ЖОО құжат тапсыру науқаны басталды. Биыл ЖОО түсу үшін 93 мың түлек өтініш білдірді. ҚР Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік грантты 31 мыңнан 37 мыңға өсірді. Десек те, ЖОО грантқа үміткер болудың балдық межесіне жетпей қалғандары баршылық. Олар қалтасы көтерсе ақылы бөлімде оқымақ. Ал ақылы негізде оқу ақысы өткен жылмен салыстырғанда 8% қымбаттады. Осында оқу ақысы ненің негізінде қымбаттады деген заңды сұрақ туындайды.
Көптеген өркениетті елдерде ЖОО білім алу өте қиын. Оған білімі жүйріктер мен қалтасы қалыңдары ғана түсе алады. Оқу ақысын қымбатата отыра шетелдік білім жүйесінен үлгі алып отырмыз делік. Алайда жыл сайын елімізде ЖОО оқу ақысының қымбаттағанына байланысты білім беру сапасы өткен жылмен салыстырғанда жақсарады ма? Білім беру базасы кеңейтіле ме? Оқулық, компьютер, интеративті тақта және т.б оқуға қажетті құралдар көбейтілді ме? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Qamshy.kz журналисі білуге тырысты.
Қазақстанда 133 ЖОО орны бар. Оның 9-ы ұлттық болса, 31-і мемлекеттік университеттер. ЖОО рейтингісінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші орынды алса, екінші орында Гумилев атындағы Еуразия университеті. Техникалық білім беретін Сәтпаев атындағы университет те алдыңғы шептердің бірінде.
Аталмыш ЖОО оқу ақысы өткен жылмен салыстырғанда орташа есеппен 8% қымбаттаған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де күндізгі оқу бөлімде оқудың құны орта есеппен 819 мың болса, биыл ол сомма 66 мың теңгеге өсіп отыр. Яғни, осыдан 2 жыл бұрын 619 мың теңге болған оқу ақысы 855 мыңға жетті.
Ал Гумилев атындағы Еуразия университетінде барлық мамандыққа кем дегенде 60-80 мың көлемінде қосылған.
Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде биыл барлық мамандыққа 35,500 теңге қосылды. Өткен оқу жылында да дәл осындай соммаға қымбаттады.
Студенттердің көбі оқу ақысы көтерілгенімен білім беру жүйесі, базасында, жатақханаларда студенттерге қолайлы жағдай бойынша айтарлықтай өзгерістер жоқ екенін айтады.
ЖОО баға неліктен жыл сайын қымбаттайтынын және соған сай білім беру жүйесінде оң өзгеріс болады ма деген сұрақпен ЖОО қауымастығының президенті Рахмен Алшановқа хабарластық.
Оның айтуынша, ЖОО оқу ақысы стандартқа сәйкес бекітіліп қояды.
«Қазіргі қымбатшылыққа байланысты, коммуналды қызмет бағасы қымбаттады. Соған сәйкес ғимаратты күту, мұғалімдердің жалақысы, ғаламтор секілді мәселерді шешу үшін оқу ақысы көтеріледі. KIMEP секілді университеттер шетелден білікті профессорларды шақырады. Олар аз ақшаға жұмыс істеуге келіспейтіні анық. Дәл сол сияқты басқа да университтер де мұғалімдерді шетелге біліктілігін арттыру үшін жібереді. Мықты мамандарға жоғары жалақы беру керек. Соның негізінде оқу ақысы көтеріледі» деді Рахмен Алшанов.
ЖОО Қауымдастығы президентінің айтуынша, қазір жастар мен олардың ата-аналары ЖОО таңдағанда оның білім беру сапасын, ондағы оқытушылардың біліктілігін тексеретін болған. Бұрындары бір жапырақ қағаз үшін ғана білім алса, білім сапасы көңілінен шықпаса оқу орнын ауыстыратындардың қарасы көбейген.
Білім – адамға құйылатын ең басты және маңызды инвестиция. Қазіргі таңда барлық адам дерлік оны жақсы түсінеді. Сондықтан адамдар сапалы білім алу үшін қаржысын аямайтын болған. Себебі адам байлығынан, жұмысынан т.б материалды заттардан айырылса да оның білімін ешкім, ешқашан тартып ала алмайды. Білікті де, білімді мамандарды дайындау үшін оларға сапалы білім мен оқуға жағдай жасалу қажет. Еліміздің түрлі саласын дамытып, жаңа леп алып келетін болашақ мамандар болса, олардың біліміне аса мән беруіміз қажет екені бұған дейін де талай мәрте айтылып жүр. Сондықтан білім тек қалтаға ғана емес, сапалы білімге негізделсе құба-құп.
Айгерім Таубай
Пікір қалдыру