Қыркүйектің 3-і күні CNN Барак Обаманың Ақ үйдегі қызметінен кетіп бара жатқан кезінде жаңа президент Дональд Трампқа жазып қалдырған хатының көшірмесін жариялады. Обама Трампқа төрт кеңес айтқан.
"Құрметті Президент мырза,
Айтарлықтай сайлау науқанын өткізгеніңіз құтты болсын. Миллиондаған адам сізге үміт артты, қай партияға жататынымызға қарамастан баршамыз сіздің билік құру кезіңізде дәулетіміз артып, қауіпсіздігіміз күшейеді деп үміт қылуымыз керек.
Бұл - ерекше қызмет, табысқа жетудің нақты бір жоспары жоқ, сондықтан қандай да бір кеңесім пайдалы болар ма екен, білмедім. Сонда да соңғы сегіз жылда ойыма түйген аз-кем кеңесімді ұсынуға рұқсат етіңіз.
Біріншіден, екеуміздің де түрліше жағдайда керемет жолымыз болды. Елдің бәріне мұндай бақ бұйырмайды. [АҚШ-тағы] еңбекқор әр бала мен отбасының табысқа жетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасау - бізге қарап тұрған іс.
Екіншіден, америкалық жетекшіліктің мына әлем үшін қажеттілігі өте зор. Әрекет қыла отырып, үлгі бола жүріп, "Қырғи қабақ соғыстан" соң кеңи түскен һәм байлығымыз бен қауіпсіздігіміз үшін өзіміз де тәуелді бола түскен халықаралық тәртіп жүйесін сақтау - бізге қарап тұрған іс.
Үшіншіден, біз - бұл кеңсенің уақытша тұрғындарымыз. Бұл жайт бізді заң үстемдігі, билік бөлінісі, теңдікті қорғау мен азаматтық бостандықтар сияқты бізге дейінгілер қан төгіп қорғаған демократиялық институттар мен дәстүрлердің сақшысына айналдырып тұр. Күнделікті саясаттың ырың-жырыңына қарамастан демократиямыздың осы құралдарын өзіміз қабылдап алған күйдегідей қуатты етіп тапсырып кету де - бізге қарап тұрған іс.
Ақырғы айтарым, қызмет пен міндеттің ортасында жүрсеңіз де, достарыңыз бен отбасыңыз үшін уақыт табыңыз. Бұл жандар айналып өтуге келмейтін қиын-қыстау шақтан сізді аман алып өтеді. Мишель екеуміз сізге және Меланияға осы бір ғаламат сапарларыңыз сәтті болсын деп тілейміз, қолымыздан келгенше көмектесуге даяр жүретінімізді білгейсіздер.
Бақтарыңыз таймасын, Құдай жар болсын,
Б.О".
Ғалым Боқаштың Facebook парақшасынан
Пікір қалдыру