ЭКСПО – мәңгілік мақтаныш мекені

/uploads/thumbnail/20170718103900482_small.jpg

ЭКСПО-2017 көрмесі – тарихи үлкен өмір жолынан өткен, адамзаттың тарихи белестерінде тағдырлы ғұмыр кешкен қазақ елінің әлемдік саясат сахнасындағы беделін биіктететін маңызды шара. Жаһандық өркениетпен таныстыратын бұл дүниежүзілік көрме жаңа ғасырда жаңа белеске көтерілген тәуелсіз қазақ елінің асқақ рухын, бекзат болмысын, қажымас қайратын, қуатты күшін, мойымас мінезін, жаншылмас жігерін күллі әлемге паш етеді. Сарыарқа алабын рухани мереке алаңына айналдырған жаһандық жоба халқымызға тәуелсіздіктің рухын сездіреді. Адамның ой кеңістігін кеңейтіп, танымын тереңдететін бұл әлемдік көрме бәйтеректей биікке ұмтылған Қазақстанның жаңа дәуірдегі даму деңгейін дүние жүзіне көрсетеді. Алтын бесік атамекенімізде үш айға жалғасатын халықаралық көрме егемен ел болып еңсесін тіктеген, озық өркениетке қол жеткізген қазақ халқының әлемдік кеңістікте бәсекелестікке қабілеттілігін дәлелдейді. Қазақтың қасиетті ордасы – асқақтаған Астана қаласында өтіп жатқан ғаламдық шара жер бетіндегі жарқын өмірге ұмтылған адамзаттың ұшқыр қиялының жемісімен, ой-өрісінің жетістіктерімен таныстырып, адамды рухани биіктетеді. Қазақ рухын аспандатып жатқан жаһандық көрме 100 миллиард нейрон клеткаларынан тұратын адам миының мүмкіндіктеріне таңқалдыра түседі. Тарих сахнасынан талай ғасыр өтсе де, ғұлама жылдар парағын судырлатып ақтарған қоғамның қозғаушы күші – келешек ұрпақ туған жер төріндегі бұл дүниежүзілік оқиғаны мәңгілік мақтанышпен айтып жүреді. Бүгінгі таңда әлемнің әйгілі астаналарының қатарына қосылған, арман қалаға айналған арайлы Астана шаһары ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау үшін әлемнің әр түкпірінен жиналған қонақтарды құшақ жая қарсы алуда. Жадыраған жаздың жылы шуағымен шырайланған Астанадағы ЭКСПО көрмесімен бірқатар алматылықтар да танысып келді. Біз, осы орайда, әлемдік көрмеден алған әсерлері туралы алматылықтармен әңгімелескен едік.    

Жаһандық өркениеттің жаңа көкжиегін ашатын көрме

Ұлжалғас АХМЕТОВА, «Мед­Эксперт» ЖШС-нің сату бөлі­мінің жетекшісі:

– Әлемдегі 115 алпауыт мем­лекет қатысқан дүниежүзілік тарихи оқиғаның елімізде өтуі – мемлекетіміз үшін үлкен мәртебе. Ғаламат ғаламдық жоба сан ғасырлық тағылымды тарихы бар қазақ халқына жасаған тағдыр­дың тамаша тартуы іспетті. Дү­ниежүзілік деректерге сүйенсек, қазіргі таңда жер жүзінде 2 миллионнан астам этнос пен ұлттар өмір сүретін көрінеді. Тарих сахнасында тәуелсіздігін жариялаған әрбір мемлекет өзінің мерейін тасытатын, беделге бөлейтін әлемдік ауқымдағы шараларды өткізу құрметіне ие болғысы келетіндігі ақиқат. ТМД кеңістігінде, киелі қазақ жерінде тұңғыш рет өткізіліп жатқан жаһандық көрме, жалпы, ЭКСПО көрмелерінің тарихында терең маз­мұнымен әрі мағынасымен ерекшеленетінін атап өткен абзал. Қазақстанның көркеюіне және гүлденуіне септігін тигізетін «ЭКСПО-2017» көрмесі елімізде техника мен технология саласын дамытуда жаңадан жол ашады. Қазіргі нарық заманында мемлекетіміздің дамуына игі ықпалын тигізетін көптеген маңызды салаларды жандандырады. Бұл көрме – көктегі күннен шуақ, жұмыр жерден қуат алатын адам баласының шексіз мүмкіндіктеріне, жетістіктеріне тамсандыратыны күмәнсіз. Көрмеде көрермен назарына ұсынылған игі бастамалар – жер бетіндегі адамзат баласының игілігі үшін жасалған ізгі шаралар. Жан сарайымызға жарық түсіретін өрелі өзгерістер мен жағымды жаңалықтарға толы керемет көрме жаһандық өркениеттің жаңа көкжиегін ашады. Жалпы, жұмыс бабымен Астанаға іссапармен барған сайын жаным жадырап, көңілім қуанышқа толып қайтады. Еңселі Елордамыз, асқақтаған Астанамыз табиғаттың төрт маусымында да арайлы ажарымен өзіне тартып тұрады. Тәуелсіз мемлекетіміздің ірі мегаполисі бүгінгі таңда әлемге әйгілі астаналардың қатарынан ойып орын алады. Қазіргі жаз мезгілінде мерекелік көңіл-күймен көмкерілген көрікті қала керемет көрінісімен адамға қуаныш сезімін сыйлайды. Ғаламат ғаламның әр бұрышынан келген қонақтарды бауырына басқан Сарыарқаның төсіндегі қазақтың қасиетті қаласы қуаныштан құлпырып тұрғандай. Ата салтын ардақ тұтқан барша қазақстандықтардың жүрегінде ерекше орын алатын ару Астана – болашағы биік қала.

