Аталған шара Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында өтті. Көрме отандық тауар өндірушілер мен тұтынушылар арасында ашық диалог алаңын ұсынып, өнім бәсекеге қабілетті болу үшін сапасын арттыру және нарықтағы насихатын жақсарту, шет елге шығару жолдарын табу секілді тақырыптарды талқылауды мақсат тұтады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Форум жұмысына ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Досаев, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов, «Атамекен» ҰКП Төрағасы Абылай Мырзахметов, қазақстандық кәсіпкерлер, сарапшылар, сауда желілері өкілдері және басқа да көптеген тұлғалар қатысады.
«Даму» қоры ұйымдастырған «Қазақстанда жасалған» атты отандық тауар өндірушілердің ІІІ республикалық көрмесі қордан қолдау алған 350-ден астам кәсіпорынның басын қосқан. Олардың арасында тамақ өнеркәсібі, құрылыс саласы, жиһаз шығару, киім-кешек, арнайы техника мен құрал-жабдықтар, зергерлік бұйым, кәде сый мен полиграфиялық өнім шығарушы кәсіпорындар бар. Көрме 28 шілде мен 30 шілде аралығында 3 күнге созылады. Бұл күндері көрме қонақтары отандық өндірушілердің тауарларын алып, қызмет түрлерімен танысып, шеберлік сабақтарына қатасып, тамақтарынан дәм тата алады. Күнделікті таңертеңнен 16:00-ге дейін құнды сыйлықтар ойнатылады. Шара аясында «Қазақстанның үздік тауары» атты республикалық байқау-көрмесі де өтеді.
Пікір қалдыру