Медициналық бет перде киген екі ұры Астанадағы микрокредит компаниясына шабуылдады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«29-шы желтоқсанда сағат 19.00-де Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан компанияға қолына пышақ және қаруға ұқсас зат ұстаған екі адам кассадан 500 мың теңге көлемінде қаржыны ұрлап әкеткен» деп хабарлады ІІД өкілі.
Аталмыш оқиға ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, сотқа дейін тергеудің бірыңғай реестірінде 192-ші бап бойынша тіркелді.
«Бейне бақылау камералары арқылы жергілікті полиция 23 және 25 жастағы тұрғынды ұстады. Оларда қару және 428 500 теңге көлемінде ақша болған» деп хабарлады ІІД өкілі.
Күдіктілер оқиға орнында ақшаның бір бөлігін құлатып алған. Оны жаяу жүргіншілер кеңсеге алып келген. Ұсталған екі адам өз кінәсін мойындады. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Пікір қалдыру