2017 жыл бірнеше жағымды жаңалықтармен басталып, біршама оңтайлы өзгерістер жылдың басынан орын ала бастады. Олардың ең негізгісі – Елбасының «Латын әліпбиіне көшеміз» деген жаңа бастамасы болды.
Тіліміздің шұбарланып, қазіргі таңдағы жастарың мәңгүрттеніп бара жатқандығына алаңдаушылық білдірген зиялы қауым өкілдері мен бұқара халық Елбасының бұл бастамасына қос қолдап қолдау көрсетіп, өте оңтайлы шешім деп қабылдаған.
Азияның кіндігінен ойып тұрып орын тепкен, бүгінде бірнеше елдермен бәсекелестік орнатып, терезесі тең тұрған, 18 миллион халқы бар бүтіндей бір мемлекетті бір ғасыр бойы қолданып келген «кирилл» қаріпінен латын әліпбиіне көшіру – бір айда немесе бір жылда жүзеге аса салатын оңай іс емес. Мұндай үлкен жобаны іске асыру үшін біршама уақыт пен еңбектің қажет екендігі белгілі.
Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың сәуір айында «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен "Қазақстан-2050" Стратегиясында "2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін" мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек», - деп Үкіметке тапсырма берген болатын.
Сол уақыттан бері қазақ тілінің әліпбиін латынға көшіру үшін қандай шаралар жасалды? Жалпы, латын әліпбиіне көшу үдерісі қалай жүріп жатыр? деген сынды сұрақтар төңірегінде Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ҚР Ұлттық Академиясының Корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, латын әліпбиіне көшіру жұмыстарына жауапты тұлғалардың бірі Зейнеп Базарбаевадан сұхбат алып, жоғарыда аталған және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.
– Латын әліпбиіне көшу үдерісі қалай жүріп жатыр және де оның қандай нұсқалары бар?
– Қазіргі таңда Тіл білімі институтына қазақ латын графикасының 4 нұсқасы бар. Солардың ішінде екі нұсқаны атап өтуге болады. Біріншісі – шартты түрдегі лингвистикалық нұсқа. Ал екіншісі – интернет нұсқасы. Оның әрқайсысының өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Лингвистикалық жобада өзіміздің дыбыстарымызды диакритикалық таңбалар арқылы береміз. Мысалы, дауысты дыбыстар «үмлаут» таңбалармен беріледі. Яғни, біздің «ә,ү,ө» жіңішке дыбыстарымызды жоғарғы жағына екі нүкте қою арқылы таңбалаймыз. Мұндай дыбыстар неміс, түрік тілдерінде кездеседі. Ал дауыссыздар әріп үсті және әріп асты диакритикалық таңбалар арқылы беріледі. Сонда, әріптердің саны 31-ге жетеді. Ал қазір кирилл әліпбиінде бізде 42 әріп бар, ол өте көп. Ал дыбыстардың саны – 28, бір-біріне мүлдем сәйкес келмейді. Керісінше, дыбыстар көп болып, әріптердің саны аз болуы керек. Бұл – лингвистикалық жобаның артықшылығы. Ал бұл жобаның кемшілігі неде? Бұл жобада біз диакритикалық таңбаларды қойып, яғни екі нүкте, үтір деген сияқты таңбаларды қойып жазып отыруымыз керек. Кейіннен компьютердің пернетақтасы өзгереді.
