Бес күн бойы Астанада облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тараз – тарихтың алтын дiңгегi» көрмесі өтеді.
Көрмеде сақ дәуірінен Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі 300-ден астам жәдігер назарға ұсынылады. Қала тұрғындары мен қонақтары қазба жұмыстары кезінде табылған тарихи инсталляцияларды, тиындарды, құмыраларды және тараздық қылқалам шеберлерінің суреттерін тамашалай алады.
Елордада Жамбыл облысының күндері аясында мерекелік концерттер, көрмелер, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады. Оған облыстық филармонияның, облыстық қазақ драма театрының, «Алатау» фольклорлық ансамблінің ұжымдары мен белгілі әншілер мен композиторлар қатысады.
Қалалық «Қазанат» ипподромы алаңындағы этноауылда шеберлер ауылы орналастырылады. Ал «Қазақстан» спорт кешені аумағында өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкесінде елорданың тұрғындары мен қонақтары сауда жасай алады.





