11 қыркүйекте Астанада Парламентте қазақ тіліне арналған жаңа латын әліппиінің нұсқасы таныстырылғаны белгілі. Көпшіліктің талқысына түскен жобаны құптағандар да, кемшілік тапқандар да табылып жатыр.
Тіліміздің шұбарланып, қазіргі таңдағы жастарың мәңгүрттеніп бара жатқандығына алаңдаушылық білдірген зиялы қауым өкілдері мен бұқара халық Елбасының бұл бастамасына қос қолдап қолдау көрсетіп отырғаны белгілі.
Қазақ тілінің әліпбиін латынға көшіру барысында неден ұтамыз деген сынды сұрақ төңірегінде Qamshy.kz ақпарат агенттігіңнің журналисі Алматы қаласы Мәслихат депутаты, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенбай Қали Қошқарұлымен сұхбаттасқан болатын.
Қали Қошқарұлы, әліпбиімізді латын қарпіне ауыстыру бізге не береді, неден ұтамыз, неден ұтыламыз?
Латын қарпі біздің тарихымызда да болған. Аталмыш өзгеріске біз іштей болсын дайын болдық. Ғылым мен білім әу бастан латын қарпімен қалыптасқан. Нақты деректерге сүйенсек, әлемнің 70 пайыз тұрғын латын әліпбиін қолданады, бір-бірімен ақпарат алмасады. Біраз уақыт бұрын Елбасы БАҚ өкілдерімен кездесу барысында осы мәселеге де тоқталып өтті. Түсінідіріп, талдап та берді. Латын қарпінің ғылыми негізі мықты және халықты адастырмайтындай болуы тиіс. Әліпбиді қайта-қайта өзгерте бермейтініміз анық. Сондықтан аталған мәселе халықтық деңгейде талқыланып, зиялы қауымның талықысынан өткені дұрыс. Халыққа ұғынықты, тиімді, қолайлы, ғылым тілінде де түсінікті нұсқасы қабылдану керек.
Парламентте ұсынылған латын қарпінің нұқасы мен Тіл білімі институты ұсынған нұсқаның қайсысы тиімді?
Аталған екі нұсқа әлі де болсын көпшіліктің талқысында жүр. Дәл қазір қай нұсқаның тиімді екенін айту қиын. Асықпай, жан-жақты талдау жасап барып шешім қабылдаған тиімді. Мемлекет басшысы өз сөзінде 2022 жылдан бастап мектептерде 1-сыныптан батсап латын әліпбиімен білім алу енгізілетіні жайлы айтып өтті. Ол уақытқа дейін халыққа тиімді нұсқасы қабылданады деп сенемін.
Парламентте ұсынылған нұсқа диграф негізіндегі әліпби екені белгілі. Осы жайында не айта аласыз?
Әліпбидің барынша ықшамдалған түрін пайдаланған дұрыс. Қолданысқа енгізілетін әліпбидегі әріптердің барлығы қазақтың өзіне тән әуезділігін сақтап тұратындай болуы керек. Қандай нұсқаны қабылдасақ та тілдің табиғи қалпы мен үні, әуезі жоғалмай, сақталғаны дұрыс. Естіген құлаққа жағымды келетін қазақ тілінің өзіне тән бояуы қай әліпбиді пайдалансақ та көрініп тұруы керек.
Латын қарпіне көшу барысында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Бүгінгі таңда әр ортада аталған мәселені талқылау басталып кетті. Арнайы комиссия аталған талқылаулардың қорытындысын шығарып отыруы керек. Түрлі ұсыныстар мен пікірлер ескерілуі қажет. Себебі, латын қарпіне көшу – келешектің кілті, біздің болашағымыз. Ал болашағымыз біздің бүгін атқаратын ісімізге байланысты болмақ.
Сұхбаттасқан: Айгерім ТАУБАЙ