Мысырда ұсталған қазақстандық алты азамат елге қайтып жатыр, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Фейсбуктегі парақшасында мәлім етті.
«Қазақстандық дипломаттар еліміздің 6 азаматын Қазақстанға қайтару үшін оларды Каир әуежайына жеткізеді.
1 тамызда кешкі уақытта Мысырдың Ұлттық қауіпсіздік қызметі Қазақстан елшілігімен байланысқа түсіп, ұсталған қазақстандық жастардың елге қайтарылатынын хабарлады.
Қазақстан елшісі бірден әуежайға бет алып, қазақстандық азаматтармен кездесті. Жақын уақытта 6 азамат Қазақстанда болады. Олардың жағдайлары жақсы», - деп жазды Жайнақов.
Алайда азаматтардың ұсталу себебі әлі анықталмаған. Мысыр билігінің мәліметінше, құқық қорғау органдары қазақстандықтардың ұсталуына байланысты қосымша мәлімет береді.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын қазақстандық 6 студенттің Мсырыда із-түссіз жоғалғаны хабарланған. Іздеу жұмыстары нәтижесінде 6 студентті Каирдің құқық қорғау органдары ұстап отырғаны анықталды.
Пікір қалдыру