Әлеуметтік желі: Қайрат өмір шындығын алғаш болып үлкен экраннан көрсетті

/uploads/thumbnail/20171016164445104_small.jpg

Қазақстандық әнші Қайрат Нұрстас пен жары Жұлдыз Әбдукәрімова басты рөлді сомдаған «Арман/Когда ангелы спят» фильмі 12 қазаннан бастап көрерменге жол тартты. Фильм режиссері Рашид Сүлейменов. Бүгінгі қоғамның ащы келбетін ашық көрсетуді ниет еткен фильм авторлары өз мақсаттарына жетті ме? Бұл сұрақтың жауабын киноны тамашалаған халықтың жарыса жазған пікірлерінен-ақ саралап қарауға болады. Фильмнің сәтті шыққанын айтып, Қайрат Нұртасқа ризашылығын білдіріп жатқандардың қатары көп. Мұны әлеуметтік желіде жазылып жатқан пікірлерден байқауға болады. Алайда сынның астына алғандар да жоқ емес.

Фильмнің тұсаукесерінде болған Баян Мақсатқызы: «Өмірдің шындығын үлкен экранда алғаш рет көріп отырмыз. Иә, рас, әйелдер қорлық көруде, ал полиция бұған көз жұма қарайды. Иә, рас, олигархтардың ұлдарына заңның қатысы жоқ, иә, рас, ақшасы мен танысы жоқ, әрі кінәсіз адамды түрмеге тоғыта салу түк емес. Мұның бәрі – ақиқат! Бірақ айтуға ешқайсымыздың дәтіміз бармай жүргенде, Қайрат айтты, Қайрат істеді. Билет сатып алып, шындыққа тура қараңыз!»

Журналист Абай Түзелбай: «Ащы да болса, шындық боямасыз баяндалыпты. Ел ішінде мұндай жағдайдың түр-түрі кездесіп жатыр ғой. Бірақ, мәселенің кинодағыдай шешілгенін естімеген сияқтымын. Қайрат сотталды, Жұлдыз кек алды. Бірақ, қалай? Менің жазған мың сөзім, сіздің көзбен көріп, көңілмен түйгеніңізге жетпес. Риза болдым, Қайрат ел мақтағандай әнші ғана емес, әжептеуір актер де екен. Ал жұбайы Жұлдыз – нағыз кәсіби маман. Бір таң қалатыным, он жыл ішінде мұндай талантын тасада қалай ұстады екен? Осыншама өнер кеудесіне қалай сыйған? Бүгіннен бастап Жұлдыз Әбдікәрімова талай режиссерден ұсыныс алары сөзсіз. Біткен іске сыншы көп. Кинода кемшілік жоқ деуге болмайды. Сондықтан, «Арман... Когда ангелы спят...» киносына көрермен ретінде 10 баллдан 9,9 деген баға беремін».

Аталмыш киноға орыс көрермендердің де баға бергенін байқадық. Наталья Слудская есімді алматылық тұрғын: «Бұл жай ғана кино емес, бұл әрекет. Бұл фильм олигархтардың өмірі жайында емес, біз жайында, біздің қоғам жайында... Билікке жалпақтау, мүмкіндік болса, мүлдем сенбеу. Бәрі өз орнымен қойылған, басқаша сезім, талантты режиссер, шынайы образдар... Ауырлығына қарамастан әзіл-ойындарды тиімді пайдаланған.

Қайрат, жарайсың, сені мақтан тұтамын, әйелің де – өте сұлу!».

Теріс пікірлер де жоқ емес. Белгілі заңгер Айгүл Орынбек фильмнің идеясы ұрланған дейді.

«Отандық өнімді қолдау үшін киноға бардық. Қаржысы көп Қайрат Нұртасқа мықты кино түсіру не тұрады деп ойлаған едім ? Бірақ өкінішке орай тағы да сол көшірме! Ең сорақысы кино қатыгездікке тұнып тұр. Онсызда телеарналарымызда əншілер қаптап, зорлық қорлықты күнде көрсетіп жатқаны аздай, енді кино түсіріп насихаттайын деді ме? Арақ шарап ішіп қызды ұрлап зорлау, наша шегу сияқты дүниені түсіріп жастарға не тəрбие бермекші болды екен? Фильмнің мағынасын түсіне алмадым!
Біреудің идеясын ұрлаған соң фильм мағынасыз болған. Қай мектеп сабақ үстінде "Астана" арнасын қосып қойып, жаңалықтар көретінін маған көрсетіңдерші? Заңды түрде шара қолданайық . Мылтықпен түнгі клуб немесе мейрамханаға кіріп бара жатқанда күзетшілер қалайша жіберіп қойды? Байдың балалары отыратын қымбат ресторанды бұл фильмде ешкім күзетпей қойған ба? Жігіттерді атамын деп стол жанына келіп, мылтықты кезенгенде неге қалған қонақтар жайбарақат билеп жүр? Жаза берсем көп! "Осы біздің қазаққа ештеңе жақпайды" - деп ренжуі мүмкін Қайраттың анасы. Бірақ кино түсірер алдында сын болатынын білді ол кісі. Гүлзира ханым сіз анасыз, онсыз да зорлық пен қорлығы көбейген заманда, жастарға мейрімділік насихаттайтын, мəн-мағынасы бар кино түсіру сіздің қолыңыздан келеді. Қолдарыңызда Жұлдыз сияқты мықты актриса қыз тұрғанда сіздер үшін бұл қиын емес деп ойлаймын. Ал мына фильмдеріңізге екі деген баға берем!», деп келтірді өз пікірін заңгер.

Айта кетейік, 2013 жылы әнші «Өкініш» атты алғашқы кино туындысын көрерменге ұсынған. Сол жылдың 11 сәуірінен бастап шыққан фильм екі күнде 34,8 миллион теңге қаржы жинаған.

Қатысты Мақалалар