Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Еуразия еврей қауымдастығын қолдау ұлттық коалициясының төрағасы Даниэл Рубин бастаған делегацияны қабылдады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Даниэл Рубин Еуразия еврей қауымдастығын қолдау ұлттық коалициясының қызметі мен алдағы жоспары туралы баяндады. Ол этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделіне және зайырлылық қоғамды нығайту шараларына оң пікір білдірді.
Министр Нұрлан Ермекбаев өз сөзінде дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы айтып, діни радикализмге қарсы халықаралық қауымдастықтың бірлескен әрекетінің маңыздылығын атады.
Кездесуде Қазақстандағы еврейлер қауымдастығы заңды тіркеу негізінде жұмыс жүргізетіндігі және еліміздегі басқа діни бірлестіктермен қатар құқықтар мен бостандықтарға ие екендігі айтылды.
Кездесу қорытындысында тараптар діни радикализмге қарсы тұру және конфессияаралық келісімді нығайтуда халықаралық бірлескен іс-қимылдың қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келді.
Пікір қалдыру