз үлтының өнерін сүйетін, елдің үлкен басшы адамдары да оған көп қолдау көрсетті.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Уәлихан Қалижан, Бекболат Тілеухан, Алдан Смайыл, Ж.Сүйлеймен қатарлы халық қалаулылары қол қойып, Астана Президент мәдениет орталығында Мұқаштың күй кешін өткізуді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мүхтар Құл-Мұхаммед мырзаға өтініш жолдады. Министрдің бекімімен 2009 жылдың 19-шы мамырында Астанада Президент Мәдениет орталығында Мұқаштың «Алтайдың ар жағынан келген шертпе күйлер» атты күй кеші өтті. Кешке Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алғыс хат жазып, күйшіге үлкен қолдау көрсетті. 2009-шы жылы 9-шы қыркүйек күні Алматы облыстық Мәдениет басқармасы мен Алматы облысы бойынша Көші-қон департаменті бірлесіп, Алматы облысы, Талдықорған қаласы Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында Мұқаштың «Шығыстың шыңырау күйлері» атты күй кешін өткізіп берді. Кешті Алматы облыстық Мәдениет басқармасының бастығы Елеусіз Жанпейісов мырза басқарды.

Алматы облысының әкімі, үлттық өнеріміздің жанашыры Серік Үмбетов мырза арнайы қаржы бөліп «Жайсаң» атты Мұқаштың осы күй кітабының баспадан шығуына демеушілік етіп отыр.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірлесіп арнайы қаржы бөліп, 2009-шы жылы желтоқсан айында «Қытайдағы қазақтардың шертпе күйлері» атты Мұқаштың кұйтабағын шығарды. Күйтабақтың алғысөзін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары құрметті Талғат Мамашев мырза жазды. Бұл күйтабақ 2010 жылы ашылатын Дүниежүзі қазақтарының 4-ші құрылтайы қарсаңында арнайы шығарылып, қүрылтайға келген барлық мәртебелі меймандарға сәлемдеме ретінде үсынылатын болды.

2009-шы жылы 25-ші желтоқсанда Астана қаласында қазақтың біртуар ақын қызы Фариза Оңғарсынованың 70 жасқа толған мерейтойы өтті. Осы мерейтойға Мұқаш  Таңғытұлы Алматыдан арнайы шақырылып, сол мерейтойда мәртебелі меймандар алдында күй тартты. Бұл күйшінің қазақтың ақын қызына деген үлкен құрметі еді.

Күйшінің күйлерін отандық телеарналар мен «Қазақ радиосы», «Шалқар радиосы» қатарлы орындар үзбей насихаттап келеді. Сондай-ақ «Ел» продюссерлік орталығының басшысы Ғалым Доскенов мырзаның қолдауымен Мұқаштың күйлері «Мәңгілік сарын», «Қазақтың мың күйі» қатарлы Республикалық күй топтамаларына енді.

Мен жоғарыда көрсетілген қолдауларды тек Мұқашқа жасалған игілік деп қарамаймын. Мұны қазақтың қасиетті күйшілік өнеріне жасалған үлкен қолдау, демеу, қүрмет деп білемін. Сондықтан мен де өнер адамы ретінде елбасымызбен өнерді қолдап қуаттаған, жоғарына аттары аталған барлық мемлекет қайраткерлеріне шын көңілімнен шыққан алғысымды айтқым келеді.

Мұқаш  Таңғытұлының «Жайсаң» атты осы күй кітабы қазақтың күй дариясына қосылған мөлдір бұлақ болып, ұрпақ игілігіне жарасын.

Шәміл Әбілтаев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор, толғаушы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар