Павлодар облысының тұрғыны ЭКСПО-2017 көрмесіне велосипедпен барып келді

/uploads/thumbnail/20170818185709105_small.jpg

Качир ауданы Трофимовка ауылының тұрғыны Берік Әбдірахман «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне велосипедпен барып келді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.  

Жергілікті pavlodarnews.kz порталының мәліметіне сүйенсек, 39 жастағы ауыл тұрғыны 26-шілде күні елордаға аттанып, 8-тамызда Павлодарға оралған. Осылайша, 1013 шақырымды велосипедпен бағындырып, 13 күннің төрт тәулігі жол жүруге кеткен. Қайтар жолда ғана жұмысына үлгеру мақсатында Астанадан Павлодарға қатынайтын пойызға отырған. Ұстаздың айтуынша, сапарға шықпас бұрын 1984 жылы шыққан кеңестік «Урал» маркалы велосипедін ауыстырмақ болған. Дегенмен соңғы сәтте ұзақ жылдар бойы сыр бермеген көлігін алмастыру туралы ойдан бас тартып, арнайы навигациясы бар велокомпьютер және велосипедшінің киімін алған.

 «Көрме өтетіні жайлы естіген сәттен бастап өзіме осындай мақсат қойдым. Бұл менің велосипедпен шыққан ең ұзақ сапарым. Бұған дейін 2015 жылдан бастап Тереңкөлге, Трофимовкаға және Ақсуға барған едім. Осы сапардан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Халықарлық көрменің біздің елімізде өтіп жатқаны зор мәртебе. Жолда ақ жол тілеп, өз көмегін ұсынған жандар көп болды», - дейді ол.

Айта кетейік, Берік Әбдірахман 17 жылдан бері Трофимовка ауылының мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Сирек кездесетін жүрек ауыруына шалдыққан ұстаз бойындағы дертін жеңу үшін 10 жылдан астам уақытын жаттығуға арнап, спортпен айланысуға бет бұрған. Алдымен арнайы әдіс бойынша 800 метр қашықтықтан жүгіруді бастаса, соңғы екі жылда бұл көрсеткішті тоғыз шақырымға жеткізген. Тіпті, аптап ыстыққа қарамастан, Рамазан айында ауыз бекітіп, жаңадан салынған Орта Азиядағы ең үлкен көпір арқылы велосипедпен жүріп өткен.

Қатысты Мақалалар