Мадияр Серікбаев:Бүгінде жастар діни білімді «google шейхтардан» алып жатыр

/uploads/thumbnail/20171025190501406_small.jpg

Алматы қаласында Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Өнер қырандары» театрының тұрғындар және жастар арасында діни теріс ағымдар идеяларының таралуын болдырмауға бағытталған «Заман-ай 2» қойылымы өткен болатын. Осы қойылымнан кейін Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «Өнер қырандары» театрының жетекшісі Мадияр Серікбаевпен сұхбаттасты. 

– Өнер қырандары театрының «Тор» атты қойылымының идеясы қалай пайда болды? Қойылымның негізгі мақсаты қандай?

– «Тор» деген концерт береміз деп жүргенімізге көп уақыт болмады. Бүгін ойға алған концертті өткіздік. Дін мәселесі – тек біздің елімізде ғана бүкіл әлемде талқыланып, өзекті болып тұрған мәселе. Бұл концерт әлеуметтік желі, өз-өзін жіпсіз байлап алғандар, белгісіз және танымайтын адамдарға үнемі есеп беретіндер туралы болды. Қазіргі қоғамда өз қолын өзі байлап, өз-өзін шектеп жүргендер қаншама. Кейде адамдарға қарап таңғаласын: үйден шыға салып, күйеуі немесе ата-анасына емес, әлеуметтік желідегі танымайтын адамдарға есеп беріп, қайда барып, не істеп, не жегеніне дейін  айтып отырады.  Әлеуметтік желінің пайдасы жоқ емес, алайда пайдасынан зияны көбірек. Осы тақырыптың аясында концертті «Тор» деп атадық.  Тақырып қойғаннан кейін дайындықты бастадық. Концерт, өздеріңіз көргендей, 3 бөлімнен тұрады. Қойылым жас жігіттің басынан өткен оқиға ретінде өрбіп отырады, сол бір жігіттің өмірде көргені кезең-кезеңімен көрсетіледі. Бірінші бөлім «Ғаламтордың зардабы», екінші бөлім «Ел боламын десең экраныңды түзе», ал үшіншісі «Жат ағым немесе қол жетімді ұстаздар» деп аталады.

Қазіргі қоғамда көп жастар діни білімді сауатты имамдар мен ұстаздардан емес, «google шейхтардан», қол жетімді ұстаздардан алады. Үшінші қойылымға тоқталатын болсақ, біз аталған қойылымда жат ағымға қатты беріліп кеткен жігітті емес, жат ағымның қағидаларын енді үйреніп, біліп жүрген жігітті қалай тура жолға түсіруге болады деген мәселені көрсеткіміз келді. Көргенімізді, естігенімізді жинастырып осындай қойылым қойдық. Қазіргі жастардың көбісі қиналған кезде жат ағымға кіріп кетіп, адасып жатады. Теріс жолға түсіп санасы уланғандар іштей тура жолға түскісі келеді, алайда оларды білім берген ұстаздары үш қағидамен шектеп тастайды. Біріншісі – намаз оқымағандарды кәпір деп олармен араластырмайды, екіншісі – сенімдері дұрыс емес деп имамдардан шектейді, үшінші – мемлекеттен, мемлекеттен бөлек ата-анадан,  мемлекеттің заңын адамдардың заңы, сол себепті оларға бағынбау керек деп шектеу қойып тастайды. Осындай шектеулерден кейін адамның санасы уланып, ойында тек қана «қайтсем де жәннатқа кіремін», — деген ой тұрады. Сондықтан олар басқа елге барып, террорист атанады. Себебі олардың санасына тек осы жолға түсіп қана Жәннәтқа бара аласыңдар деп сіңіріп тастайды. Бұл жолдан қайтуға болады, біз жастарға осыны түсіндіруіміз керек. Себебі жат ағымға түскен жастар қайтар жол жоқ деп ойлайды. Біздің негізгі мақсатымыз да осы болатын. Бұл концертпен жат ағымнан тура жолға түсуге мүмкіндік бар дегенді айтқымыз келген.

