
Ninety one тобының әншісі Данияр Құлымшинның ата-анасы Ақылбай Құлымшин мен Әлия Қыдырова халықтың сүйіктісіне айналған Музарт тобының мүшелері Мейрамбек Бесбаев пен Сәкен Майғазиевке ашық хат жолдады, – деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Ашық хатта ата-ана өздерінің ұлына дұрыс тәрбие бергендігін және қоғамдағы жағымсыз пікірлерге 2 жыл бойы шыдағандарын айтқан. Даниярдың ата-анасы танымал әншілерге өз ренішін Instagram әлеуметтік желісі арқылы білдіріпті.
«Бір сұхбатында Сәкен Майғазиев әдеттегісінше Ninety One тобы туралы ой толғап, "Адам танитындай, мейірлене құшақтайтындай, сүйетіндей, ата-аналары қалай жақсы көретінін мен білмеймін. Қалай оларға үйретпейтінін, менің жүрегім ауырады. Өзім үшін емес, ұрпақтарым үшін", – депті. Атап айтсақ, Сәкен бұдан бұрын да топ мүшелерінің болмысына сын айтып, біресе жақтап, біресе даттап жүрген-ді. 2 жыл үндемей келе жатқан бізге, бұл сөздер шектен шыққандық болып көрінді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, бар білгенімізді үйретіп, өсіріп жатқан балаларымызға тіл тигізіп қана қоймай, олардың ата-аналарының, яғни біздің берген тәрбиемізді жоққа шығармақ болған сөздері біздің қолымызға қалам алып, осы ашық хатты жолдауға мәжбүрлеп отыр", – дейді ренжіген ата-ана. Сонымен бірге аты шулы топты қорғаған ата-ана Мейрамбек Бесбаев пен Сәкен Майғазиевтің мақсаты қандай екенін білгісі келетінін ашық айтқан. Сонымен бірге, ата-ананың айтуы бойынша баланы сахнадағы жұлдыздар емес, үйдегі ата-ана дұрыстап тәрбиелеу керек екен.
"91 (Ninety one) тобындағы балаларымыздың "тәрбиесі" жайлы сөз қозғап, жөн көрсетуге, қала берді, бізді, ата-аналарын сөз қылуға ешкімнің хақысы жоқ. Балаларымыз өнерлеріне сүйеніп, әндерін жазып, билерін билеп, халықтың алдында қалай еркелесе де, қалай жүрсе де өз еріктері. Кезінде сіздердің әндеріңізді тыңдап, өнерлеріңізге сүйсініп, құрметтедік, мақтан еттік. Енді сіздердің біздің балаларымыздың бастамаларына қабаттасуларыңызға жол болсын? 91 тобы жаңа заманға лайықталған жанрда өнер көрсетіп, әлемдік поп музыка ырғақтарынсыз жаңа заман тынысын сезіне алмайтын өскелең ұрпақ, жас буыннан тұратын өзіндік публикасы бар топ. Біздің балаларымыз, әуелі Алланың аманатында, одан қалды өзіміздің бақылауымызда. Дүйім қазақ жастарының тәрбиесі осы бес жігіттің қолында емес. Баланы тәрбиелеу – сахнадағы бес жігіттің емес, үйдегі ата-ананың міндеті. Ал кімде-кім баласын тәрбиелей алмаса – кінә өзінен. Оны сахна жұлдыздарынан көрудің түкке қажеті жоқ. Музыкант, әнші ретінде музыкалық жанрларын, жасаған дүниелерін: сингл, альбом, пайым, бейнебаяндары жайлы сын, кем тұстарын айтсаңыздар өз еріктеріңіз. Ал, жеке басқа тиісіп, ата-аналарының берген тәрбиелеріне күмән келтіру – шектен шыққандық болып табылады. Біз ұзақ уақыт үндемей келдік. Себебі бізді ішкі мәдениетіміз салғыласып, бет жартысып жатуға жібермеді. Әлі де "қазақшылдық" танытып отырғанымызды қаперлеріңізге ұстағайсыздар! Біз бар білгенімізді бойына сіңіріп, алақанымызға салып өсірген балаларымыз жайлы айтылып жатқан ғайбат сөздерге қосылып, тіпті, берген тәрбиемізге күмән келтіріп отырғандар өзіміз есті деп санап келген Сәкен мен Мейрамбек болғаны қынжылтты», – деп хатты аяқтаған.