Екінші – интернет жоба. Бұл жоба компьютердің пернетақтасына негізделген. Ондағы әріптің саны 26-дан аспайды, яғни ағылшын тіліндегі 26 әріп болып қала береді. Ал қазақ тіліндегі «ә,ө,ү» жіңішке дауыстылары ілмекше ( ‘ ) арқылы беріледі. Ал дауыссыздар болса екі әріптің қосылуымен беріледі (ғ-gh, ң-ng, ш-sh, ж-zh). Бір дыбыстың бұлай диграфпен таңбалануы еуропа тілдерінде жиі кездеседі. Мысалы, ағылшын, француз, неміс тілдерінде бар. Ал бұл жобаның артықшылығы неде? Аталмыш жоба қазіргі заманның сұранысына жауап береді. Қазір бізде үш тілділік қабылданды, сол себепті де ағылшын тілін меңгеруге оңай болады, ақпараттық кеңістікте онлайн кіруге мүмкіндік туады және де компьютердің пернетақтасы өзгермейді. Сол әріппен шектеледі.
Латын графикасына негізделген әліпбиге көшкенде түркі тілдес елдердің тәжірибесін ескерген өте маңызды. Мысалы, өткен ғасырдың 90 жылдары латын графикасына өзбек пен Әзірбайжан елдері көшкен. Қазіргі таңда Әзірбайжан лингвистикалық нұсқаны пайдаланып жүр. Латынның 26 әріптеріне өздерінің диакритикалық таңбаларын қосу арқылы берілген. Ал Өзбек елі алдымен лингвистикалық нұсқаға көшті де, екі жылдан кейін олар интернет жобаны қабылдаған. Сондықтан да олар 26 әріппен шектеліп жатыр. Ал енді біздің кезегіміз келді. Аталған екі жобаның бірін таңдап, бекітуіміз қажет.
– Екі жобаның қайсысы қазіргі таңда басым болып отыр?
– Қазір екеуі де қатар жүріп жатыр. Бірі лингвистикалық жобаны айтса, екіншісі интернет жобасын дұрыс деп таниды. Бұрын көбінде лингвистикалық жобаны жақтаушы еді, ал қазір үш тілділік қабылданғандықтан интернет жобасын дұрыс деп танушылар да көбейген.
– Ал халыққа пайдалануға қай нұсқа ыңғайлы болмақ?
– Лингвист мамандар, тілшілер көбінде бірінші жобаны, яғни лингвистикалық нұсқаны қолдайды. Ал қоғамның басқа өкілдері, жалпы қоғам интернет жобасын таңдап отыр.
– Екі жобаның бірін таңдау кезінде неге сүйене отырып шешім шығарасыздар?
– Қазір бұл мәселеге қатысты комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар әр қалаларға барып, қоғамның пікірін тыңдап, ортақ шешім шығарып, кейіннен желтоқсан айының соңына қарай бір нұсқа таңдалады. Ал қазір біздегі бар жобаларды лингвист мамандар орфографиялық және орфоэпиялық жақтарын тексеріп, талдап жатыр. Сонан соң, халықтан сауалнама жүргіземіз. Жоғарыда атап өткен екі жобаға қатысты елдің пікірін білу – өте маңызды болып табылады. Түрлі тестілеу жүргізіліп, дайындық өте жақсы жүріп жатыр.
– Сұхбаттасқаныңызға көп-көп рахмет!
Естеріңізге сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың аяғына дейін латын әліпбиінің жобасын дайындап, нақты бір нұсқасын бекітуге тапсырма берген. Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу жұмыстарының арнайы кестесін жасауды үкіметке тапсырған. Яғни, жарты жыл көлемінде жоғарыда Зейнеп Базарбайқызы айтып өткен екі жобаның бірі бекітіліп, ең ыңғайлы деген нұсқасы таңдалуы тиіс.
Латын әліпбиіне көшу жұмыстарына ҚР Тіл білімі институты жауапты болып тағайындалған. Бұл бастама жайында институт директоры Ерден Қажыбек мырза да өзіндік пікірін білдіріп, «Біз латын әліпбиіне көшпейміз, біз латын әліпбиіне ораламыз» деп айтқан болатын. Ендеше сол бір ғасыр бұрынғы латын әліпбиіне оралар сәт жақындап қалды деуге әбден болады.
Қамшыгер: Назерке Лабихан
Пікір қалдыру