Екінші қойылымның аты айтып тұр «Ел болам десең, экраныңды түзе».  Бізге ешқандай зияны тимейді деген шетел сериалдарының өзі қаншама отбасының ыдырауына себеп болып отыр. Адамның қиялымен жазылған сценарийге қызығып, әйелдер сериалдағыдай бизнес басқарғысы келетіні, бұл өмірде түк көрмей жүрген секілді сезінуінің өзі отбасыға кері әсерін тигізеді. Үнемі сериал қарап отырған ата-ананың бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуі, қазіргі ұрпақты экран тәрбиелеп жатқандығы қоғамның үлкен бір дерті, ауруы болып саналады. Осындай мәселелерді көрсету арқылы көрермендерге ой салғымыз келді. Қоғамдағы бар мәселені әзіл-қалжыңға айналдырып, сол арқылы көрерменге жақсы бір ой салу арқылы қазіргі таңда өршіп тұрған мәселелердің шешімін табуға титтей де болсын бір септігіміз тиер деп ойлаймыз.

– Қойылымның алғашқы бөлімі ғаламтор, әлеуметтік желі туралы болды. Ал сіздер әлеуметтік желілерді жиі пайдаланасыздар ма? Өнер қырандары театрының жетекшісі әлеуметтік желіге қанша уақытын жұмсайды? 

– Мен өз басым әлеуметтік желіде жоқпын. Мен қазір қарапайым SMS немесе Whatsapp әлеуметтік желісін қолданамын. Соның өзін кейде игере алмай жатамын. Ол менің білімсіздігімнен немесе әлеуметтік желіні жек көргендігімнен емес, тек қажеттілік болған кезде әлеуметтік желіні  қолданғым келеді. Жақсы хабар болса соны жарнамалай саламыз, біреуге көмек керек болған кезде көмектесу үшін қолдануға тырысамын. Алайда әлеуметтік желіге қатты мұқтаж емеспін.

– Бұл жат ағым туралы алғашқы қойылымдарыңыз емес. Бұған дейін де Заман-ай атты қойылымдарыңыз болды. Сол қойылымда да жат ағымға қарсы насихат жұмыстарын жүргіздіңіздер. Сіздердің қойылымдарыңыз арқылы тура жолға түсіп, алғыс білдіргендер немесе қандай да бір наразылық танытқандар болды ма? 

– Иә, жақсы дүние екен, жақсы идея екен деп жоғары баға бергендер де болды. Біреулер «үйге барсам ата-анам маған  осы концертті көр деп айтты. Өзім теледидар көрмейтін едім, ата-анам «қара сені көрсетіп жатыр» деп айтқан болатын. Мен көрмедім, бірақ ғаламтордан қызығып қарасам, біздер туралы концерт қойыпсыңдар. Біз ондай емеспіз», —  деп айтып жатыр. Біз «Заман-ай» концерті арқылы біреуді кемсітіп, төмендетіп жатқанымыз жоқ. Тек жастарға тура жолды насихаттағымыз келеді. Кейбіреулер дұрыс түсінбеуі мүмкін. «Дін тақырыбын алып концерт қоятындай кімсіңдер, діни білімдерің қандай», — деп те айтуы мүмкін. Алайда біз тек қана дін төңірегінде ғана айтып, тек дін саласында ой қозғап отырғанымыз жоқ, біз өмірде болып жатқан ақиқатты, қоғамда бүгінгі таңда ашықтан ашық таралып жатқан өзекті мәселелерге қатысты қойылым қойып жатырмыз. Бұл – әлемдік мәселе. Мұндай мәселеден ат тонымызды ала қашып, қазірден араласпайтын болсақ, мұның оң шешім табуы күмәнді болады. Бұл мәселе бүгін менің басымда болмаса, келешекте менің ұрпағыма кері әсерін тигізуі әбден мүмкін.  Жат ағымды халық арасында насихаттап, соған жастарды тартып жүрген адамдар болашақ шәкірттерін «сен осы сеніміңе бекем бол», — деп тәрбиелеп жатқандығы сөзсіз. Ертең сол шәкірттері ер жеткен кезде, сонда үлкен проблема болады. Сондықтан біз діни білімді болуымыз керек. Болашақ ұрпақты да дұрыс тәрбиелеуіміз керек. Біздің «Заман ай 2» деген бағдарламамызда тек жат ағым туралы ғана емес, жалпы қазіргі қоғамдық мәселе туралы қойылым қоямыз.

– Сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!

Қатысты Мақалалар