Жастарды ғылым теңізінде жүздіріп, білім әлеміне саяхат жасатады

Раушан ЖЕКСЕНБАЕВА, №78 мектеп-гимназиясындағы ин­форматика және өзін-өзі тану пәндерінің мұғалімі:

– ЭКСПО-2017 халықаралық маманданды­рылған көрмесін көру үшін  Астана қаласына арнайы бардым. Шынымды айтсам, бұл менің ару қалаға ең алғашқы са­парым болды. Шырайлы шаһар­ды, әлемдік көрмені толық тамашалап үлгер­мегендіктен, жақында Елордамызға екінші рет барып келдім. Астана жүрегімде ешқашан ұмы­тылмайтын ерекше әсер қалдырды. Мамандығым мұғалім болғандықтан, ЭКСПО көрмесін көру үшін еліміздің  әр өңірінен келген оқушылар мен студенттерді көріп, қуанып қалдым. Себебі, егемен еліміздің болашағы жан-жақты рухани білім алған, отансүйгіштік сезімін діліне дарытқан, рухы биік жас ұрпақтың қолында. Еліміздің өзге мемлекеттерден экономикалық, техникалық, рухани, мәдени жағынан озық болуына білімді жастардың әсер етері анық. Жарқын болашақта жалынды жастардан үлкен үміт күтетін Елбасымыз бүгінгі таңда жас ұрпақтың жаңа заман талабына сай сапалы білім алуына жан-жақты жағдай жасауда. ЭКСПО-2017 көрмесі жастарды ғылым теңізінде жүздіріп, білім әлеміне саяхат жасатады. Әрбір адам тек білімімен ғана жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырады. Білімді адам ғана өмірде биікке самғай алады, арманының асқар шыңына шыға алады. ЭКСПО көрмесі барлық жастарды қоржындарын рухани қымбат қазынаға, білімнің байлығына толтыруға баулиды. ЭКСПО көрмесі балдырғандарды балалықтан даналыққа жетелейді.

«Нұр Әлем» сферасына кіргенде қиял-ғажайып ғаламда жүргендей сезінесіз

Анель ӨТЕГЕНОВА, журналист:

– Дүние жүзіндегі алпауыт мемлекеттермен бірге жарқын болашаққа қадам басқан Қазақстандағы ЭКСПО-2017 көрмесі өзінің ауқымдылығымен және жаңа технологиялық экспозицияларымен күллі әлем жұртшылығын таңдай қақтырды. Көрмеде қанша рет көрсеңіз де, көңілдің көзі томайтын керемет көріністер көп. Экспозициядағы адамның порт­ретін салатын роботтар, ұлттық павильо­ны­мыздағы сенсорлық қабырғалар, Ресей павильо­нындағы мөлдір мұздар – мұның барлығы жаңа дәуірдегі адамзат баласының қол жеткізген таңғажайып жетістігі. Жаңа технологиялар арқылы жасалған кейбір керемет көріністерге қарап, тіпті, өз көзіңізге өзіңіз сенбей қалаты­ныңыз рас. Мысалы, «Нұр Әлем» сферасына кіргенде шетелдік 3D форматындағы киноларда көрсететін жер бетінен жырақтағы қиял-ғажайып ғаламда саяхат жасап жүргендей сезінесіз. Төңіректегі таңғажайып технологияларды тамсана тамашалап жүріп, тылсым күйге енесіз. Іргелі шара барысында жұртшылыққа күндіз-түні қызмет көрсетіп жүрген еріктілердің еңбегі ерекше. Мұхиттың арғы жағынан көрмені көруге келген шетелдік қонақтардың қуанышында шек жоқ. Бұйырса, көрмені көру үшін осы аптада тағы да Астанаға барамын деп жолға дайындалып жүрмін. Керемет көрмені әлі өз көзімен көрмегендерге Астанаға асығыңыздар деп кеңес бергім келеді.

 

Көрмедегі әр павильон адамның өй-өрісін дамытады

Әділет ЖҰМАНОВ, фельдшер:

– Маған ЭКСПО-2017 халықаралық көрме­сінде Словакия павильоны көрерменге ұсынған заманауи үлгіде жасалған «эко-үй» қатты ұнады. Мұнда адамға қажетті дүниелердің барлығын табады екенсіз. Жаңа үй, тіпті, күннен қуат алып, жаңбыр суын тазартады екен. «Барлық адамға арналған биоэнергетика» деп аталатын Тайланд павильоны да әлемдік көрмедегі көрермендердің қызығушылығын тудырды. Үш көрме залынан тұратын павильонда интерактивті демонстрация арқылы қант құрағы, эвкалипт, каучук, күріш, жүгері, тапиоки, пальма майынан энергия алу технологияларымен танысуға болады. ЭКСПО-2017 көрмесінде Ұлт­тық күнін атап өткен Сербия Республикасының павильоны энергияны биомассадан өндірудің технологиясын таныстырды. Жасыл энергети­каны қолдайтын Сомали елі де халықаралық көрме аясында Ұлттық күнін атап өтіп, мерекелеріне орай салт-дәстүрлерін танытатын бағдарламамен көрермендерді тәнті етті. Ал Мадагаскар павильонының құрылымы елдің энергетикалық мүмкіндігін ашады. Онда күн және жел энергетикасын дұрыс қолданудың заманауи технологиялары таныстырылған. Жалпы, ЭКСПО көрмесіндегі қай мемлекеттің павильоны болсын, адамның ой-өрісін дамытады.

Дайындаған – Балнұр АХМЕТ.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар